Жарнама
Сайлау

Орманшылар мәселесі ескерілді

«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің үгіт-насихат жұмысы Қостанай облысында жалғасты. Үміткерлер ең алдымен Аманқарағайда орман және аңшылық шаруашылығы саласы қызметкерлерімен жүздесті.

Мұнда былтыр өрттен зардап шеккен орман алқабын қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда жұмысшылар саны аз. Орман­шылардың айтуынша, бос жұмыс орындары болғанымен, жұмыс істеуге ешкімнің ниеті жоқ. Өйткені жалақының аздығы жас мамандарды тартуға мүмкіндік бермейді.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміт­кер Екатерина Смышляева партияның сайлауалды бағдарламасында осы мәселелерге көп көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Партияның сайлауалды бағдарламасында орман шаруашылығы қызметкерлерінің жала­қысын көтеру мәселесіне мән берілген. Тағы қын­жылтатын жайт – облыста маман даярлау жұмысы тоқтады. Мемлекеттік тапсырыс өте аз. Келесі оқу жылынан бастап маман даярлау үшін гранттар бөлу мәселесін назарға аламыз», деді Е.Смышляева.

Бұдан соң штаб мүшелерінің кездесуі Қостанай ауданының ауруханасында жалғасты. Бұл – ауруханаға арналып бейімделген ғимараты жоқ жалғыз аудан. Емделушілер жалға алынған бөлмеде қабылданады.

«Біз сіздермен бұған дейін де кездесіп, осы мәселені талқылаған болатынбыз. Бүгінде аурухана салу мәселесі республикалық деңгейде шешімін тапты. Жалпы барлық шығынды қоса алғанда жоба құны шамамен 2 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру биыл басталады», деді Е.Смышляева.

Сондай-ақ жастар мәселесі Л.Толстой атын­дағы Қостанай облыстық кітапханасында да талқыланды. Кездесуге студенттер мен «Менің елім – менің тілім» жобасына қатысушылар қатысты. Кандидаттар ауыл­дағы жас маман­дардың жағдайын жақсарту үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын айтты.

Қорытынды кездесу Орталық базарда өтті. Тұрғындар жеке мәселелерімен жүгініп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button