ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫ КӨК ШАЛҒЫН…

Руханият

«АҚТОҒАЙ»
ДЕГЕН АУЫЛ БАР

Аудан орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан «Ақтоғай» селолық округіне үш елді мекен қарайды. Кеңөріс, Балаораз, Атамбаев ауылдарының орталығы атанған бұл елді мекенді жалпы саны 1183 тұрғын мекендейді. Үлкен жолдың бойында орналасқан шағын ғана ауылға кірме жолдың біраз жылдан бері жөндеу көрмей тұрғаны көзге бірден-ақ шалынды. Ауылдың кіреберісіндегі құрылысы қарқын алған нысанды көріп, сұрастырғанымызда жаңа мектеп салынып жатқандығына қанықтық. «КТК К» компаниясының демеушілігімен бой көтеріп жатқан заманауи білім ордасының пайдалануға берілер күні де таяп қалыпты. «Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелердің бірі болатын. Енді, міне, балаларымыз таяу күндерде жаңа мектепте білім алмақ. Тіпті, күн санап күтіп жүр» деген ата-аналар да қуаныштарын жеткізуге асықты.
Ал, ауылдың шетіне таман орналасқан жаңа білім ордасының маңында жүрген балаларды сөзге тартқанымызда, олар да қуанып жүргендерін жасырып қала алмады.
Жаңаның аты қашанда жаңа емес пе? Десек те, ауыл адамдарының «бас ауруына айналып», талай жылдардан бері «жыры таусылмай» келе жатқан ескі мектептің жайымен танысуға асықтық. Бір қатарлы, әбден тозығы жеткен мектеп табалдырығына жете бере, білім ұясының басшысына жолықтық.
«Енді санаулы уақыттардан соң, соңғы технологияларға сай толық жабдықталған ғимаратқа қоныс аудармақпыз» деген директор Бибінұр Тасқалиевадан ескі мектепте соны құрылғыдан тек қана бір лингафон сыныбының жұмыс жасап тұрғандығын білдік.
Алайда, арнайы спорттық шаралар өткізуге лайықталған алаңы да жоқ ескі мектепте облыс басшысының тапсырмасына сай, ыссы тағаммен оқушыларды қамту ісі өз мәнінде жүргізіліп жатыр. Бұл орайда аз қамтылған және төменгі сыныптардың 74 оқушысына тағам беріліп келеді.
Мектептің білім көрсеткіші орташа деңгейде екендігін естіген соң, «жаңа мектепте жақсы жетістіктерге жететін боламыз» дегеніне сенім артып, қош айтыстық.

ҚЫРДЫҢ БАЛАСЫ
АҒЫЛШЫНША
СӨЙЛЕСЕ…

Жалпы, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік мәселенің мәнісі зор екені сөзсіз. Сондықтан, келесі кезекте балабақшаның тыныс-тіршілігімен таныстық.
«Жас дәурен» бақшасында 70 бүлдіршін тәрбиеленеді. Мекеменің меңгерушісі Сара Жаманғараеваның сөзіне сүйенсек, «Балапан», «Айгөлек», «Құлыншақ» топтарында тәрбиеленетін бөбектердің ортаңғы тобына ағылшын тілінен дәріс беру ісі де жолға қойылған.
Таңертеңгілік тамақтарын ішіп, жаттығудан шыққан балалар есік алдындағы алаңқайда алаңсыз ойнауда. Танымайтын адамдардың қақпаға енгенін байқап қалған бөбектер бір кісідей амандасып, кетерде қимастықпен қоштасып қалды. Тіпті, пысықтаулары қолымыздағы фотоаппаратты көріп, «фото апай, бізді тағы да түсіріңізші» деп қақпа сыртына дейін қуалап келді.

КҮЙІ КЕТКЕН КЛУБ

Екі қабатты балабақшаның бір бұрышы клуб екен. Сыртқы түріне қарап, мәдениет ордасы деп айтуға ауыз бармайтын ғимараттың іші де оңып тұрған жоқ.
Десек те, «мекеме қызметкерлерінің тиянақты жұмысының арқасында өткізілуі тиіс шаралар жоспарға сай жүзеге асуда» деген мәдениет үйінің меңгерушісі Қаламқас Темірғалиеваның сөзінің дәлелі ретінде 150 орындық клубтың іші таяуда ғана өткен «Отбасы күніне» лайықты безендірілген. Ал, ауыл кітапханасы да осы клубтың қуықтай бір бөлмесіне орналасқан екен.
Аталған жайттың оңды шешімін табуы жолында атқарылып жат-қан жұмыстар жайлы селолық округ әкімі Орынша Қайрекешовадан сұрағанымызда, жоспарда бар, жобалық сметалық құжаттарының жасалуда екендігін білдік.
«Аталмыш ауыл өнер десе, ішкен асын жерге қояды» деген ауыл тұрғыны Мағия Қадимова әжей – аты облысқа танымал болған «Ару Ана» әжелер ансамблінің белді мүшесі. «2001 жылы қайтадан құрылып, есігін айқара ашқан мәдениет үйі ауыл арасынан өнерлі адамдарды іздеу жұмыстарын бастады. Сол кезде идея туындап, әжелердің басын қостық. Алғашында, ансамбльде азғантай адам болатын. Уақыт өте келе, тобымыздың мүшелері толығып, репертуарымыз да молайды» деген әжейдің сөзін өзге де топ мүшелері бірауыздан қолдай жөнелді.
Өз қолдарымен сахналық киім тігетін әжелердің шығармашылық бағыттары туралы сұрап едік, ауылдың алты ауызынан бастап, шырқай жөнелгенде шынайы өнерлеріне тәнті болдық.
Таяуда көршілес Ақтөбе облысынан кимешек сынды бас киім тіктіріп келгендіктерін айтқан өнерпаздардың киімдері де көз сүріндіреді.

«АҚБҰЛАҚҚА»
АЛАҢДАП ОТЫР

Ауыл тұрғындарының айтарына құлақ асып, шешілмеген мәселелері туралы сұрағанымызда ауыз суына алаңдаулы екендігін білдік. Шағын ауылда есік алдына егін салу үшін жазғы құбыр тартылған. Ал, ішетін суды құдыққа құйғызып отырғандарын айтады. «Бұл бағыттағы жұмыстардың былтыр басталғанына қарамастан, биыл тағы тоқтап қалды. Таза ауыз су мәселесінің түбегейлі шешім табарына күдікпен қарайтын болдық. Жалпы, суды тасып ішуге әуелгі бастан үйрендік қой. Десек те, жастарымыздың көбі жұмыс бабы, тұрмыстың қамымен қалаға қоныс аударып кеткен. Азын-аулақ малын жайғап, атақоныста отырған үлкен кісілер үшін, әсіресе, қыста қиыншылықтар туындайды» дейді ауыл адамдары.
Төрт түлікті түгел өргізген шаруа адамдары ауылдарда жеке үйлердің малдарын бағатын адамдардың аздығы туралы да мәселені сөз қылды. «Қазір жастар көбіне техникалық мамандықты таңдайды емес пе? Бұрынғыдай мұғалім, дәрігер болам дегендер некен-саяқ. Әлгіндей мамандықты меңгеріп, күректей дипломды қолға алғанда қаладан жұмыс болмаса, ауылдан оларға нәпақа табуы қиындап кетері сөзсіз. Сондықтан, жастардың бәрі қалаға кеткенде мал бағуға адам таба алмай қиналатынымыз рас. Бақташы ұстауға жағдайымыз жете бермейді» деген үлкендердің сөзінің жаны бар-ау деген ойға қалдық.

КӘСІПКЕРДЕН
КӨМЕК КӨП

Ауылдағы таяуда ғана жөндеуден өткен емхананың медбикесі Бол-ған Айғазинаның айтуынша, ауыл адамдарының жиі шалдығатын сырқаттары қан қысымының жоғары не төмен болуы салдарынан туындап отыр. «Тұрғындар үшін медициналық тексеру, аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жолға қойылған. Арнайы дәріхана болмаса да, аудан орталығына жақын болуымыз себепті бұған қатысты сұрақтар әзірге туындап отырған жоқ. Науқасқа жедел жәрдем қажет болған жағдайда да аудан орталығына апаратын арнайы көлігіміз бар» деген дәрігердің сөзі көңілімізге қуаныш ұялатты. Ал, қажетті жабдықтармен толық жабдықталған емхананың ішкі-сыртқы келбеті де бұл қуанышты еселей түскендей болды.
Ауыл тұрғындары үшін қызмет көрсететін екі дүкендегі азық-түлік бағалары да қолжетімді. Ал, ауыл әкімінің айтуынша, бұл дүкеннің біреуінде қайырымдылық шараларына орай, аз қамтылған жанұяларға арзан өнімдер ұсыну жұмыстары жүргізіліп тұрады. «Айта кету керек, бұл орайда ауыл кәсіпкерлерінің тигізер көмегі зор болып отыр. Жұмыссыздарды маусымдық жұмыстарға, яғни егін шаруашылығы саласына тарту арқылы оларға айлық жалақы төлеп, сонымен қоса бақша дақылдарын да беріп келеді. Бұның өзі тұрғындар үшін үлкен көмек екені сөзсіз» дейді ол.
Айта кетелік, «Ақтоғайда» 63 шаруа қожалығы тіркелген. Осының ішінде шаруасын дөңгелентіп отырғандар саны – 36. Алты жеке кәсіпкер өз алдына еңбек етіп, аймақтың экономикалық көрсеткішінің өрістеуіне, тұрғындардың қолжетімді бағадағы егін өнімдерімен қамтамасыз етілуіне жағдай жасап отыр.
Иә, ақ Жайықтың бойындағы Ақтоғай ауылында еселенген еңбек, мәнді де сәнді тұрмыстың куәсі болдық. Сондай-ақ, ауылдың өзекті мәселелері де баршылық екен. Әжелердің бірінің «жағдайымыз, шүкір, жаман емес. Тірлігіміз келісті болмаса, біз сахна жағалап, ән салмас та едік-ау…» деген сөзі ойымызға орала берді.
Қашанда тәубасынан таймаған қазақы келбетіміз де осы біздің…

Экспедицияға қатынасқандар:
Гүлжан ӘМІРОВА, Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген Нұржан ҚҰСАЙЫНОВ.
Махамбет ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған