ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ КҮН

Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына - 22 жыл. Ал, 1986 жылғы қар жамылып, мұз жастанған Желтоқсан оқиғасына да 27 жыл болды. Сол бір күндер әрбір қазақтың көкірегіндегі шемен болып қатқан жарқын сенімді оятып, бостандықты, теңдікті аңсаған әрбір жанның арман-мақсатымен үндесіп, келешекке деген үміттің отын лаулатты.

Желтоқсан көтерілісіне қатынасып, 17-18 желтоқсан күндері тұтқынға түсіп, комсомол қатарынан шығарылған қызылқоғалық тоғыз адамның ішінен бірінің құжатымен танысудың сәті түсті. Ол Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін зерттеу орталығының төрағасы Х.Қожа-Ахметтің «Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетінің 3-курс студенті Бағдагүл Игенбайқызы Қайыңбаева 1986 жылы 18 желтоқсан күні тұтқындалып, қала сыртына автокөлікпен шығарылып тасталған кезінде басынан соққы алған. Үшінші топтағы мүгедек. Қазақстан Республикасы Президентінің «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларына қатынасқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» 12.12.1991 жылғы Жарлығы сәйкес келеді» деген арнаулы құжат еді.
Сонау Алматы облысы Кеген ауданының Жалаулы ауылында дүниеге келген Бағдагүл орта мектепті тәмамдаған соң арман қуып, Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетіне оқуға түсіп, студент атанады. Алайда, 1986 жылғы желтоқсан айының 17-18 жұлдызындағы жантүршігерлік қатал айыптаулар Бағдагүлдің жастық өмірін тас-талқан етті. Сол бір ауыр күндерді Бағдагүл көзіне жас ала отырып еске түсіреді.
«…17 желтоқсан күні сабаққа барғанымызда бір мұғалім сөз арасында кеше Орталық алаңға жастардың жиналғанын айтып қалды. Ойымызда ешқандай күдік жоқ, кешкісін бір топ қыз болып біз де алаңға бардық. Алаңда жастар көп. Жүздері ашулы. «Колбин кетіп, Қонаев шықсын!» деп айқайлап жатыр. Біз жатақхананың ерте жабылатынын ескеріп, кетіп қалғанбыз. Тек келесі күні ғана алаңдағы жастардың аяусыз қудаланып, соққыға жығылғанын, түрмеге қамалғанын естідік. Қатты шошынып, кеудемізге кек толды. Ызаланған жастарға қосылып, 18-і күні алаңға тағы бардық. Ешкім жоқ, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. «Бұл қалай болғаны?» деп өзара сөйлесіп тұр едік, қайдан шыға келгені белгісіз, бір қорапты машина қасымызға келіп тоқтай қалды. Тасыр-тұсыр көліктен түсе қалған еңгезердей жігіттер бізді мылтықтың дүмімен ұрып, төпей бастады. «Колбинді ауыздарыңа алмаңдар, атып өлтіреміз» деді. Ұрып-соғып, көлікке түйгіштеп салып алды. Көліктің іші толған жастар, студенттер, барлығы да аяусыз ұрып-соғылған. Содан бізді бір сағаттың ішінде Талғар жақтағы қалың қар жамылған ну орманның ішіне әкеліп, жүректері еш шімірікпестен лақтырып-лақтырып тастап кетті. Арамызда бір жігіт Алматының бағытын біледі екен. Жараланған қыз-жігіттер бірін-бірі сүйемелдеп, қойын-қонышымызға құйылған суық қарға қарамастан, белуардан кеше жүріп, он екі сағаттай жаяу жүріп, қалаға жеттік-ау, әйтеуір. Біздерді суретке түсіріп алған екен, қатты қуғындады. Әсіресе, орыс бөлімінде сабақты өте жақсы оқитын қазақ қыздары ерекше азап шекті. Басымнан алған ауыр соққыдан кейін мен мүгедек болып қалдым. Майгүл, Гүлбану, Шолпан есімді дос қыздарым оқудан шығарылды», – деп Бағдагүл ауыр күрсінді.
1988 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Қызылқоға ауданына жолдамамен келген Бағдагүл Қайыңбай бақытын осы өңірден тапты. Қазіргі таңда Жанкелдин ауылдық округіндегі Миялы орта мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Осындағы «Алтын қалам» үйірмесінің жетекшісі. Жастайынан ақындықты жанына серік еткен Бағдагүлдің суырыпсалма ақындығына ауыл адамдары да тәнті. Шәкірті Мадияр аудандық, облыстық ақындар айтысында жүлделі орындарға ие болып, топты жарып жүр.
Алты жасында анасы Баяннан айырылып, жетімдіктің кермек дәмін ерте татқан қаршадай жасқа ері Қоныстың дүниеден ерте озуы да орны толмас өкініш әкелді. 30 жасында жесір қалса да, екі қызы Раушан мен Райханды тәрбиелеп, өсіріп, арнаулы білімді маман атануларына жағдай жасады.
Мен арнайы барып Бағдагүлдің түтін түтетіп отырған шаңырағымен таныстым. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған қазіргі Миялы орта мектебінің ескі ғимараты екен. Бағдагүл тұратын аядай ғана екі бөлме бұрынғы оқу ордасының тарих кабинетіне арналған орын болып шықты. Мұндағы тұрмыс санитарлық талапқа мүлдем кереғар. Бұл мекенге сегіз отбасы бала-шағасымен қоныстанған. Тұрғындардың сылап-сипауымен ғана тұрған ескі үйдің іргетасы сөгіліп, жылдан-жылға жаңбыр мен қар суына мүжіліп бара жатқаны көрініп тұр. Тұрғындардың осыншама ескі үйді «далада қалғаннан жақсы ғой» деп паналап отырған жайлары бар. Жаңбыр жауса төбеден тамшы ағатын, қыстың боранды-шашынды күндерінде үйдің іргесінен ызғар лебі қаритын тозығы жеткен баспананың бүгінгі жай-күйімен ауыл әкімі Аязбай Оразов та жақсы таныс екен.
– Келешекте қаржы мәселесі шешіліп, ақша бөлінетін болса, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Тіпті, аядай бөлмеде 15 адам тұрып, өмір сүріп отырған отбасылар да бар. Осындай шаңырақтарға алғашқы кезекте көмек көрсетілетін болады, – дейді ауыл әкімі Аязбай Оразов әңгімесінде.
Құлағына қондырылған есту құралы кейде жасамай қалғанда Бағдагүл қатты қиындық көреді екен. Сол бір қасіретті желтоқсан ызғары енді біліне бастағандай. Алайда, ауыл адамдары үнемі көмек қолдарын созып, қамқорлап отырады. Ауыл әкіміне де алғысы шексіз. Қандай шара өтсе де Бағдагүлді қалдырмайды.

Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ.
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз