ЭКСКЛЮЗИВ: «Еріккеннен ел кезіп жүргенім жоқ…» (+ФОТО)
АТЫРАУ-АҚТАУ ЖОЛЫНДА АРБА СҮЙРЕГЕН ҚАРТТЫ КӨРСЕҢІЗ, ОНЫҢ САЯХАТШЫ СӘРСЕНБАЙ ҚОТЫРАШОВ ЕКЕНІН БІЛІҢІЗ. ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЯУ АРАЛАП КЕЛЕ ЖАТҚАН САЯХАТШЫ «ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА…?» САПАРЫН 31 НАУРЫЗДА ҰЛЫТАУДАН БАСТАҒАН. СӘРСЕНБАЙ АҚСАҚАЛ СОДАН БЕРІ ЕЛІМІЗДІҢ 15 ОБЛЫСЫНЫҢ АУМАҒЫНАН ӨТІП, 9 ҚЫРКҮЙЕК КҮНІ АТЫРАУҒА ЖЕТТІ. МҰНДА БІР КҮН ТЫНЫҒЫП, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ. 9 МЫҢ ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛДЫ ЖАРТЫ ЖЫЛДА ЖАЯУ АРАЛАП ШЫҒУДЫ МАҚСАТ ЕТКЕН МАРАФОНШЫДАН САПАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ МЕН АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ СҰРАП БІЛДІК.
– Сәрсенбай аға, сапарыңыздың 153-інші күні 7 мың шақырымды артқа тастап, Атырау қаласына табан тіредіңіз. Сапарыңыздың мақсатын айтып берсеңіз, мұндай жанкешті сапарға шығуыңызға не түрткі болды?
– Бұл сапарға шығуды осыдан 6 жыл бұрын ойластырған едім. Бірақ, бұған туған-туысқандарым, дос-жарандарым қарсылық танытты. Бағыт-бағдарсыз, мақсатсыз ештеңе бітіре алмайтынымды айтып, қауіпсіздігіме алаңдады. Биыл сапардың сәті түсіп, алдыма үлкен үш мақсат қойып шықтым.
Ұлытауды білмейтін адамдар бар. Білгенінің өзі Ұлытаудың тарихын білмейді. Халықты Ұлытаумен таныстырып, хабардар еткім келеді. Екінші мақсатым – мыңға тарта қолөнершінің тізімін түгендеп, ЮНЕСКО ұйымына өткізуді көздеймін. Үшінші мақсатым – ұмытылып кеткен ұлттық қымыз мерекесін елге насихаттап, қайта жаңғырту арқылы күнтізбеге енгізуді жоспарлап отырмын. Ағайындарым мен жора-жолдастарым осы үш мақсатымды айтқан соң қуана қабылдап, ақ жол тілеп шығарып салды.
– Ұлытау туралы не білуіміз керек, қолөнершілер түгенделе бастады ма, қымыз мерекесі бастауын қайдан алады? Осы үш мақсатыңыз туралы кеңірек айтсаңыз…
– Мәскеу қаласының өзі XIV ғасырдан бастап салынған. Ал, одан бұрын қазақ жерінде 100-ден астам қала болды. Олардың халқы кәсіппен шұғылданды. Қазақ халқы жаппай көшпенді болды деу бекершілік. Рас, кейбірі мал асырап, көшпенді өмір сүрсе, енді бірі егін егіп, бау-бақша өсіріп, қолөнермен шұғылданып, саудамен айналысқан отырықшы да болды. Көшпенділер мен отырықшылар тығыз байланыста болған. Керек-жарағын қаладан алып, малын етке өткізіп кәсіп қылған. Ұлытау өңірінің 6 мың жылға таяу тарихы сонау тас дәуірінен басталады. Тас дәуірінде де «Ұлытау» деп аталған. Таудың мұхит деңгейінен биіктігі – 1130 метр. Оған шыққанда жел көктен келеді. Біздің дәуірімізге дейінгі 3,5 мың жыл бұрын қола дәуірінде дүние жүзінде ең алғашқы металл қорытқан – Ұлытау өңірі. Мұны музейде жұмыс істеп жүріп еліміздің және шетелдік ғалымдармен бірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде қолмен ұстап, көзбен көргенмін. Біздің ата-бабаларымыздың қолдан пеш салып, оны ағаш пен тезек жағып, 2 мың градус температурамен металл қорытуы ғажап өнер ғой. Мұны бүгінде дүние жүзіндегі ғалымдар меңгеріп, тергеп-тексеру қолдарынан келмей отыр. Бұдан соң біздің ата[1]бабаларымыздың өнеріне қалайша тәнті болмасқа?! XV-XVI ғасырларда аспан әлемін тұңғыш зерттеген астроном Галилео Галилей деп жүрміз. Ал, біздің Ұлытау өңірінде біздің дәуірімізге дейінгі 2 мың жыл бұрын 100-ден астам аспан әлемін зерттейтін обсерватория болды. Оның қалдықтарын көзбен көріп, қолмен санап шыққанмын. Бұл – ғажап білім, өнер. Сол уақытта аспанды зерттеп, ғаламшар мен жұлдыздарды салыстырып, қай жерде қуаңшылық болады, қар қалың жауады, жаңбырлы болады, күн суытады деген секілді ауа райы құбылыстарын анықтап, көшпенділерге хабарлап отырған. Қазақ хандығының тарихы да Ұлытаудан басталған. Жоңғарлар шапқыншылық кезінде Жетісу мен Оңтүстік өңірлерін басып алып, 200 мың әскермен Ұлытауды бағындыруға шығыпты. Олардың алдынан үш жүздің биі 50 мың сарбазбен Бұланты өзенінің бойында қарсы алып, жеңіске жеткен. Ал, қолөнершілердің тізімін жасақтап, ЮНЕСКО ұйымына өткізу арқылы оларға сайт ашып беру – мақсат. Сол сайт арқылы дүниежүзілік көрмелерге қатысуға жол ашылады. Үшіншіден, қазақтың жойылып кеткен ұлттық мейрамы бар. Қазақтың ұлттық мейрамы Қазан төңкерісінен кейін жойылып кеткеніне 105 жыл болды. Бұл мейрам ертеден жылқыны қолға үйреткеннен бері «Қымыз мейрамы» деп тойланып келген еді. Қымыз мейрамында егінін егіп, малын төлдетіп, жайлауға көшіп қоныстанғаннан кейін, күннің ең ұзақ күні, түннің ең ұзақ түнінде тойланған. Осы ұлттық мейрамды күнтізбеге енгізіп, бекітіп алсақ үш нәтижеге қол жеткізе аламыз. Оның біріншісі – қымыз арқылы өзіміздің және ұрпағымыздың денсаулығын түзетеміз. Қымыз 100-ден астам ауруға ем. Біз шетелдің неше түрлі сусындарын сатып алып ішеміз. Құрамында түрлі бояу мен қанша химиялық заттар бар екенін білмейміз. Елімізде бұл сусындарды тұтынуға сұраныс артқан сайын олар да тасымалдай береді, ал, біздің теңгеміздің деңгейі сол арқылы төмендеп барады. Қымыз мерекесін тиісті деңгейде насихаттасақ, шетелдерден сұраныс та артар еді. Осылайша экономикамыздың әлеуеті артып, теңгеміздің деңгейі көтеріледі. Егер қымыз мерекесі күнтізбе бетіне бекітілсе, өзге түркі мемлекеттері де осы мерекені тойлауға көшеді. Өйткені, түбі бір сақ, ғұн халықтарының ұрпағы ретінде бір мезетте тойлап, достар табамыз. Бүгінге дейін менің үндеуімді қолдап Қазақстанның 10 жерінде «Қымыз фестивалі» өтті. Тіпті, Якутия елінде қымыз мейрамы өтті. Осылайша, ойым біртіндеп іске аса бастады. Сөйтіп, түркі мемлекеттері ортақ одақ болып, ауызын айға білеген алыс-жақын мемлекеттердің тісі батпас еді. Сонда ғана еліміз, ұрпағымыз бейбіт өмір сүрер еді. Осындай мақсаттарды алға қойып, 72 жасымда сапарға шығуға тәуекел еттім.
– Ұзақ жолдың қиындығы да, қызығы да көп дедіңіз. Жол бойы бастан кешкен оқиғаларды оқырмандармен бөліссеңіз?
– Мұндай сапарға тұңғыш рет шығып отырмын. Өзіңіз білесіз, «бейнетсіз рақат жоқ». Қиыншылық болады. Соған төзіп, сабырлы болу керек. Бұл адамның ең басты қасиеттері саналады. Алдымен Алланың берген қуаты болса, екінші халқымның қолдауының арқасында күннен-күнге күш алып келе жатырмын. Дарқандығы жағынан қазақ халқы алдына жан салмайды ғой. Сонымен қатар, жолда кездескен шешен, неміс, кәрістердің қарттары кім екенімді сұрап жатады. Қазақ екенімді білген соң Қазақ еліне мәңгілік берешек екендіктерін айтып, ағынан жарылып жатыр. Жол бойы «бекер шықтым-ау, зейнетақым тамағыма, қонақ үйге жете ме?» деген пендешілік ойлардың болғаны да рас. Алайда, кездескен жердің бәрінде адамдар қабағын шытпай, қонақжайлылық танытып, шаңырағына қондырып, шығарып салып жатыр. Жолшыбай кездескен жолаушылар да амандасып, жөн сұрасып, суретке түсіп, мырзалық танытып жатады. Алыс жол болған соң, қиындығы да кездесті. Арбамды басында жеңіл етіп жасағанмын. Еліміздің тасжолының барлығы бірдей тақтайдай тегіс емес. Ойлы-қырлы, шұңқыр, тастақ жерлер де кездесті. Талай рет арбам сынып, жөндеуге көмектескендер болды. Сондықтан, салмағын ауырлатуға тура келді. Оның ішінде қаптөсегім, арбаға керек азын[1]аулақ бөлшектері, құрал-саймандар, тамағым бар. Барлығы – 60 келідей салмақ. Күніне 40 шақырымды еңсеруді ойлағанмен, осындай әртүрлі себептерге байланысты кешігулер болғаны анық.
– Сіздің қолөнермен айналысатыныңызды біліп жатырмыз, қандай қолөнер түріне машықтанғансыз?
– Қолөнерді бес жастан бастап үйрендім. Ол уақытта 70-тен асқан Қожахмет деген ақсақал ұста болатын. Мені сол кісі баулыды. Мектепте оқып жүргенде, самаурынға тұрба, қаңылтырдан нан пісіруге арналған таба соқтым. Суық қару соқпаймын, одан басқасының бәрін жасаймын. Жаңаарқада 1973 жылы училищеде жұмыс істеп жүріп музей ашып ішкі экспозициясын, 1984 жылы Жаңаарқа ауданының тарихи-өлкетану музейінің экспозициясын, 2015 жылы Ұлытаудағы мемлекеттік музейдің экспозициясын жасадым. Кірпіштен пеш саламын. – Жолшыбай жүрген өңірлердің қайсысында салт-дәстүрді көбірек ұстанады екен? Көргеніңіз бен түйгеніңіз қандай? – Еліміз кезінде Ресеймен одақтас болғаннан кейін, көп салт-дәстүріміз құндылығын жойып алды. Ұлттық қолөнерімізді Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыз берік сақтаған. Ал, бізде ұлттық қолөнерге деген насихат аздау. Әсіресе, батыс, солтүстік өлкелерінде сирек кездеседі. Оңтүстік Қазақстанда аз да болса кездеседі. Біз шетелден бәрін дайын ақшаға сатып алып, қолөнерімізді ұмытып кеттік. Сапарымдағы екінші мақсатым – қолөнерді дамытсам деген арманым. Сондай-ақ, кішігірім цех ашып, халық игілігіне жаратса деймін. Үлкен күрделі өндіріс орындарын ашып, отандық өнімдерді шығаруға атсалысу керек. Англия елінде шикізат жоқ, олар Африка, Үндістан секілді елдерден әкеледі. Ұлттық валютаның құнын халық болып көтеруіміз керек. Ол үшін басымыз бірігіп, қолға алсақ бізден бай мемлекет болмайды.
– Бұған дейін көлікпен, велосипедпен елімізді аралап жүрген адамдар туралы естіп-біліп жүрміз. Сіз неліктен жаяу жүруге тәуекел еттіңіз? Тұрғындарды қызықтырған да осы ғой деймін…
– Арба сүйреп, жаяу жүрген жарнама болады. Ел алыстан таниды, көңіл бөледі. Сөзіме құлақ асады. Көлікпен мұндай нәтижелі болмайтын секілді. Мен бұл сапарыммен ешкімге міндет артуды ойламаймын. Әрине, жаяу сапар болғандықтан қиындықтар кездеседі. Десе де, «ауа райы жаман» деп ешқашан айтпауға тырысамын, өйткені табиғатта жаман ауа райы жоқ. Қолайсыз ауа райына қарамастан мені алға жетелеген күш – бірнеше жыл бойы жоспарлаған сапарымның үдесінен шықсам деген ой.
– Сіз айтып отырған қымызды немістер де меншіктеп алғанын білеміз, олардың мұны иемденуіне Жаңаарқа жерінің де әсер еткені жайлы сөздер айтылады, бұл туралы не айта аласыз?
– Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен немістерді Қарлагта, Степлагта ұстаған. Ал, Қарлагтың шекарасы Жаңаарқа ауданының біраз жерін қамтиды. Сол жерде тұтқында болған неміс сарбазы туберкулез ауруына шалдыққаннан кейін, «өзге тұтқындарға жұқтырмасын, бәрібір өледі, тіл білмеген соң жергілікті халық та онымен қарым-қатынас жасамайды» деп, оны лагерьден босатып жібереді. Содан қазақ ауылына барып күн көріп, сол жердің шаруасын істейді. Қазақтар оның туберкулез екенін біліп, «көксау ғой, қымыз беріп емдеп жіберейік» дейді де емін беріп, лагерьге қайта жібереді. Лагерьдегі дәрігерлер туберкулезден айыққанына анық көздері жетіп, лагерьге қайта қабылдаған. Отан соғысы біткен соң лагерьдегі тұтқындарды еліне қайтарған. Жаңағы неміс сарбазы еліне барған соң, 1959 жылы үш бие ұстайды. Жылқының сүтінен түрлі өнім дайындап, оны «немістің ұлттық тағамы» деп көрсетіп, бүкіл Еуропаға саудаға шығарған. Ол адам бүгінде дүниеден озған. Оның артында қалған ісін ұлы мен күйеу баласы жалғастырып келеді. Олардың биесі біздің биеміз секілді далада жайылмайды. Жем-шөбін жеп арнайы қорада тұрады. Биені күніне 3 рет автосауыншымен сауып алады. Осылай сауда жасап отыр. Ал, біз қымыз мерекесіне көшетін болсақ, шетелдіктер біздің қымыз бен немістің қымызын салыстырып көре алады.
– Әлеуметтік желілерде сіздің жол-патрульдік полиция көлігінің артына арбаңызды тіркеп, көлікпен келе жатқаныңызды видеоға түсіріп жариялады. Осыған қатысты түсініктеме беріп өтсеңіз?
– Сол күні жаңбыр жауып, тасжолдың шұқыр жеріне аяғымды тығып алып, тобығымды бұрап алдым. Аяғымды ауырсынып, жүре алмайтынымды білген соң, жолда келе жатқан полицейге алдымыздағы 6 шақырым жердегі ауылға жеткізіп тастауын өтіндім. Жігіттер «жедел жәрдем» шақырмақ болды. Алайда, оған келісім бермей өзім білетін «халық емін жасап, сапарымды жалғастыра беремін» дедім. Емханаға барсам жатқызып, рентгенге, УДЗ-ға, томографияға түсіріп, дәрі егіп, система қойып, біраз күн ұстайтыны белгілі. Қапелімде аяғымның ісігін кетіре алмайтынын білдім. Содан алдымыздағы ауылға аяңдап, қырыққабаттың екі-үш жапырағын қайнап тұрған суға малып алып, аяғыма бастым да сыртын целлофанмен орап, шүберекпен таңып тастадым. Таңертең оянсам, ісіктің ізі де жоқ. Содан әрі қарай ширап, сапарымды жалғастырып кеттім. Видеоға түсірген жігіт менің қандай жағдайда кетіп бара жатқаныма көзі жетпей, жүктей салған ғой. Анығын білсе олай айтпас па еді…
– Осы сапарыңыздан оралған соң жоспарыңыз қандай?
– Сапарымды Ақтаудан аяқтаған соң, пойызбен Нұр-Сұлтанға барып, ЮНЕСКО ұйымының өкілдігіне есеп беріп, қазақ халқының атынан Президентке хат жолдап, ұлттық мейрамымызды күнтізбе бетіне бекітіп беруін сұрап, өтініш жазамын. Одан соң, туған жеріме барып сәлем беріп, 1 қарашада жұмысыма шығамын. Бүгінде Жезқазғандағы темір-бетон зауытында ұста болып еңбек етемін. Әзірге еңбек демалысында жүрмін. Сәтін салса, келесі жылы көктемге қарай Қазақстанды насихаттау үшін әлемнің есігін жаяу ашсам деймін. Оған дейін денсаулығымды күтемін. Шетелге шығатын болған соң, жаяу[1]жалпы жүру қиын болатын шығар. Оның үстіне шет тілін білмегендіктен төрт адам болып шығуды жоспарлап отырмыз. Өзім жаяу жүріп отырғаныммен қасымдағы үшеуі көлікке мініп кезекпен серіктесіп барады. Оған дейін демеушілер іздеп, солардың көмегімен үйшікті көлік алғымыз келеді. Өйткені, төртеуімізге шетелде шығын көп шығады. Сол сапарымда кіші қажылығымды өтеу үшін Меккеге табан тіреп, сапарымды әрі қарай жалғастырамын. – Сәрсенбай аға, жолыңыз болсын, сәтті сапар тілеймін!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