
Ауыл болашағын айқындайтын күн
Бүгін Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау науқаны өз жұмысын бастады.
Таңғы сағат 07:00-де мемлекеттік Гимнің орындалуымен ашылған маңызды саяси науқан Қара Арна ауылдық округінің орталығы – Шоқпартоғай ауылында орналасқан №107 учаскелік сайлау бөлімшесінде өтуде. Сайлау учаскесі Т.Дешенов көшесіндегі №3 жалпы орта мектеп ғимаратында орналасқан.
Сайлау учаскесінің төрағасы Аманқос Талбаев таң сібірлеп атпай жатып келіп, дауыс беруге ниет білдірген ауыл тұрғындарын қарсы алып, науқан барысы мен дауыс беру тәртібі жөнінде түсіндірме берді. Оның айтуынша, сайлау уақыты дәл басталысымен алғашқы 10-ға жуық азамат өз таңдауын жасап үлгерген.
Солардың қатарында ауыл тұрғыны Нұрлан Махамбетов те бар. Ол әрбір сайлау – ел ертеңіне әсер ететін маңызды сәт екенін ескеріп, жұмысқа асығып бара жатса да, өз таңдауын жасап үлгергенін айтады.
– Ауылымызда қандай да бір сайлау өтсе, қалмауға тырысамын. Үйде сырқат анам бар. Өз аяғымен жүре алса, ол да дауыс беруден қалмас еді. Өз таңдауымды жасауды азаматтық борышым деп білемін, — дейді ол.
Айта кетейік, бұл жолғы сайлауда Қара Арна ауылдық округі әкімдігіне 3 үміткер бақ сынауда.
Еркеназ ҚАЛИЖАН