Несие саясатына өзгеріс қажет

2022 05 24 2020 09 04 coins economy paper Сайлау

«Respublica» көшбасшыларының, сондай-ақ партиядан депутаттыққа кандидаттардың қатысуымен сайлауалды тур жалғасып жатыр. Үгіт-насихат кезеңінде партия өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі санаттағы азаматтармен кездесуді жоспарлаған. Солардың бірі – еңбек ұжымдарымен жүздесу.

Алматыда кандидаттар 100-ден астам адам­ды жұмыспен қамтып отырған «APR Construction» ЖШС құрылыс компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Қыр­мызы Жандосова, Динара Наумова, Махамбет Хасенов, мәслихат депутаттығына кандидаттар Альбина Сариева мен Арай Еркінұлы қатысты.

Партия өкілдері еңбек етіп жүрген жастарды қолдаудың маңыздылығы, кәсіпкерлерге мүмкіндік беру және еліміздегі түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселе туралы айтты. Өз сөзінде Махамбет Хасенов елдегі халықтың біршама қиын жағдайына назар аударды. Бір несиені өтеу үшін тұрғындардың екінші несиені жоғары па­йызбен алуға мәжбүр екені айтылды.

«Біз – халықтың өкілдеріміз және қарапайым жандардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан несиелік саясатты өзгерту керек деп есептейміз. Жеке тұлғаларға берілетін несиенің өтелу мерзімін кем дегенде 20 жылға дейін ұзартып, пайыздық мөлшерлемені төмендету керек», деді М.Хасенов.

Ал Динара Наумова дарынды азаматтардың көп нәрсені, оның ішінде саясатты да өзгерте алатынына тоқталды.

– Мен «Respublica» партиясының ең жас кандидаты шығармын. Біз саясатқа не үшін бара жатырмыз? Біздің әрқайсымыздың артымызда белгілі бір жетістіктер тарихы бар. Облыстағы ерекше балаларға көмектесетін тегін инклюзивті орталық ашуға мұрындық болдық. «Respublica» партиясы қолымнан не келетінін дәлелдеуге тағы бір мүмкіндік берді. Осы арқылы мен қоғамға өз үлесімді қоса аламын, қазіргі тәртіпті өзгерте аламын. Қазір жастарда барлық мүмкіндік бар. Біз соларды пайдаланып, қоғамды өзгертуіміз керек, – деді Динара Наумова өз сөзінде.

Өз кезегінде Қырмызы Жандосова кез келген мәселені ашық айта алатын арнайы алаң құруды жоспарлап отырғанын айтты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз