Сайлау комиссиялары сақадай сай
Жуырда, яғни 8 желтоқсанда Атырау қаласында және Жылыой мен Қызылқоға аудандарындағы бірмандаттық аумақтық сайлау округінде сайлау өтеді. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева айтты.
Айтуынша, сайлау бюллетендеріне барлығы 9 кандидаттың аты-жөні енгізілді.
Кандидаттардың орташа жасы – 47. Саяси партиядан – 2 адам болса,7 адам өзін-өзі ұсынған. Оның сегізі ер адам да, біреуі әйел адам.
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Коституциялық заңның талаптарына сәйкес кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы 7 желтоқсанда сағат 00:00-де аяқталады. Барлығы 18 128 сайлаушы тіркелген, олардың арасында мүгедектігі бар азаматтар саны – 120. Атырау қаласы №16 бірмандаттық аумақтық сайлау округіне қарасты 5 учаске бойынша 10829 сайлаушы (№№26, 27,245, 247, 283 сайлау учаскелерінде), Жылыой ауданы №1 сайлау округіне қарасты 2 учаске бойынша 5022 сайлаушы (№93 және 94 сайлау учаскелерінде), Қызылқоға ауданы №10 сайлау округіне қарасты бір учаске бойынша 2277 сайлаушы (№155 сайлау уч.), — деген Әсия Қыстаубаева 8 желтоқсанда жұмыс жасайтын 8 сайлау учаскесінің дайындығы тексерілгенін де жеткізді.
Барлық дауыс беру үй-жайлары 1-қабатта орналасқан. Жасырын дауыс беру үшін жеткілікті мөлшерде кабиналар жасақталыпты. Білгеніміздей, әрбір сайлау учаскесінде кресло-арба пайдаланатындар үшін арнайы кабиналар, қосымша шамдар, көру бойынша мүгедектігі барлар үшін лупалар қойылды, трафарет және аудио файлда дайындалды.
Дауыс беруді бастау және аяқтау уақыты өзгертілген сайлау учаскелері жоқ.
Қазіргі таңда 4 аумақтық, 3 округтік, 8 учаскелік сайлау комиссияларының құрамы толық.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Сурет: gov.kz