«БИ ӨНЕРІНЕ БЕЙТАРАП ҚАРАМАҒАН ЖӨН»

Атырау облысында би өнері бойынша 65 үйірме, 8 ұжым, 19 ансамбль бар. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл өнер түрі бүгінде үлкен сұранысқа ие. Облыстық халық шығармашылығы орталығы би жетекшілерінің біліктілігін шыңдау мақсатында мектептер мен мәдениет үйлерінде жұмыс жасайтын үйірме жетекшілері үшін шеберлік сыныбын өткізді.

Қатысушыларға республикаға танымал өнер қызметкерлері дәріс берді. Халық әртісі Гүлжан Талпақова отандық және еуропалық би үлгілерін үйрету әдістемесі жайлы шеберлік сағатын өткізді. Жоғары санатты жаттықтырушы Лидия Мұқанова – Щевчук латынамерикандық және қазіргі заманғы спорттық би түрлерінен дәріс берді. Шеберлік сыныбына қатысу үшін Индер ауданынан келген Әйгерім Құспанова: «Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, – дейді. – Семинар өтетіні жөнінде ауданымызға хат келген. Сол хатты алысымен бәріміз жиналып келдік. Бұл хореограф бишілерге қажет нәрсе. Ауыл балаларының биге деген құлшынысы жақсы. Менің үйірмемде алпыс шақты бала бар.
Шыны керек, мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін көтеру жұмыстарына көп көңіл бөліне бермейді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев: «Біздің ауыл-село клубтарында жұмыс жасап жүргендердің көпшілігі өткен ғасырдың 80-90 жылдары мәдени-ағарту училищесін бітірген мамандар, – дейді. – Одан бері бірталай жыл өтті. Заман өзгеріп, жаңа технология, жаңа теория келіп жатыр. Ал, соның барлығын олардың бойына сіңіру үшін қайта даярлау керек. Республика бойынша министрлік жанында қайта даярлайтын курс жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстанып жүрміз».
Облыста би өнеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Түрлі деңгейдегі би бәйгелерінде жүлдегер атанып жүрген таланттар да бар. Өткен жылдары орталық алаңда мыңнан астам атыраулық «Қаражорға» биін билеп, рекорд жасаған еді. Биге деген қызығушылық, әсіресе, жастар мен мектеп оқушылары арасында өте көп. «Бірақ, осы өнердің қыр-сырын үйрететін кәсіби бишілер жетіспейді, – дейді Абат Кенжеғалиұлы. – Ауыл-село клубтарындағы ең белсенді топ – осы би үйірмесі. Би үйірмесіне барғысы келетіндер көп. Билеуге деген құштарлық бар. Өкінішті жері, осыны үйрететін хореограф мамандар аз, оны оқытып шығаратын оқу орындары азғантай. Облыста бір ғана колледж бар, онда да би үйірмесінің мұғалімдерін емес, бишілердің өздерін ғана даярлап шығарады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын қысқа мерзімді курстар өткізіп жатырмыз».
Би жетекшілерінің шеберлік сыныбына облыс орталығы мен аудандардан келген 32 маман қатысты. Би өнерін насихаттау, жаңа бағыттары жөнінде түсінік беру, жаңа есімдерді табу мақсатын көздеген шараға қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді. Халық шығармашылығы орталығы алдағы аптада драма үйірмелері мен халық театрлары арасында фестиваль өткізуді жоспарлап отыр.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз