Басым бағыттар баяндалды
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұрайнаш Камалова «КазТрансОйл» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында кандидат партия бағдарламасының негізгі тармақтары жайында сөз қозғады. Ол өз сөзінде сайлауалды бағдарламаның негізгі бағдары адам екендігін мәлімдеді. Үміткер атап өткендей, мемлекетпен жасақталған әлеуметтік лифттерден бүгінгі күні пайда жоқ. Сол себепті әлеуметтік қолдау жүйесін құру маңызды.
Үміткердің пайымдауынша, әлеуметтік саясат адамдардың неғұрлым дәулетті санаттарға көтерілуіне, кей жағдайларда кедейлікке ұшырамауына жағдай жасауы керек. Сонымен қатар кандидат еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне де тоқталды. Бұл салада өндірістік жарақат пен жазатайым оқиғалардың деңгейі өте жоғары. Оған себеп – жұмыс берушілердің жұмысшылар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуға қаражат бөлгісі келмейтіндігі. Бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасында жан-жақты қамтылған. Оны шешу жолдары да әзір.
Үміткер жағдайды өзгерту үшін бизнес олигархаттың не мемлекеттің қудалауы мен қысымынан қорықпай, адал жұмыс істеп, салық төлей алатындай қоғамды, бизнесті және мемлекетті тепе-теңдік күйіне қайтару қажет екенін айтты. Бұл кезде ірі компаниялар өздерінің байлығы мен мөлшері үшін жауап беріп, мемлекет болса, өз азаматтарына есеп беретін болады.
Кандидат партияның сайлауалды бағдарламасында жаңа Еңбек кодексін қабылдау туралы тармақ бар екенін атап өтті: аталған құжатта еңбек шарттарын жасасу кезінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің толық теңдігі қамтамасыз етілетін қағидат бар.
«Ел халқының өмір сапасын жақсарту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Әлем бойынша статистикалық деректерде жағдайымыз мәз емес. Өмір сапасын арттыруға бірнеше фактор әсер етеді. Жұмыссыздық мәселесімен қатар, жемқорлыққа қатысты мәселелерді түбегейлі шешпейінше, мемлекеттік басқару жүйесін қалыпты жүзеге асыру мүмкін емес. Жемқорлықпен күресті күшейту керек», деді кандидат.