ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ БЕЙІТІ БАСЫНА КҮМБЕЗДІ КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Руханият

 

Өнбес дауды қумас болар

Соңғы кездегі дүдамал көзқарастың түп төркіні «Исатайды іздеу» атты кітап жазған Ғаділше Өтебәлінің бұрынғы зерттеушілер байламдарына деген өзіндік пікірлерінен туындады. Соның ішінде ол батыр бейітінің Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Қиыл өзені бойындағы Шейітсай жерінде жатқанына күмән келтіреді. Яғни, Исатай Тайманұлының сүйегін Ақбұлақ-Шолақмола маңынан іздестіргенді дұрыс көреді. Оған келтірген дерегі мынау: «Исатайтануда қазақ тіліндегі алғашқы басылым (1924, 1925 жж.) Алаштың ардагері, ғалым Халел Досмұхамедұлының тарихи естеліктері деуге болатындай. Көлемі жағынан шағын бір-екі мақаласында («Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат») үш рет қайталап жазып кетіпті: «Исатайдың сүйегі Темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмола деген молада». «Осындай бір хабар болды», «естігенім бар», т.б. екіұшты, құр әшейін сөз жоқ. Яғни, ғалымның жазғаны – өзі анық білетін, шындыққа келетін мәселе» дей келіп, ол Қажым Жұмалиевтың «Исатай Ақбұлақ өзенінің Қиылға қараған бетінде Ақбұлақтан 15 шақырым жерде өлген» дегенін де алға тартады.

Тарихи-жағырапиялық мағлұматы таяз жанға, бір қарағанда, бұл сенсациялық жаңалық болып көрінуі, яғни, баяғыдан бері «батыр зираты Шейітсайда жатыр» дегеніміз бекер боп шықты ғой, Халелдің жазбасын неғып байқамағанбыз, апырау-ау…» деп айран-асыр қалуы да мүмкін. Шүкір, Халел Досмұхамедұлының «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты мақаласын, ондағы «…Исатай қырық тоғыз жасында 1938 ит жылы әсеттің он екінші күні соғыста өлді. Сүйегі Темір үйезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмолада…» деген жазбасын біз де оқығанбыз. Арғы-бергі ғалымдар мен жазушылардың қай-қайсысы да бұдан жақсы хабардар.

Оның басты себебі, Х.Досмұхамедұлының 1924 жылы «Сәуле» журналында жариялаған «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» атты мақаласындағы мына сөйлемдер болып отыр.    «… Исатай қырық тоғыз жасында 1838 жылы өлді. Сүйегі Темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмола деген молада. Махамбет қырық екі жасында 1845 жылы өлді…»

Осыған қатысты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Амангелді Шамғонов аталған мақалада Исатай мен Махамбет батырлардың өмір деректеріне байланысты бірнеше сәйкессіздіктер бар екенін («Исатай батырға кесене қашан тұрғызылады?», «Атырау» газеті, 6.08.2013 ж.) атап айтады. «Біріншіден, Исатай батырдың 49 жаста емес, 47 жаста қаза тапқандығы толықтай дәлелденген. Екіншіден, Махамбет Өтемісұлының 1845 жылы емес, 1846 жылы 43 жасында  қаза тапқандығы да еш талас тудырмайды. Ал, Исатайдың Шолақмолада жерленгені үлкен күмән туғызады. Содан болу керек,  Х.Досмұхамедұлы мақаласының соңғы жағында былай деп жазады: «…Біздің Исатай, Махамбет туралы жазып отырғанымызды тарихи сөз деп түсіну керек емес, бұл – әркімдерден естіген әңгімелердің қорытындысы…».

Соңғы кездері жарияланған кейбір мақалаларға зер салсақ, бүгінгі  күндері  Шолақмоланы табудың өзі қиынға соғатын көрінеді. Сонда Шолақмоланы таба алмай жүргендер, өздері айтып жүрген еш белгі жоқ Исатайдың зиратын қалай таппақшы?

Сонымен, жоғарыда айтылғандар негізінде Исатай батырдың Шолақмолада емес, Шейітсайда жерленгендігі туралы деректер шындыққа әлдеқайда жақын  деген қорытындыға келеміз…» дейді Амангелді Шамғонұлы.

Жалпы, бұл жерде бір жайды жағырапиялық тұрғыда біліп алған ләзім. Шейітсайыңыз да, Шолақмолаңыз да бір-бірінен соншама алыс жатқан жер емес, бәрі де – бір Ақбұлақтың, бір Қиылдың маңында. Тарихшы-ғалым Исатай Кенжәлиевтің «Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің соңғы кезеңі» атты зерттеу мақаласынан үзінді келтірейік: «…Ақбұлақ деген шағын өзен солтүстік-батыста Жосалы жотасынан басталып, Қиылмен қатарласа шығысқа бұрылып, Қарағанды өзеніне құяды.Ал, соңғысы 5-10 километрден кейін Қора, Дербісәлі тауларының арасымен Қиыл өзеніне құяды. Қиылдың бұл тұсының арнасы терең, аңғары кең, жары биіктей береді. Соның бірі, Қарағанды өзенінің оң жағындағы Шәhитсайы, Исатай қаза болды деп жүрген жер – осы. Сонымен, ел аузындағы аңыз, архив деректері Исатайдың соңғы соғысы осы өңірде болғанын дәлелдейді…».

Батырдың  бейіті – Шейітсайда!

«Ана тілі» газетінде ақтөбелік белгілі журналист Идош Асқардың «Ақырып теңдік сұраған» атты көлемді мақаласы («Ана тілі», №42, 20-26 қазан, 2011 ж.) жарық көріп, ол да «батырдың бейіті – Шейітсайда» деген тоқтамды нақты факт, деректермен дәлелдеп берген екен. Ол өз мақаласында антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметовтің Шейітсайға барған екі сапарын да әңгімелей отырып, батыр жерленген орынға қарапайым болса да, темір қоршау жасалып, ескерткіш тас қойылған кездің 1978 жыл екенін айтады. Бұл туралы Идош ағамыз былай дейді: «…Ойыл ауданымен шекаралас Исатай ауданы дербес әкімшілік ретінде 1976 жылы Қобда ауданы құрамынан бөлініп шықты. Ауданның бұлай аталуы осы жерден батыр мүрдесінің табылуы себепті сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы, қазір зейнеткер, ел азаматы Кеңес Нокиннің ұсынысы бойынша бекітілген. Сол кезде аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшыларының бірі Мақсот Керейұлы Балғынов Исатай есімін есте қалдырудың мүмкін болған шараларын қолға алды. Қабірдің басына орнату үшін темір материалдан шағын қоршау жасатып, қайдан, қалай әкелдіргенін білмеймін, бір үлкен көлемді тасқа батырдың және сол шайқаста өзімен бірге қаза болған баласы Оспанның есімдерін қашап жаздырған…»

Одан кейін Идош Асқар 1988 жылы Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ерсайын Әжібаевтың да батыр қабірінің басын елеулі етіп қарайту мақсатында жұмыстанғанын атап айтыпты. Осы жерде атап айтар бір жайт – сонда сол ел басқару ісіндегі азаматтардың бәрі бірдей «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп құр долбармен қызмет жасамаған шығар. Бұл – бір.

Екіншіден, Идош ағамыз Исатай батырдың сүйегі қалай табылғандығы жөнінде де нақты дерек ұсыныпты: «…1988 жылдың өзінде қазба жұмыстарын кімдер жүргізгенін білетіндер тым аз болатын. Мен сұрастыра жүріп, сол кезде Қобда аудандық газетінде қызмет ететін Мәскеу Шүкіранов дейтін азаматқа жолықтым. Ол өзі тарихи деректерге құлағы түрік адам екен, мені ықыласпен тыңдап, айтқанын айтып, айтылмағанын қағазға түсіріп берді. Ол қағаз да менде сақтаулы. Мәкеңнің мәліметтері бойынша, сол кезде «Қиыл» кеңшарына біріккен бұрынғы ұсақ ұжымшарлар шаруашылығына қосылып жіберілген. Бірақ, туған жер, атақонысын қимай, «Құдайдың салғанын көрерміз» деп жаңа орындарға бармай қалып қойғандар да болған, олар кейін далада қалмай, әуелі «Жайсаң» кеңшарының, сосын тың көтерген тұста оның алтыншы бригадасының құрамына кіреді. Солардың бірі – Құбаш Мұқанов дейтін жасамыс адам Ақыраб ауылының пошта тасымалшысы болған. Қиыл бойын ерте уақыттардан бері қазақтың кете руының, оның ішінде намазғұл деп аталатын тарауының ұрпақтары мекен еткен. Исатай қолының соңғы шайқасы, міне, осы Қиыл алабында өткендіктен, ұрыс туралы естеліктер осындағы ұрпақтар жадында сақталып, жалғасқан. Сол Құбекеңнің Мәскеуге айтқан әңгімесінде оқиғаның мән-жайы ресми мәліметтердегі баяндаулардан ауытқымайтындығымен шындығына шүбә келтірмейді. Батырдың сүйегі баласымен бірге Шейітсайдың қай жерінде екенін айтып, көрсеткен – осы адам. Қазаға ұшырағандардың жерленген жерін оның жас кезінде атасы жетектеп әкеліп, әдейі көрсеткен. Ол уақыттың адамдарында бүгінгідей жүйткіген уақыттай әлденеге қамығып, аптыққан алаңғасарлығы болмағанға ұқсайды. Мүмкін, жаппай жазу-сызудың жоқтығынан да шығар, әйтеуір, аталарымыз әйгілі оқиғаларды есте сақтау жөнінен көңілі ояу, көкірегі ашық, құймақұлақ келген секілді.  Әйтпесе, бала Құбаштың әке Мұқанның әкесінен естіп, көргені есте сақталмас еді. Ноэль Жұмабайұлы іздегенін осы әңгіме мен осы деректің негізінде тапқан. Бірақ, құжаттар мен әңгімелерде айтылғандай, қайран ердің денесі бар да, басы жоқ болып шықты…». Міне, батыр бейітінің Шейітсайда екендігіне енді қандай күмән болуы тиіс?..

Жарты

ғасыр бұрын

табылыпты…

Бәлкім, бәз біреулер «мейлі, Шейітсайың да, Шолақмолаң да бір Қиылдың бойы бола берсін, бізге батырдың мүрдесі нақты жерленген орынның табылғаны керек» деп дауласар. Сонда осыған дейін сол зиратты анықтауда қыруар шаруа тындырған ғалымы бар, жазушысы бар, қоғам қайраткерлері бар… – солардың бәрі де құр «тұлыпқа» қарап «мөңіреп» келгені ме?

Мұрағаттық деректерді сөйлетер болсақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1962 жылдың 14 желтоқсанындағы санында «Исатайдың бейіті» атты мақала шығыпты. Сол мақалада: «Исатай моласы табылды. Оның басына қалақша тақтай қағылды. Енді осы жерге батырға арнап ескерткіш орнатуды ойластырса, халық батырына деген ел ықыласының куәсі болып шығар еді», – деп жазады Х.Дүйсенәлиев деген азамат. Міне, бұл – бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрынғы нақты мәлімет. Оның үстіне сол кезде (1962 жыл) Исатай-Махамбет қозғалысының тарихын зерттеуші небір мүйізі қарағайдай ірі зерттеуші-ғалымдардың бәрінің де көзі тірі еді, әрі олардың бірде-біреуі бұл дерекке күмән келтірмеген.

Одан әрі де Исатай батырдың мүрдесі жерленген жердің қалай нақтыланып, оған жаңадан тағы ескерткіш-белгі (енді ағаш қалақша емес, темір тор-қоршау) қалай қойылғандығы жөнінде де нақты деректер бар.  2011 жылдың маусым айында біздің арнаулы тілшіміз Баян Жанұзақова редакцияның арнайы тапсырмасымен Ақтөбе облысына іссапарға барып, көнекөздермен, іс басындағы адамдармен жүздесіп, Шейітсайдағы бейіт басында болып, сол әбден дәлелденген шүбәсіз мәліметтерді алып қайтқан болатын. Егер көзі қарақты оқырмандарымыздың есінде болса, оның сол жолғы сапардан жазған «АРЫСТАН ТУҒАН ИСАТАЙ батырдың Қиыл өзені бойындағы бейіті әлі елеусіз жатыр» деген атпен жолжазбасы газетімізде жарияланған еді.

Шейітсайдағы бейіттің қалай табылғандығы жөнінде Б.Жанұзақова өз мақаласында Жарсай (Қиыл) ауылының 62 жастағы тұрғыны Дүйсенбай Еламановтың аузынан естіген мына бір әңгімені келтіреді: «1966 жылы Алматыдан антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов келдi. Жаздыгүні қазу жұмыстары жүргізілген уақытта ауылда болмадым. Бірақ, Ойыл ауданы басшылығының Құбаш Мұқанов ақсақалды жолбасшы етiп, Қазтуған Сүлейменов пен он шақты жiгiттi қосқанын білемін. Күн-түн демей, он бес күн бойы бел жазбастан қазғанда Исатай мен баласы Оспанның бiрге жерленген орнын әрең тапқан. Қазу кезінде «Исатайдың қабiрiнде бас сүйегi болмай шықты» деп ел шулап жүрдi. Қазуға қатысқан ауыл жiгiттерiнің Исатайдың сүйегiнде желкесiнен шапқан iздiң орнын көргендері туралы айтып жүргендерін де естідік. Шаяхметов сол жолы Исатайдың сүйегiн өзiмен бiрге алып кеттi. Кейін сүйегi табылған жерге   ескерткiш-белгi қойылды…». Оның үстіне белгілі жазушы, зерттеуші Әнес Сарай да «Исатай-Махамбет» атты еңбегінде соңғы шайқасты «Ақбұлақ қырғыны» деп атағанмен, «көтерілісшілер сол Шейітсайға жерленген» деген байламға тоқтаған.

Осы жерде «…қазу кезінде «Исатайдың қабiрiнде бас сүйегi болмай шықты» деп ел шулап жүрдi. Қазуға қатысқан ауыл жiгiттерiнің Исатайдың сүйегiнде желкесiнен шапқан iздiң орнын көргендері туралы айтып жүргендерін де естідік…» деген сөздің ресми қисынына тоқталайық. Зерттеушілердің бәрінің дерлік еңбектері мен ел аузындағы ауызекі әңгімелерде батырдың басы кесілгені хақында айтылады. Тіпті, патша үкіметінің Исатайдың басы үшін 500 сом бәс тіккені де ресми құжаттарда бар. Орыс тарихшысы А.Рязановтың 1926 жылы жарық көрген «Восстание Исатая Тайманова» атты кітабында былай деп жазылған: «Соңғы ұрыста Исатай ат үстiнде жауларына садақ оғын жаудырып, өзiне ұмтылған урядник Богатыревтiң атын екi жерден жаралады. Сол кезде казак Зеленин батырға винтовкадан екi рет оқ атқанымен тимедi. Үшiншi оғы ғана батырдың атын құлатты.

…Батыр бұған қарамай жауларымен жаяу қылыштаса жүрiп, тағы бiр казакты жаралады. Оның сауыты және екi пистолетi болды. Алайда, күш тең болмағандықтан, жақын келген бiр казак қапысын тауып, найзасын қадады. Урядник Богатырев қылышымен сол арада басын кестi. Батыр қансырап құлап бара жатқанда, қазақ жiгiттерi оның қолынан ұстай берiп едi, бiрақ, казактар олжаны өздерiнен шығарғысы келмедi. Богатырев винтовкасын оның кеудесiне тақап тұрып тағы атты.

Осы бес адам орыс үкiметi батырдың басына тағайындаған 500 сом сыйлықты бөлiп алды…».

Міне, осынау мұрағаттық деректер батырдың басы кетіп, денесі қалғандығын айқын дәлелдейді. Ендеше, қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы, әйгілі Михаил Герасимовтың шәкірті Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов (1942-1954 жылдары республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің баласы) сол Шейітсайға әуелі 1966 жылы, кейіннен 1975 жылы қайта-қайта келіп, сүйекті қаздырып алғанда құр долбарға жүгініп қана іс қылмаған болар…

P.S. Cоңғы кездері нақ осы мәселеге байланысты редакциямызға оқырмандарымыздан да хаттар түсуде. Олардың да көпшілігі бұрыннан бар нақты деректің бұрмалануына алаңдаушылық білдіреді. Сол хаттардың біреуіне ғана сөз берейік. «Бүкіл халқымыздың айбынына айналған ер Исатай Тайманұлының бейітінің басына кесене тұрғызу жөнінде бастама көтерілуі – ұрпақ рухын көтерер, ел мерейін өсірер игі қадам. Енді осындай жақсы хабар құлағымызға тигенде батырдың жерленген жеріне күмән келтірудің нендей жөні бар? Бұл іс жүзінде әбден дәлелденген жай емес пе?» деп ашына жазады өз хатында Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев.

Ардагердің айтқанына біз де қосыламыз. Өйткені, халық батырын ешқашан ұмытпайды, әрдайым ғасырдан-ғасырға жаңғыртып, ту етіп көтере береді. Бұған дәлел ретінде жақында Исатай ауданының арнайы делегациясы Ақтөбе облысының Қобда ауданында болып қайтқанын, батыр басына кесене салу жөнінде үндеу тастағанын атап айтар едік. Ендеше, бір Қиылдың бойындағы арасы таяқ тастам жерлердің «қайсысы батыр жерленген орын?» деп жоқтан өзгеге дауласқанша, игі бастама етіп көтеріліп отырған елдік шаруаның жүзеге асырылуына мұрындық болғанымыз абзал ғой, ағайын! Тіпті, (Махамбет өлеңінен):

… Артымда қалған ерлерге,

Арманымды айтып кетейін:

Арыстан туған Исатай,

Ойлағанын ете алмай,

Мақсатына жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп.

Олардың кегін алуға,

Кезек бізге жетті деп,

Қиналар ма екен біздерге,

Қиналсаңыз біздерге,

Мың рахмет сіздерге!.. – демеп пе еді Исатай батырдың өзі!..

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған