«ИСЛАМ ЫНТЫМАҚҚА ҮНДЕЙДІ»

-  Жалпы, исламның мемлекет ұғымына деген көзқарасы, ұстанымы қалай? 

- Ислам – мемлекет, мемлекеттілік ұғымдарын дәріптейтін дін. Себебі, ислам келгеннен кейін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең басты айналысқан ісі иманды, имандылықты, исламды, ақыретті, Аллаға деген сенімді уағыздаумен бірге, қасиетті Медина қаласына көшіп келгеннен соң мемлекет құру болды. Осылайша қоғамның құқығын қорғайтын, қарым-қатынастарын қалыптастыратын, халықты сыртқы жаудан қорғайтын мемлекетті құрды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) сол мемлекеттің басшысы болды. 

Қандайма қоғам дамуы үшін, бейбіт өмір сүруі үшін, жеке құндылықтарын, өзінің мамыражай өмірін сақтап қалуы үшін мемлекет міндетті түрде болуы керек. Өйткені, мемлекет болмаса, қоғамда тәртіп те, даму да болмайды. Мемлекет болмайтын болса, оның сыртқы күштерге төтеп беретін ешқандай күші болмайды. Мұның соңы ұлттың жоғалып, жойылуына әкеліп соғады.  Осыны жақсы білген біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мемлекет құрды. «Ел басшысы кім болады? Оның уәзірлері қалай болады? Сауда-саттық жүйелері қалай жүреді? Күнделікті жеке қатынастар, азаматтық қарым-қатынастар қалай болуы керек? Осының барлығын Пайғамбарымыз жақсылап тұрып бекітті. Әрі қарай Пайғамбарымыздың жолын ұстанған ғұламалар, жолын жалғастырған сахабалар, олардың шәкірттері осы жүйені жақсылап дамытты. «Фиқһ» саласы, яғни «Ислам құқығы» осыдан келіп қалыптасты. «Ислам құқығы саласы бойынша, қоғамда адамдардың құқығы қалай сақталады? Міндеттері қалай болады? Басшыға қалай бағынамыз? Қарым-қатынас қалай болуы керек?»  деген мәселелер жүйеленген. Яғни, бұл заңдастырылды деген сөз. Мәселен, «қылмыс жасалатын болса, ол қалай жазаланады? Ал, егер мемлекеттің, қоғамның дамуына үлкен қызмет жасап жатқан болса, ол адам қалай марапатталуы керек? Яғни, ондай адамдар қалай бағаланады? Қазынашы кім болуы керек?  Әскер қолбасшысы кім болуы керек?» деген мәселелер реттеліп, кейін бұл Тәуке ханның Жеті жарғысында көрініс тапты.

Біздің исламды мемлекеттік дін деп жариялаған кезіміз де болды. Ислам біздің салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, он екі ғасырдан бері бізбен бірге келе жатыр. Демек, исламның мемлекет ұғымына қатысты қалыптастырған жүйелері барлық хандар дәуірін былай қойғанда, Конституциямызда да бар. Атап айтар бір жайт, Конституцияның көптеген тармақтары исламның принциптеріне, шариғаттың әмірлеріне сәйкес келіп жатады. Яғни, исламның мақсаты не? Ол – адамзат ұғымын, адамның құқығын, жалпы адами ресурсты сақтау. Адамның құқығын аяққа таптатпау. Әрі қарай адамзаттың ішкі жан дүниесін, дүниетанымын, дінін, дұрыс көзқарасын, мал-мүлкін, ақылын, отбасы құндылықтарын сақтау. Осы дүниелердің барлығы исламның негізгі мақсаттары болып табылады. Осы мақсаттар жолында қандайма бір міндет, әрекет жасалуы керек болса, ислам бізді осыған үндеп отырды.

– Адасқандар бүгінде «біз тек бір халифаға ғана бағынуға тиіспіз» деп  «пәтуа» соғып жүр. Шариғатымыз басшыға бағыну мәселесінде не айтады?

– Өкінішке орай, арамызда басшыны мойындамайтын, бірақ өздерін «діндар» есептейтін азаматтар шығып отыр. Шын мәніне келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Егер сендерге өздеріңнен шыққан қара нәсілді адам басшы болатын болса, оған бойсұныңдар» дейді. Қара нәсілді деген сөздің астарында ешкімді алаламаңдар деген ой жатыр. Ол тағайындалғаннан кейін, біз басшыға бағынуымыз және оған қашанда құрмет көрсетуіміз керек. Басшы болғаннан кейін оның әмірлерін, бұйрықтарын орындауға тиіспіз. Егер де мемлекет бір басшыға бағынбайтын болса, онда ол мемлекетте жүйе де, тыныштық та, тұрақтылық та болмайды. Дұрыс қалыптасқан өмір болмайды. Ислам осыны жақсы біледі. Құранда Жаратушымыз «Ей, иман келтіргендер. Аллаға бойсұныңдар және оның елшісіне бойсұныңдар және өздеріңнен болған басшыларыңа бойсұныңдар» дейді. Аллаға бойсұну, елшіге бойсұнумен бірге басшыға бойсұнуды қатар қояды.

Шүкір, Алла бізге сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздігімізді берді. Егемендікпен бірге жеріміз, Отанымыз, тіліміз, Туымыз, қоғамдық жүйелеріміз, дініміз, діліміз қайта келді. Сонымен бірге, мұсылман басшыны беріп отыр. Демек, Құран аяттарымен алып қарағанда басшымызға бағыну – ол біздің парызымыз.

