БАЛЫҚТЫҢ ДА КИЕСІ БАР

Ел білетін әңгімені кімнен жасырайын. Біздің Исатай ауданының ер-азаматтары теңізден балық аулауды өздерінің күнкөріс көзіне айналдырған. Бағалы балық аулап, оны сатып, қыруар қаражатты болады. Есесіне балық та оларды «жейді». Осыдан бірнеше жыл бұрын ағайындарымыз бен көршілеріміздің бірнеше баласы теңізден балық аулауға кетіп, жоғалып кетті. Солардың тек бірлі-жарымы ғана табылды. Өзгелерін ата-ана, бауырлары әлі күтіп жүр... 

Бала күнімізде біз үлкендердің: «Аққулар мен киіктерді атқан адамдар түптің түбінде мертігіп, мешел болып қалады. Асығыс ажал құшуы да мүмкін. Себебі, түз жануарларының киесі ұрады» деп отыратындарын естуші едік. Сол айтқандай, бағалы балықтың да киесі бар. Естияр, оң-солын таныған адамдардың осындай қадамға неліктен баратындарын білмеймін. Менің де екі ұлым, үш күйеу балам бар. Олар қанша жерден жұмыссыз жүрсе де, біз олардың теңізге шығуына рұқсат етпейміз. Олар да өзімбілемдікке салынбай, біздің айтқан ақылымызға құлақ асады. Меніңше, барша әке-шеше осылайша ұлдарына тоқтау салуы керек.

М.ҚАЙЫРЛИЕВА,
зейнеткер,
Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз