Кәрі жіліктің қасиеті немесе оны босағаға неге іледі?

K ri zhilik Қоғам

Салт-дәстүрге бай халқымыз ықылым заманнан бері ырым-тыйымдарға баса мән берген. Соның ішінде ас дайындап, табақ тартуда кәрі жіліктің қасиетіне ерекше маңыз қойды. «Оны жастарға жеуге болмайды» деп өзіндік орны мен тәрбиелік мәнін қалыс қалдырмады. Біз осынау пікірді естіп өскенімізбен, оның нақты себебі мен салдарына үңілдік пе? Кәрі жілікті босағаға ілудің сыры неде?

Кәрі жілік

Шаңырақтағы құттың иесі

Осы және өзге де сауалдар аясында үлкендермен сөйлестік. Олар кәрі жілікті шаңырақтағы құт пен берекенің иесі екенін айтады.

«Қазанға ет салғанда кәрі жілікке баса мән беру қажет. Алдымен, «бісміллә» деп осы жіліктен бастап салады. Еттің барлығын ұстап тұратын қасиеті болғандықтан, құда табаққа салмайды. Қонаққа, бөтен адамға емес, керісінше үй иесіне немесе ағайынға береді. Мұның себебі «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдалады. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаса, «сүр бойдақ боласың» деген сеніммен бойдақ жігітке бермейді», – дейді махамбеттік «алтын алқалы ана» Клара Сәлдиева.

Көпті көрген әжейдің айтуынша, бұрын мал сойылып, ет асылғанда кәрі жілікті үйдің үлкені мүжіп, тазалап қояды.

«Мал-жанымның амандығы үшін» деп босағаның оң жағына байлайды. Бұл ­– береке мен ынтымақ, құт пен ырыс өз шаңырағында мәңгі тұрақтайды деген ырым. «Мұны көріп өскен біз кәрі жілікті құт көреміз. Отбасының  қорғаны деп санаймыз. Ұлдарым мен келіндеріме ұдайы оның қасиеті туралы айтудан жалыққан емеспін», – деді Клара Сәлдиева.

Пәле-жаладан сақтаушы

Этнографтардың сөзіне сүйенсек, қазақта оң босағаға ілінген кәрі жілік тіл тиюден, көз сұғынан, ит-құстан сақтайды деген наным бар. Сондай-ақ, босанатын әйелдің айналасына үйдің төбесінде ілініп тұрған кәрі жіліктерді әкеліп қоятын болған. Сүйектерді санаған аяғы ауыр әйелдің толғағы жиілейді деген сенім психологиялық амал ретінде қолданылса керек.

«Бұдан басқа, кәрі жілікті асып жеген күні түнде оны далаға тастамайды. Халқымыздың ескілікті ұғымынша кәрі жілік құрық ұстаған күзетші, мал-жанды бәле-жаладан аман сақтаушы, ел қорғаушы батырдың бейнесі деп түсінген. Ауыл көшкен күні қариялар керегеге ілінген кәрі жіліктерді қой қораның төріне, қора төңірегіндегі жартас қуысына, тал-теректердің бұтағына арнайы іліп кетеді. Ердің алдыңғы қасына да іліп қоятын болған. Мұндағы басты себеп – ағаш, шөп қыстырылған кәрі жілік түн ішінде бейне құрық ұстаған күзетші секілденіп, малды, ер-тұрманды ұры-қарыдан, жаудан, қасқырдан қорғайды деп сенгендіктен», – деп жазады этнограф Болат Бопай өзінің «Қазақ кәдесі» кітабында.

Аңыз астарында – ақиқат

Ел арасында бұл туралы аңыз да бар. Оны бізге Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Нұриден Есмағамбетов айтып берді. «Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдапты. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.

Тыңшы қайта келіп:

– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы:

– Ендеше, бүгін шабамыз, – деп атқа қонады.

Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:

– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:

– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады» – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді. Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі» дейді ардагер атамыз.

Ер жігітті қырық қауіптен қорғайды

Кәрі жілік малдың сүйектерінің бірі болғанымен, оның өзіндік қасиетіне ерекше маңыз берген жөн. Бүгінде ұмыт болған бұл наным, сенімге көпшіліктің бейжай қарайтыны рас. Бұл ретте ата-бабамыз қастерлі санаған жілік туралы мына бір аңызды да ұмытпаған жөн. Түсінікті болуы үшін оны қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.

«Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі:

– Балам, мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың, – дейді.

– Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы селсоқ қарайды. Бірақ, әке көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады.

Межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде артқы жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ, ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі:

– Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – деген екен. Міне, осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық қауіптен құтқарады» деген сөз қалса керек.

Тізе берсек, кәрі жіліктің қасиеті туралы біраз мысал келтіруге болады. Ал, ел аузындағы аңыздардың астарында бір шындық жатқаны ақиқат. Олай болса, бүгінде ұмыт болып бара жатқан ата-дәстүрдің бұл түрін қайта жаңғыртып, оны ұрпақтар сабақтастығында кеңінен қолдана білсек игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Қарылғаш

    Керемет салт дәстүрімізді осындай қасиетті ырымымызды мектеп қабырғасында сабақ жүргізетін кітапша шығарылса ғой шіркін .ұрпағымыз Қазақ болар еді.