Жарнама
СарапTimeФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

ЭКСКЛЮЗИВ: АҚШ-та тұратын атыраулықпен сұхбат (+ФОТО)

ТАЛАПТАНҒАН АДАМҒА ҚАЙ ЖЕРДЕ БІЛІМ АЛЫП, ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН ДЕСЕ ДЕ ЖОЛ АШЫҚ. ӘСІРЕСЕ, ҚАРАПАЙЫМ ОТБАСЫНАН ШЫҒЫП, ӨЗ ЕҢБЕГІМЕН ШЕТЕЛ КОМПАНИЯЛАРЫН МОЙЫНДАТА БІЛГЕН ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ ҚАТАРЫ КӨП. МАҚТАН ТҰТАР СОНДАЙ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ БІРІ – АҚШ-ТЫҢ ПЕНСИЛЬВАНИЯ ШТАТЫНДАҒЫ «WORLEY» КОМПАНИЯСЫНДА БАС ИНЖЕНЕР-ЭЛЕКТРИК ҚЫЗМЕТІН АТҚАРАТЫН ГҮЛДЕРАЙЫМ ОРАЗҒАЛИЕВАМЕН ӘҢГІМЕЛЕСІП, МҰХИТТЫҢ АРҒЫ БЕТІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ТУРАЛЫ СҰРАҒАН ЕДІК.

ДЕПУТАТ ҚАБЫЛДАҒАН СТУДЕНТ

– Амансыз ба? Сізді білетіндер Гүл деп атайды екен. Азан шақырып қойған ныспыңызды білсек бола ма? Қай жердің тумасысыз?

– Шүкір, аманшылық. Алдымен «Atyraý» газетінің ұжымына ерекше алғыс білдіремін. Бұл жақта күйбең тірлікпен жүрген мен үшін елдің сәлемін жеткізіп жатқандарыңыз тосын сый болды. Менің толық есімім – Гүлдерайым. Ата-анам мен достарым еркелетіп Гүл атап кеткен. Туған жерім – Атырау облысының Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылы. Әкем Батырхан Оразғалиев, анам Талшын Әбілғазы қарапайым еңбек адамдары. Соңымнан ерген екі інім бар. Қиын да аумалы-төкпелі 1997 жылы ата-анам облыс орталығына қоныс аударды. Қаладағы А.Чехов атындағы мектептен ІХ сыныпты тәмамдадым. Кейін Атырау политехникалық колледжінің электроэнергетика бөлімшесін бітіріп, Атырау мұнай және газ институтына түстім, оқи жүріп қосымша жұмыс істедім.

– Алғашқы жұмыс орныңыз қай ұжым? Жастай жұмыс істеуге не түрткі болды?

– Алдымен ата-анама көмектескім келді. Басында жұмысты ұзақ іздедім. Қай мекемеге барсам да «тәжірибеңіз жоқ» деп шығарып салады. Бірде қалалық әкімдікте елордадан келген депутаттың қабылдауында болдым. Депутатқа барлық жерде жұмыс тәжірибесі сұралатынын айтып, оқуды жаңа бітірген жас маман ретінде жұмыс тәжірибесін қалай алуға болатынын сұрадым. Депутат мені мұқият тыңдап, түсіністікпен қарап, өзі танитын адамға жіберді. Ол кісі сұхбаттасу арқылы жұмысқа алатынын айтты. Сұхбаттасудан сәтті өтіп, жергілікті инженерлік компанияға сапаны қадағалау менеджерінің көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Менің ойымша, білмегеніңді мойындау және сұрау, іздену, керек кезде ойыңды ашық жеткізу адамның жолын ашып, биіктерге жетелейді. Ең алғашқы жалақыма торт алып, отбасыммен бөліскенім есімде.

– «Worley» компаниясына қалай келдіңіз?

– Атырау мұнай және газ институтын бітірген соң жергілікті компаниядағы жұмыстан шығып, 2011жылы «Worley» компаниясының Атыраудағы филиалына инженер-электрик болып орналастым. Атыраудағы филиал жыл сайын Атырау политехникалық институтын бітірген жастарды жұмысқа қабылдаушы еді. Тек инженер-электрик мамандығы емес, оқуды енді бітірген инженер-механик, инженер-технолог, құрылысшы-инженерлер де жұмысқа алынатын. «Worley» компаниясының Атырау филиалында кіші инженер-электриктен инженер-электрик болып қызметім өсті. Осында жұмыс істеу маған тек Қазақстан аумағы емес, әлемнің әр қиырынан келген адамдармен танысып, олармен жұмыс істеуге, бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасуға, өзге мәдениет пен көзқарасқа толерантты болуға мүмкіндік берді. Компаниядан алған тәжірибе мен мол мүмкіндіктерім үшін әрқашан ризамын.

 «ОТАНЫМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН»

– Жұмыстан тыс уақытта қандай хоббиіңіз бар?

– Жұмыстан тыс кезде медитация жасап, кітап оқумен, мамандығым бойынша жаңа нәрселерді үйренумен шұғылданғанды жақсы көремін. Жаяу серуендеп, тауға шыққанды ұнатамын. Саяхаттауды және метафизикалық қасиеттері бар асыл тастан жасалған зергерлік бұйымдарды жасаумен айналысқанды жаным сүйеді.

– Сізді Қазақстанмен отбасыңнан басқа не байланыстырады?

– Менің туған Отаныммен байланысым тығыз. Өйткені, менің ата-бабамның туып-өскен мекені, өзімнің де кіндік қаным тамған жер. Демек бұл байланыс ешқашан үзілмейтін сияқты. Өйткені, адам тұрғылықты жерін өзгерте алады, бірақ ол ешқашан туған жерін өзгерте алмайды. Мен қазақ болып туып, Қазақстанда өскенімді мақтан етемін. Мен Қазақстанды оның сұлулығы, оны мекендейтін отандастарымның ерлігі мен тектілігі үшін, тарихымыз үшін, халқымыздың жанқиярлығы мен еңбекқорлығы үшін жақсы көремін.

– Америкаға барудағы мақсатыңыз қандай, Атыраудағы филиалдан қандай айырмашылығы бар?

– Атыраудағы филиалда қазақстандық жобада жұмыс істеп жүрдім. 2017 жылы АҚШ-қа ұзақ мерзімді іссапарға жол түсті. Компанияның Хьюстондағы командасына қазақстандық жобаның электрлік бөлігін тапсырып, жұмыс көлемін түсіндіру, жоба аяқталғанша олармен жұмыс істеу қажет екен. Eкi жылдан cоң жоба да аяқталып, Отанға оралатын уақыт жеткенде «Worley» компаниясының Лос[1]Анджелес қаласындағы филиалына жұмысқа қалуға ұсыныс түсті. Қарсылық білдірмей, жұмысымды жалғастырдым. Онда мен американдық ішкі жобалармен жұмыс істей бастадым.

«WORLEY»-ДЕГІ 11 ЖЫЛ

– АҚШ-та қай мамандықта жұмыс істейсіз?

– Қазір компанияның Пенсильвания штатындағы филиалында бас инженер[1]электрикпін. Бұған дейін Калифорния штатындағы филиалда жасадым. Компанияның негізгі қызметі – энергетика, химия және ресурстарды қамтитын секторларда техникалық қызмет көрсету. Сондай-ақ, қолдау қызметтерін көрсетіп, инженерлік жобалау қызметтерін ұсынады. Соңғы 11 жылда осы компаниядағы жұмыс машығым барысында тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ, жел және күн қуаты жобаларында инженер-электрик болып жасап, компанияның Солтүстік Америка әйел-инженерлері комитетінің төрағасымын. Жақында АҚШ-та кәсіби лицензиясы бар инженер болу үшін тапсыратын емтиханнан сәтті өттім. Бұл кәсіби инженер лицензиясын алу инженердің өз кәсібінде жоғары сапа стандарттары мен жоғары этика ұстанатынына кепілдік береді. Соңғы ғасырда дүние жүзіндегі индустрияландырудың өсуі мен дүние жүзі халқы санының артуы электр қуатына сұранысты арттырып барады. Энергияны өндіру тәсілі қоршаған ортаға біраз зиянын тигізеді. Менің жұмысым климаттық өзгеру мәселелерін, таза электр энергиясын өндіру арқылы шешуге арналған жобаларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ҚЫЗ

– Білім қуып, шетелде қызмет етіп жүрген азамат ретінде елдегі жастар мен ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Мектепте математика мен физика пәндерін өте жақсы оқыдым. Сондықтан да техникалық мамандық алуды қалап, электр энергетикасы саласына оқуға түстім. Энергетик болып жасайтын әкем де бұл таңдауыма қолдау білдірді. Мамандығыма қызығушылығым арта түсіп, келешегіме дұрыс таңдау жасағаным үшін өзіме риза болдым. Осылайша, өмірлік мамандығыңды жақсы көру мен меңгерудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Меніңше, кез-келген адамның өмір жолында білім мәселесі өте маңызды роль атқарады. Өкінішке қарай Қазақстанда таныс-тамыр арқылы, жең ұшынан жалғасу жолымен білім алуды жеңіл көреді. Кейде менің таныс[1]туысқандарым өз балаларының ірі компанияда қызмет еткенін қалап, шетелге баруына көмек сұрайды. Ондайда «балаңызбен кітап дүкеніне барып, бір кітап әпердіңіз бе?» деп сұрасам мүдіріп қалады. Сондықтан, баланың білім алуына ең бірінші ата-ана көбірек көңіл бөлгені жөн. Оларды тұшымды білім беретін кітаптарды оқуға үйретуі керек. Кімде-кім өз перзентінің өзін-өзі танып, өзі қызығатын саланы таңдауына, ойындағысын жүзеге асыруына, шығармашылық ойлау қабілетін арттыруына араласса, бала жан-жақты дами түседі деп есептеймін.

– Ел ішінде жылдар бойы шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселе көп. Осындай таптаурын болған түйіндерді қалай шешу керек деп ойлайсыз?

– Мемлекеттің өркендеуіне тек қана саясаткерлер немесе әкімдер ғана емес, әрбір адам үлес қосуы тиіс. Егер біз билікті өзгерткіміз келсе, алдымен өз санамызды өзгертуіміз керек, өйткені биліктегілер де халық немесе халықтың бір өкілі. Сан ғасырлық тарихы бар Америка елінде айрықша атап өтетін дүниелер көп. Әр азамат өз мемлекетінде адалдықтың салтанат құруы үшін қажыр-қайратын жұмсауы керек. Айталық, жай ғана тәртіп бұзып, полицияға күніміз түссе, «аға, жібере қойыңызшы» деп ақша ұсынатындар бар. Сондай-ақ, медицина қызметкеріне еңбекке жарамсыздығы туралы парағы үшін де ақша қыстырып жатады. Ал, жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін қандай әрекеттерге баратыны жөнінде айтпасақ та болады. Біз басқадан адалдықты талап ете отырып, өзіміздің адалдықтан аттап жатқанымыз рас. Бәрі өзімізден басталуы керек. Менің бұл жақта жүріп түйген бір пікірім осы. Әрқайсымыз азаматтық белсенділік танытып, мемлекет ісіне қолдан келгенше атсалысайық. Тіпті табиғатқа қамқорлық көрсетіп, бір тал болса да отырғыза алсақ, өзіміздің туып өскен өлкеге жасаған жанашырлығымыз болар еді. Мүмкін қысқа мерзімде өзгеріс әкеле қоймаса да, біздің елеусіз болып көрінген әрекетіміз өзгерістерге жетелері сөзсіз. Мен үшін білім – әлем құлпын ашудың кілті, азат етуші, бостандық «төлқұжаты» іспетті. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегеніндей, елге пайдалы болу, білімнен бұрын рухани тәрбие мен туған жерге деген махаббаттан басталатындығы сөзсіз. Болашақта Атыраудағы білім алған ортама барып жастарды білімге үгіттеп, насихат жүргізсем деймін. Жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, инженерлік білім беретін оқу орындарының сабақ беру форматына өзгеріс енгізіп, үлесімді қоссам деген ниеттемін.

– Шынайы да ашық сұхбатыңызға көп рақмет! Туған еліңіз сіздей жігерлі, саналы да ойлы жастарына сенім артады.

– Рахмет! Туған жеріме дұғай сәлем айтамын.

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

img 20220812 wa0045
img 20220812 wa0046
img 20220812 wa0043

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button