Тұщықұдық ауылында 90 жастағы қария дауыс берді
Бүгін республика бойынша облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлайды.
Атырау облысы, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінде де ең маңызды саяси оқиға таңғы сағат 7.00-де басталды.
— Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес Исатай аудан әкімін сайлауға байланысты Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылдық округінің №131 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын бастады, — дейді Тұщықұдық ауылына қарасты №131 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жасұлан Алипов.
Оның айтуынша, Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты №131 сайлау учаскесінде 1372 сайлаушы тіркелген. Аудан әкіміне кандидат 3 үміткер бар. Сайлау комиссиясының 6 мүшесі де жұмысқа сақадай сай.
Сондай-ақ, бұл №131 сайлау учаскесіне 90 жастағы қария отбасымен келіп өз таңдауын жасады.
-Бұл біз үшін үлкен мереке. Себебі, аудан әкімдерін пилоттық жүйемен халықтың сайлауы арқылы анықтау, Мемлекет басшысының билік пен бұқараның арасын жақындату мақсатында қолға алынған оң шара деп білемін. Тарихта алғаш рет болып отырған саяси оқиғаға өз сайлау учаскем бойынша бірінші болып дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Халықтың өзі сайлаған әкімдері ендігі жерде ел үшін еңбек етіп, сенімді ақтайды деген үміттемін, — деді ауылдағы алғашқы сайлаушылардың бірі 90 жастағы тұщықұдықтық ардагер Шәріп Сыдихов
Айта кетейік, №130 сайлау учаскесінде 1397 сайлаушы бар. Учаске төрайымы Салтанат Калиеваның айтуынша, бұл саяси науқанды ауыл тұрғындары мереке ретінде қабылдап, тұрғындар ертемен белсенділік танытуда екен.
Сағыныш ҚАЙЫР