«ЖАЙНАЙ БЕР, АТЫРАУЫМ!»

Осындай атаумен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас өрен» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжі алаңында ашық аспан астында сурет байқауы өткізілді.

Күннен-күнге гүлденіп келетін Атырау қаласының көрікті жерлерін, әдемі ғимараттары мен зәулім үйлерін бейнелеген мектеп оқушыларының шығармалары бір-бірінен кем түскен жоқ. Байқау шарты бойынша аталған қоғамдық бірлестік мүшесі, сурет пәнінің мұғалімі Қайрат Қиматов әуесқой суретшілердің аяқ алысын, сурет салу шеберліктерін бағалады.
Жалпы, байқауға қатысқан қырық оқушы жарты сағат ішінде мольберт, бояу, қылқаламмен гүлденген мұнайлы астананы өз қиялдарымен бейнелеп шықты. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының суретшісі Лаура Тілекбай шараға қатысып, қатысушылар мен көрермендер арасында бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныбын өткізді.
Байқау қорытындысында, І дәрежелі дипломға №32 орта мектебінің оқушысы Ақкүміс Қаржаубаева ие болды. ІІ дәрежелі дипломды №21 орта мектептің оқушысы Әлима Қайырова иеленсе, ІІІ дәрежелі диплом мектептен тыс жұмыс орталығынан қатысқан Аида Бисенбаеваға бұйырды. Қатысушылардың барлығы сертификаттармен марапатталды.
«Жас өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырғали Азиловтың айтуынша, алдағы уақытта осындай байқау қолөнер бұйымдарын жасайтын жас шеберлер арасында да өткізілмек.

Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз