ҚҰРЫШТАЙ ҚҰРАШ ЕДІ…

Жан алып, жан беріскен, миллиондаған адам шығыны болған Ұлы Отан соғысына Нарын  құмының  тумасы  Құраш Жонабаев та қатысты. Гурьев облысы, Новобогат  ауданы,  Мыңтөбе  ауылдық  советінде 1918 жылы  дүниеге  келген ол  бастауыш  мектепті  ғана  бітіріп,  колхозда  түрлі  жұмыстар атқарады.

Сұм соғыс басталған соң Чкалов (қазіргі Орынбор) жерінде арнайы оқу-жаттығудан өткен оны  92-ші  запастағы  атқыштар  полкінің  қатарына алады. Көздеп ату, мергендікті шебер меңгерген ол майдан даласында «снайпер-атқыш» болып, кескілескен  шайқастың қақ ортасына түседі. Украина  майданы төртінші танк  армиясының  17-ші  гвардиялық  механикаландырған  корпусының  екінші, үшінші мотоатқыштар  батальондарында болып,  ұрысқа қатысады.

Брянск майданында, Калинец-Подольск  қаласын  азат  ету, Польша, Германия  территориясындағы  кескілескен қанды шайқастардың ортасында да осы қазақ баласы Құраш болды.

Майдан даласында бір рет  ауыр, екі рет  жеңіл  жарақат алса да осалдық танытпаған  Құраш  Жонабаев қайтадан ұрыс  алаңына  оралады. Отаны үшін кеудесін отқа тосатын жанқиярлық ерлігі ескеріліп,  1943  жылы  Кеңестер  Одағы  Коммунистік  партиясының  қатарына  қабылданады. Майдан даласында  ажалмен қанша рет бетпе-бет  келсе де, «от  ішінде  мақтаны  сақтайды»  дегендей,  аман  қалып,  соғыс  біткен соң  Германия  жерінде  біраз жыл қызмет етіп, елге оралады.

Ұлы  Отан  соғысында  көрсеткен  ерлігі  үшін  1942  жылы  «Ерлігі  үшін»  медалімен,  1944 жылы «Қызыл Жұлдыз»  орденімен,  1945 жылы екінші  «Қызыл  Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталады. Төсіндегі құрмет белгілерін одан кейін 1946  жылы  «Праганы  азат  еткені  үшін»,  «Германияны  жеңгені  үшін», 1947 жылы  «Москва  қаласын  қорғағаны  үшін»,  «Берлинді  алғаны  үшін»  медальдары толықтырады. 

Ұлы  Отан  соғысының  70 жылдық  мерейтойына  орай  Атырау  орталық  мұрағатына бас сұққанымызда, гвардиялық  қызыл әскер  Жонабаев  Құраштың  майданда  көрсеткен  ерліктері  жайында  Ресей Қорғаныс  министрлігі   орталық  мұрағатынан көптеген деректерге қол жеткіздік. 250-мотоатқыштар  полкі  1-ші  атқыштар  батальоны  снайпері Жонабаев  Құраш  1942 жылдың 26  қазанынан  7 қарашасына  дейін  Попова  деревнясы  және  Родниковая  тоғайы  үшін  болған  шайқаста  39 жау  әскерінің көзін жойғандығын, Романова  деревнясы  маңында үш неміс снайперімен  жекпе-жекке  шығып,  үшеуін жайратып, «Ерлігі үшін» медалімен  марапатталғаны туралы мәліметтерге қол жеткіздік. 

Қызыл  тулы  механикаландырылған  корпустың бірінші атқыштар  ротасының  гвардиялық  жауынгері  Құраш Жонабаев  Каменец-Подольск  қаласын  азат  етуі  үшін  болған  шабуылда да алдыңғы  қатарда  болып,  жаудың  ату нүктесін гранатамен  жарып  жібереді. Және мұнымен ғана тыншымай, қолына  түскен пулеметпен  18  неміс  әскерін  атып  өлтірген.  Осы  шабуылда  көрсеткен   ерлігі  үшін  Құраш «Қызыл  Жұлдыз»  орденімен  наградталады.

Майдан даласында Құраш өзінің нағыз мерген екеніне көптің көзін жеткізеді. Стопоркув (Польша)  маңындағы  жау  шабуылын  тойтару  кезінде тосқауылда отырып  снайперлік  винтовкамен қатарынан 10  неміс  әскерінің  көзін жояды.  Взвод  қарсы  шабуылға  шыққанда  жаралы  болса да,   ұрыс  даласын  тастамай,   алға  ұмтылып,  жаудың  жеті әскері мен офицерін  атып түсіреді. 

Майдан даласынан оралған  соң Новобогат  ауданы,  Жамбыл  колхозында  ферма  меңгерушісі,  колхоздар  ірілендіріліп,  совхоз  құрылғанда  Новобогат  ауданы,  Чапаев  совхозында  ірі  қара  фермасында  жылқышы  болып  еңбек  етті.

Ел басына күн туған сәтте ерен ерлік көрсеткен Құраш Жонабаев бүгінде арамызда болмаса да, ағамыздың көзіндей болған ұрпақтары бар. Исатай  темір жол станциясында  тұратын атақты күйші Жаңбырбай Бекмағанбетовтың  қызы  Сүйнәт  немере  ағасы  Құраш жайында былай дейді: «Құраш  ағамыз төрт жыл соғыста жүріп  келді. Майданға  бірге аттанған  менің  ағам  Бақыт  оралмады. Ол  кісіден 1942 жылы  «қара қағаз»  алдық. Шындығында, Бақыт Құраштың  кенже  інісі  еді. Әкем  Жаңбырбай мен анам Мәди  аға-жеңгесі Жонабай мен Ақсұлудан «Бізде  ұл жоқ, осы  балаңды  маған  бер, менің  балам болсын» деп  сұрап  алып, тегін Жаңбырбаев  деп  жаздырады. Құраш  ағай соғыстан  елге  оралған соң ағайын-туманы  аралап, біздің үйге келіп көріскені есімде қалды».

Мұрағатты ақтара отыра, Құраш ағамыздың ерен тұлға екеніне көз жеткіздім.  Ұлы  Отан  соғысында жасаған  ерліктерін  әлі де  болса  терең  зерттеп,  ұрпаққа  насихаттауымыз қажет. Есте  қалдыру  үшін  тұрған  үйіне   ескерткіш-тақта  орнатып,  оның атымен   бір  көшені  атасақ та  құба-құп  болар  еді.

Мұрат  БЕКТЕНОВ,

Қазақстан  Журналистер

Одағының  мүшесі,

Исатай   ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз