БИІК ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ

Руханият

Өмірінде бір ғана ісімен, бір ғана жақсылығымен жадыңда мәңгі жатталатын адамдар болады. Мәселен, Нұғыман Қарабалин менің санамда өте талапшыл, қатаң тәртіптің адамы ретінде сақталған. Жұмыс барысында бізден тек жауапкершілікті ғана талап ететін. Ол кісіні «ұрыса береді» деп кей кездері жақтырмай да қалатынбыз. Кейін ойлап қарасақ, онысы бізді «жинақы болсын, жұмысына төселсін» деп қыл шылбырдай ширатқаны екен.
Алпыс жылдан астам түрлі салада жұмыс жасадым. Көргенім де, көңілге түйгенім де аз емес. Егер менің қолым бір биікке жетсе, ел үшін деген еңбегім еленсе, бір адамның болса да болашағына бағдар бола алсам, мен соның негізін осы Нұғыман Қарабалаұлынан алдым дер едім. Жұмысы құлдырап, астаң-кестеңі шығып жатқан су шаруашылығы автобазасына басшылық қызметке барғанымда, бар-жоғы алты айдың ішінде республика бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп, екінші орынды иемденген болатынбыз. Бұл «Аққу – көкке, шаян – көлге» тартып жатқан бір кез еді. Қаңтарылып тұрған жұмысты тезге салып, ортақ іске жұмылдыра білдік. Нәтижесі көп күттірмеді. Алыс аймақтағы автобаза республика бойынша алғашқы үштікке енді.
Мансап біреу үшін бедел, абырой, ал енді біреу үшін өз мүмкіндігін танытудың жолы. Менің Нұғыман ағам да орынтағын арзан атаққа айырбастамай, елі үшін еңбек етуді ғана мақсат тұтты. Ол кісіні осы азаматтығы үшін де биік санаймын.
Нұғыман Қарабалаұлы да қатарластары секілді соғыстың зұлматын сезініп өсті. Атырау облысының Индер ауданына қарасты Кулагино ауылында туып-өскен қағілез бозбала аққанат арманның жетегінде Алатау асты. Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1957 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс-Түркістан каналы құрылысында мастер, прораб жұмыстарынан басталды. «Одақтық деңгейдегі үлкен құрылыстан тәжірибе жинақтап, 1960 жылы туған жерім Атырауға, құрылыс-монтаж басқармасына ауыстым», – деп баяндайды ол өмірдерегінде. Бұл мелиорация жұмысы жаңа қолға алынып жатқан кез еді. Жас болса да, тәжірибесі бар инженер аз уақыт ішінде облыс орталығына жақын жерден «Водников» қалашығының бой көтеруіне мұрындық болды. Оның басшылығымен темірбетон бұйымдары зауыты, «Гурьев су шаруашылығы» тресінің өндірістік базасы секілді басқа да бірқатар әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтерді. Өз ісін жетік меңгерген ол инженер, бас инженер сынды қызмет сатыларына дейін өсті. Аз уақытта су шаруашылығы жөніндегі облыстағы жалғыз мекеме – құрылыс-монтаж басқармасы бастығы лауазымына көтерілді. Сол жылдары ол Бағырлай, Ақсай, Нарын, Бақсай, Құрсай, Қара өткел, Алғабас-Жорық, Қурайлысай, Есбол-Қозыбай, 7 ауыл-Айсары, XXI партсъезд, Соколок-Гогольск, Кобяков-Жамбай елді мекендеріндегі жалпы көлемі 2000 км-ге жететін жайылым жерлерді суландыруға қажетті каналдарды салуға бар күш-жігерін жұмсады. Басқа да Н.Қарабалаұлының басшылығымен жүзеге асқан басқа да істер жетіп артылады. Инженерлік суару, суландыру жүйелерін іске қосу, жұмыс күшін тарту, ол үшін тұрғын үй мәселесін шешу секілді шаруаларға он бес жыл уақыт кетті. Нәтижесінде трестің жылдық атқаратын құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі үш миллионнан 16 миллионға дейін өсті. Бұл көзсіз батырлық еді!
Кеңес үкіметінің үстемдігі жүріп тұрған тұста қандай нысанның болмасын құрылысына қаражат табу оңай болмады. Оны уақытында мақсатты игерудің машақаты да көп. Жұмыс күшінің аздығынан ойға алған іс алға баспай, Алматы, Шымкент сынды басқа қалалардан мамандар алынды. Свердловск, Ленинград қалаларындағы студенттердің құрылыс отрядтары жұмысқа тартылды. Осының бәрінің басында шөлейт жерді тіршілік нәрімен толтыруды мақсат тұтқан Нұғыман Қарабалаұлы жүрді.
Инженерлік сауаттылығы мен іскерлік қабілеті, биік парасаты оны жоғары асуларға шығарды. 1982 жылы «Қазақстан су шаруашылығы» институтының Атыраудағы бөліміне басшы болып тағайындалады. Қарабалаұлының қолынан шыққан қарапайым жобалардың өзінде бір құдірет бардай халық шаруашылығының әр саласында орнын тауып, жүзеге асып кететін. Оның мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті жаппай жекешелендіру кезінде де өзі басқарып отырған мекеменің жекенің қолына өтпеуіне негіз болды.
Ол кісінің ерен еңбегі үкімет тарапынан да, шарапатын көрген халқынан да зор құрметке ие болды. Төсіндегі «Құрмет белгісі» ордені, басқа да мақтау-марапаттары – табан ақы, маңдай тердің жемісі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, үлкен әулеттің тірегі болып отырған Нұғыман ағамызды тек ағайын-туысы ғана емес, бүкіл ел сыйлайды, құрметтейді. Ел-жұрты әр жылдарда жасаған жұмыстарын жақсы жағынан айтып отырады.
Туған жерге туын тіккен өрелі азаматтармен өркендеген елміз. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан, оның қол жеткізген табыстары, арайланған Атырауымыз – Нұғыман Қарабалаұлы сынды антына адал, өз ісіне жетік, талантты тұлғалардың жасампаз еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз.

Төкен ЖҰМАҒҰЛОВ.
«TNS-group» Концерні» заңды тұлғалар бірлестігі директорлар Кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған