Cайлау: Атырауда Мәжіліс пен мәслихатқа 496 кандидат ұсынылды

1200x700 x0imlb9pey0u8l35zqbjbalhxhkewgalszcijm6b Сайлау

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2023 жылдың 18 ақпаны, сағат 18.00-де кандидаттарды тіркеу аяқталды.

Атырау облысы бойынша барлығы 496 кандидат ұсынылды, оның ішінде 462 кандидат (93,14%) тіркелді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлау бойынша №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша 20 кандидат ұсынылды:  4 кандидат (немесе 20%) 4 саяси партияның (Аманат, Ақжол, Ауыл, ЖСДП) ұсынуымен, 16 (немесе 80%) – өзін-өзі ұсынушылар.

1 кандидат заң талаптарына сәйкес келмеді (өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар). 6 кандидатқа тіркеу үшін көзделген барлық құжаттарды ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылды.

Тіркеу қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына 13 кандидат тіркелді немесе 65% (бір мандатқа 13 адамнан келеді). Оның ішінде 10 кандидат (77%) өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 3 кандидат (23%) саяси партиялармен («AMANAT», «Ауыл», ЖСДП). Тіркелген кандидаттардың 7-і (53,84%) ерлер, 6-ы (46,16%) әйелдер.

Облыс бойынша 9 мәслихатта 140 депутат сайлануы керек, оның ішінде 30-ы облыстық мәслихатқа, 25-і қалалық мәслихатқа, 85-і аудандық мәслихаттарға. Облыстық мәслихатқа 30 депутаттың 15-і (50%) партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 6 партиялық тізім тіркелді, оның ішінде 66 кандидат бар («Ақ жол» ҚДП – 10 кандидат, «AMANAT» партиясы – 30 кандидат, «Ауыл» ХДПП – 7 кандидат, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 5 кандидат, Қазақстан Халық партиясы – 9 кандидат, «Respubliсa»партиясы – 5 кандидат).

Партиялық тізімдерді тіркеуге дейін «AMANAT» және «Байтақ» партияларының ұсынулары бойынша партиялық тізімдерден бір-бір кандидаттан алынып тасталды.

Тіркелген тізімдерде әйелдер мен жастар өкілдерінің қажетті квотасын әрбір саяси партия сақтады, бұл санаттар 41%- құрады.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі 125 бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 408 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 383 кандидат (93,87%) тіркелді.

Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 15 бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 50 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 46 (92%) кандидат тіркелді.

Атырау қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша 84 кандидат ұсынылды, оның ішінде 73 кандидат (87%) тіркелді, аудандық мәслихаттар бойынша 274 кандидат ұсынылды, оның ішінде 264 кандидат (96,35%) тіркелді.

201 кандидат (52,5%) өзін – өзі ұсыну тәртібімен, 180 кандидат (47%) саяси партиялармен («AMANAT» – 124, «Ауыл» – 19, ҚКП – 19, «Ақжол» – 16, ЖСДП – 2), 2 кандидат (0,5%) қоғамдық бірлестіктермен ұсынылды.

Орташа алғанда, бір мандатқа 3 адамнан келеді.

Ұсынылған 408 кандидаттың 13-і жеке өтініштері негізінде тіркелгенге дейін тіркеуден алынып тасталды, 12 кандидатқа барлық құжаттарды ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылды.

Тіркелген кандидаттардың 300-і (78,3%) ерлер, 83-і (21,7%) әйелдер.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер БАҚ-та жарияланды және сайлау комиссияларының atyrau.gov.kz интернет ресурсында орналастырылды

Барлық іс-шаралар сайлау туралы Конституциялық заңға және Күнтізбелік жоспарға сәйкес өтуде.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз