Жарнама
Сайлау

Ауыл әкімдерін сайлау: “Халық өз таңдауын жасайды”

Облыста 10 желтоқсанда бірқатар ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл жолғы науқан – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі саяси реформаларына сәйкес, өкілеттігі аяқталатын әкімдерге қатысты. Аймақтағы сайлау додасы Құрманғазы ауданының Бөкейхан, Нұржау, Азғыр, Кудряшов ауылдық округтері мен Жылыойдың Қосшағыл ауылдық округінде ұйымдастырылады.

Осыған байланысты өңірдің дамуына қырағылық танытатын тұрғындардың да пікірін білудің сәті түскен еді.

a50de119 bfc8 415e aa41 15a6a9f4263b

Ертеңгі күнге үміт артады

Жаңадан сайланатын ауыл әкіміне халықтың көп үміт артатыны белгілі. Әсіресе, өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, өмірін бағдарлай алуы үшін жергілікті атқарушы органдарға артылар жүктің салмағы ауыр.

Елде екі жыл бұрын жүзеге асқан саяси реформаның бірі ­– ауыл әкімдерін сайлау еді. Расында да, бұл – маңызы зор саяси науқан. Оған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайтын. Енді ауыл тұрғындары өздері сенім артқан кандидатқа дауысын беріп, таңдау жасайды. Осы арқылы сайланған әкімнің және оны таңдаған сайлаушылардың жауапкершілігін арттырады. Өйткені ауыл әкімінің деңгейі – жергілікті өзін-өзі басқару деңгейімен тікелей байланысты. Бұл қадам азаматтардың өз өмірін жақсартуға тікелей қатысуы үшін жасалып отыр. Тұрғындар қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалай алады. Қайда бағыттауға болатынын өзара шешіп, тиімді жұмсалуын бақылауда ұстайды. Елді одан әрі демократияландыру жолында бұл өте маңызды саяси қадам деп ойлаймын.

Гүлмайда НАУШАБАЕВА,

зейнеткер

Құрманғазы ауданы

103ce499 46d3 45ba b368 421b03d104d8

Жүрдім-бардым қарауға болмайды

Ауыл әкімдерін сайлау өте маңызды. Менің ойымша, сайлауға түсетін кандидаттардың сол ауылдық округтің тұрғыны болғаны дұрыс. Өйткені, жергілікті азамат ауылдың қыр-сырын, жай-күйін басқалардан гөрі өзі көбірек біледі. Жалпы осы сайлау жүйесін қолдаймын. Қосшағыл халқы өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға жұмыстанатын басшысын сайлайды деген үміттемін. Ауылішілік жолдардың жағдайы, жұмыссыздық, төрт түлік мал үшін қажетті су мен жайылымдық жер мәселелерін жаңа әкім күн тәртібінен түсірмеуі қажет.

Дамыған елдерде дем­о­кра­тия­­ның басты қағидаларының бірі – басшыларды сайлау жүйесі ертеден қалып­тас­қан. Біздегі әкім­дерді сайлаудың ерекшелігіне келсек, жер­гілікті билік басшылары жоғарыға алаң­дау­шылықтан арылып, халық алдындағы жауап­кер­шікті терең сезініп, қызметтерін еркін атқаруға мүмкіндік алар еді. Бір сөзбен айтқанда, ертеден ата-бабамыз болыс, аға сұлтан таң­д­а­ған­да бас иген сайлаудың маңызына бүгін де ешкім күмән келтірмесе керек.

Сондықтан ауыл әкімдігіне үміткерлер жоғары білімді, кәсіби ма­­ман­­дығы сайланғалы жатқан өңір дамуына сай келе­­тін, тәжірибелі болуы керек. Қалай десек те бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Сең орнынан қозғалды, яғни бұл маңызды шараға қоғам болып қолдау көрсетуіміз қажет.

Нұрлан ТІЛЕУОВ,

білім беру саласының қызметкері

Жылыой ауданы

62d22e69 2ab5 45aa afaa 9b20161ccbf6

Жаңашылдықтың жарқын көрінісі

Желтоқсанның 10-ында қосшағылдықтар үшін аса маңызды саяси шешім жүзеге асқалы отыр. Бұрын ауыл әкімдері аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруімен анықталса, соңғы жылдары сәтті жүзеге асып келе жатқан бұл үдеріс бұқараның көңілінен шығып келеді. Тіпті, елде бірнеше ауылдың әкімі сайланып, халықтың талайдан бергі ойының іске асқанына куә болдық. Ауылда өткелі отырған сайлау науқаны – сол бір жаңашылдықтың жарқын көрінісі.

Әлбетте, ауылда қордаланған түйінді мәселелер жетіп артылады. Енді сайланатын әкім бұл жұмыстарды тезірек қолға алып, нәтижелі жұмыс істеуі қажет.

Көпшілік болған соң басымыз қо­сыла қалған ортада осы сайлау жайлы және  түсіп жатқан үміткерлер туралы көбірек әңгіме қозғаймыз. Дербес ойлап, көркем толғайтын за­ман­дастар­дың үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын кеңінен тал­қы­лап, қызу пікір­таласқа айнал­дырып жүрге­ні­ де жасырын емес. Біздің сайлаушы ретіндегі ең жоғары құндылығымыз – құқығымызды самарқау, марғау, немқұрайдылыққа құрбан еткенді қою қажет. Алдағы сайлауда кім жеңіске жетіп, шынайы сенімге ие болатынын уақыт көрсете жа­тар. Ең бастысы – алда бола­тын сайлау ертеңімізді таң­дау екеніне ерекше мән берген жөн.

Қорыта айтқанда, Консти­ту­цияға сүйеніп, сын са­ғатта сайлауға түскен үміткер­лердің барлығына құрметпен қарай білу де талап етіледі. Жерлестерімді сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, саналы түрде дауыс беруге шақырамын.

Жеңіс МАХАМБЕТОВ,

ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жылыой ауданы

img 2925

Уәде орындалуы тиіс

Осы сайлау науқанынан жолы болған әкімдер халыққа қызмет етіп, олардың жағдайын жақсартуға ұмтылуы қажет. Ауылдардағы су мәселесі, ауылішілік тасжолдардың жағдайы, жыпылықтап тұратын жарықтың жайы ауыл әкімдерін алаңдатуы тиіс.

Алдағы уақытта әкімдердің нәтижелі жұмыс істегенін күтеміз. Кейбір ауылдарда су жүргізілгенімен оның сапасына халықтың наразылығы көп. Осы тәріздес проблемаларды жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан, ауыл әкімдігінен үміткерлер алда зор жауапкершілік барын түсініп, осындай олқылықтарды дұрыстауға күш салса екен деймін.

Бұған дейін ау­дан әкімі мен мәслихаттың таңдауымен тағайын­далып келген ауыл әкімдері бір-екі жыл отырады да, басқа қыз­метке ауысып кететін. Ал, не тындырып, қан­дай жоспарды жүзеге асырып үлгергеніне ешкім сұрау салып жатпайды. Сондықтан ауыл әкімі белгіленген мер­зім ішінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, халыққа бер­ген уәдесін орындап кетуі ке­рек. Жасыратыны жоқ, кейбір жағдайда ауыл әкімдерінде мұндай мүм­кін­дік болмағаны да рас. Ендігі жерде тұрғындардың да белсенді әрекет ететін кезеңі басталды. Енді сол ауылдың мүддесін қорғай­тын өздері жақсы білетін, халық­пен тіл табыса алатын, ауыл­дың кем-кетігін бүтіндеп, көркей­туді қай жағынан бастау керек еке­нін білетін іскер азамат, білік­ті бас­­шыны таңдап, сайлай ала­ды. Халық сайлағаннан кейін әкім­ өз сайлау­шыларының алдын­да­ғы жауап­кершілікті сезінеді деп есептеймін.

Ардақ ЖҰМАБАЕВА,

нан-тағам комбинатының қызметкері

Құрманғазы ауданы

Пікірлерді жазып алған Алмас Қабдолов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button