Дәстүрлі емес пәтуашылар-дың уағызын құлағына құйып алған адасқандар тобы «Бізде тек  халифа ғана болуы керек. Және біз оған бағынуға тиіспіз»  деп ел ішіне іріткі салып жүр. Бұл – халықты шатыстыру. Сәләфилік ағымға ергендердің кейбірі жихадқа барамыз деп түрлі мемлекеттердегі қақтығыстарға араласып жатыр. Олардың кейбірі қаруын асынып Сирияға кетті. Ертең ол елде әскери қақтығыстар аяқталғаннан соң, әлгілер қудаланады. Қайда барарын білмейтін болады. Өздері барған мемлекеттер сол кезде олардың құқығын қорғамайды? Неге? Себебі, олар біздің еліміздің азаматтары. Оларды қорғайтын – Қазақстан ғана.

Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз «Сендерге Алланың берген сыйы көп. Оны санайтын болсаңдар, санына жетпейсіңдер. Сендер шүкіршілік етіңдер. Сонда ол сыйды, жақсылықтарды Алла арттырады» дейді. «Егер, шүкірлік етпейтін болсаңыздар, Алла сендерге азабын жібереді, ол жақсылықтарын алып қояды» деген мағынаға саятын аяттар бар. Бұл дегеніңіз Жаратушымыздың бізге беріп отырған осындай игіліктерін, сыйын,  нығметті бағалайтын болсақ, онда Алла бізге артығымен береді. Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік біздің өшкенімізді тірілтті. Жоғалтқанымызды қайтарды. Біз осының барлығын бағалайтын болсақ, онда Алла біздің тәуелсіздігімізді нығайта түседі. Бағалау деген сөз – ол қолда бар игіліктің қадірін білу, оны сақтай білу. Қадірлемейтін болсақ, ол күпірлік болып есептеледі. Нағыз күпірлік – Алланың берген сыйын, игілігін бағаламау. Біз осыны жете түсіне бермейміз.

Өкінішке орай, артында саяси жымысқы ойлар тұрған жалған уағызшылардың жетегінде кеткен бір топ бауырымыз Индер ауданында осы күпірліктің белгісін көрсетті деп ойлаймыз. Күрестен жарыс өткен. Жарыста еліміздің Әнұраны ойнаған. Бізге «сол кезде бір топ спортшы Әнұран ойнағанда тиісті үлгіде құрмет көрсетуді қажет деп таппаған» деген ақпарат келді. Бұл әдейі жасалып  отырған дүние. Егер олар Туымызды, Әнұранымызды, Елтаңбамызды, қоғамды құрметтемейтін болса, бұлар шындап келгенде, қоғамға, елге, тіпті дінімізге қауіпті адамдар. Өйткені, дін нығметті бағала деп отыр. Пайғамбарымыз кезінде мемлекет ұғымына айрықша назар аударып, мемлекеттік қатынастарды белгіледі. Неге? Өйткені, қоғамдағы азаматтардың құқығы мемлекеттік тәртіп негізінде қорғалуы керек. Дін дамуы керек. Экономикалық, моральдық, материалдық, саяси және демографиялық тұрғыдан жетілуіміз керек. Ал, мемлекет – осының барлығының кепілі.

– Адасқандардың арасында тәуелсіздікті бидғатқа шығаратындар бар. Мұны қалай түсінуге болады?

– «Тәуелсіздікті тойлау – бидғат» деп жүргендер тәуелсіздік келмесе, осы сөзді айта алар ма еді? Тәуелсіздікке дейін елімізде 60-тан аса мешіт болған екен. Бүгінде олардың саны 2 жарым мыңға жетті. Мұның барлығын Алла бізге тәуелсіздіктің арқасында беріп отыр. Мешіттерде қазір азан шақырылып жатыр.  Адамдар дінді, Құранды еркін меңгеру үстінде. Намазға еркін жығылып жатыр. Еркін құрбандық шалып жатыр. Құрбан айт ресми түрде мереке деп танылып, мемлекеттік деңгейде бұл датаға айрықша назар аударылып жатыр. Осы нәрселерге дұрыстап тереңірек қарау керек. Өкінішке орай, адасқандардың саналарына бұл мәселелер жетпейді. Өйткені, олар белгілі бір деңгейде саналары уланып, зомбиға айналып кеткен. «Басқаны қабылдама» деп, шейхсымақтары санадағы саңылауды жауып тастаған…

– Жат ағымның жетегінде кеткен ата-ананың балаларын қоғамнан бөліп тастағандығы жөніндегі Құлсарыда болған жағдай сізге де белгілі. Балалардың бүгінгі жағдайы қалай екен? Олардың болашағы не болмақ? Ата-аналары қандайма бір жазаға тартыла ма?

– Бұл – балаларға жасалған үлкен қиянат. Діни, идеологиялық тұрғыда ауытқыған, сәләфи-уахабилік топтың жетегінде кеткен ата-ана бір жылға жуық уақыт мемлекетті алдап келген. Олардың түсінігінше, біздің мектептеріміз дінге, олардың ұстанымдарына қайшы дүниелерге үйретеді. Сол себепті олар балаларды мектепке жібермей келген. Жат уағызды бойларына сіңіріп келген балалар бүгінде белгілі бір деңгейде радикалданып қалған.

Бүгінде бұл аты шулы мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Әзірге бізде қабылданған шешім жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дейтұрғанмен, адасқан ата-ана қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда балалар мемлекеттің қамқорлығында болады. Балалармен жақында біздің Дін істері басқармасының қызметкерлері кездесіп, сөйлескен еді. Сол кезде балабақша жасындағы сәбилер басқа балалармен тіл табысып, ойнап кетіпті де, мектеп жасындағылары біздің мамандарымызды қабылдай қоймаған. Біз мұндай жағдайға салафизм-уахабизм ағымының кесірінен душар болып отырмыз. Осыны ашық мойындайтын кез жетті.

Әңгімелескен  Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз