“Сайлауды ұйымдастыру бойынша ешқандай шағым түскен жоқ”

img 1443 Сайлау

Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау процесі ашық әрі әділ өтуі тиіс. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов бұл талап аймақтағы саяси дода өтіп жатқан екі аудандағы учаскелерде қатаң бақылауда екенін атап айтты.

–Қызылқоға және Исатайда барлығы 80-нен астам байқаушы қызмет етуде. Оның ішінде кандидаттардың сенім білдірген адамдары, саяси  партиялардың сенімді өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатысуда. Облыс бойынша барлығы 11 қоғамдық ұйым аккредиттелген, – деді А.Айманакумов.

Оның айтуынша, қазір сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша ешқандай шағым түскен жоқ. Саяси дода елдегі белгіленген заңдылықтар бойынша өтіп жатыр.

–«Сайлау учаскелерінің ғимаратынан тыс жерде дауыс алу» деген ұғым бар. Яғни, мүгедектігіне, науқастығына байланысты, қарт адамдар мен олардың күтушілеріне байланысты олар өтініш беретін болса үйлерінен барып дауыс алу жұмыстары да жүргізіледі, – деді Азамат Мақсотұлы.

Айта кету керек, пилоттық режимдегі сайлау Қазақстанда алғаш рет өткізілуде. Бюллетендерде «кандидаттардың бәріне қарсымын» деген де жолақ бар. Сайлаушылар оны да таңдай алады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз