
Ардагер журналист өз таңдауын жасады
«Жердің иесі — халық» деген ұғым қазақ санасына әбден сіңген. Сондықтан әрбір дауыс – жай ғана белгі емес, ел ертеңіне деген сенімнің, жүректің қалауының көрінісі. Бүгінде Жылыой ауданындағы Қара Арна ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауы осы сөздің шынайы айғағындай.
Таңғы самалмен бірге сайлау учаскесіне ағыла бастаған халықтың қарасы әлі де үзілер емес. Бірі немересін жетектеп келсе, бірі жарының қолынан ұстап келген.
Сайлау науқанына аудан айнасына айналған «Кең Жылой» газетінің байырғы штаттан тыс тілшісі, ел арасында қаламы жүйрік ақын ретінде кеңінен танылған Дүйсенбай Бөкенов те белсене қатысты. Өңірдің тыныс-тіршілігін талай жылдан бері халықпен бөлісіп жүрген қаламгер бұл жолы сайлаушы ретінде өз таңдауын жасап, азаматтық жауапкершілігін көрсетті.
— Халықтың үні мен сенімі – ең басты құндылық. Сол сенімді ақтай алатын басшыны таңдау – әр азаматтың парызы, — деді ол дауыс беріп шыққаннан кейін.
Күн еңкейгенге дейін әлі де талай сайлаушы өз таңдауын жасап, ауылдың ертеңіне деген үмітін білдіретіні анық. Бұл – ауыл халқының бірлігі мен елжандылығының айқын көрінісі.
Еркеназ ҚАЛИЖАН