alyim. T  l  a.

Ғалым. Тұлға. Қайраткер

Рухани жаңғыру

Қазақ геологиясының негізін салушылардың бірі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, аймақтық экологиялық мәселелер ғылыми орталығының директоры  Мұфтах Диаровты елге таныстырудың қажеті шамалы. Себебі, жүрегі елім, жерім деп соққан, халықтың жайма-шуақ өмір сүруіне, келешегіміз үшін, дүниеге дені сау ұрпақтың келуіне алаң болған азаматты әрбір қазақстандық білуі тиіс және есінде ұстауы қажет.

????????????????????????????????????

Геолог болғым келеді…

Қарапайым отбасында тәрбиеленген ғалым жас кезінен ғылым-білімге құштар болып, өмірдің қиындығына қарамай, талай асулардан асып, белестерді бағындыра білді. Академик осы күнгі жетістігінің басты негізі әкесі мен анасының ұлдарына сенім артып, отбасында түрлі қиыншылықтар болып жатса да, оқуына бөгет болмай, жоғары білімді иеленуіне себепкер болғандарын мақтан тұтады.

1950 жылы мектеп бітірер уақытында «Лениншіл жас» газетінде «Менің геолог болғым келеді» атты материалы жарық көреді. Соны оқыған соң сыныптас досы белгілі ғалым Қасым Тұфхатов екеуі бірден геолог боламыз деп шешеді. Геология – ғылымның ең қызықты саласы деп, оған ешқандай өкініші жоқ екенін айтады.

1950 жылы орта мектепті тәмамдап, қазақтың тау-кен институтына білім қуып барған Мұфтах Диаровқа орыс тілінде емтихан тапсыру оңайға соқпаған. Бірақ, табандылық пен төзім дегеніне жеткізді. 1955 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу техникалық университеті) геологиялық барлау факультетін бітіріп, тау-кен инженер-геологы мамандығын иеленеді. Институтты тәмамдаған жас маманға бүкіл кеңес одағы бойынша қызмет бабына түрлі ұсыныстар болғанымен, жас маман Мұфтах Диарұлы қазіргі Индер ауданындағы тау-кен экспедициясына өзі сұранып келеді. 1955-1964 жылдары Индер кешенді геологиялық барлау экспедициясында геолог, тақырыптық партия бастығы, бас геолог болып қызмет атқарды. Геологиялық іздеу, геологиялық барлау және тақырыптық жұмыстардың барлық түрлерін басқарды.

Индер кентінде жұмыс жасаған уақытында жас маманға үй беріліп, ата-анасын, бауырларын қолына алған ғалым 3 бөлмелі пәтерде 9 жан болып бірге тұрады.

– Әкем 26 жасымда дүниеден өтті. Ал, анам бертін келе 1980 жылдары көз жұмды.

Әкем менің ғылыми еңбектерімнің жемісін көре алмады, ал анам ерекше мақтанатын еді. Мен олардың үміті мен сенімін ақтадым деп ойлаймын, – деп ғалым бүгінгі күні қимастықпен еске алады.

Осылайша  26 жасар Мұфтах Диаров Индер аудандық тау-кен экспедициясының бас геологы болып тағайындалғаннан кейін, 1963 жылы кандидаттығын, 1972 жылы 39 жасында докторлық еңбегін қорғап шығады.

1964 жылдың шілдесі мен 1978 жылдың сәуір айы аралығында Гурьев қаласында Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының минералды тұздар геологиясы мен геохимиясы зертханасының меңгерушісі болды. Батыс Қазақстан галогендік құрылымдарының геологиясы мен геохимиясы бойынша ғылыми зерттеулермен айналысты. Каспий маңы ойпаты мен Оңтүстік Орал жиегі иіліміндегі тау-кен химиялық шикізат кеніштерінің құрылуы мен орналасуының заңдылығын тапты. Осы жылдары бораттар мен калий тұздарының кен орындарын іздеудің жаңа өнеркәсіптік әдісін әзірлеп өндіріске енгізді. Ғылыми негізделуден кейін  жаңа әдісті тәжірибеде растау үшін мемлекет арнайы қаржы бөледі. Бұл мақсатта Сәтимола, Шүгіл, Мәтенқожа кен орындарында түрлі әдістермен геофизикалық жұмыстар жүргізілді. Олардың нәтижесінде картада бораттар мен калий тұздары кен орындарының орналасуы мүмкін жерлері айқындалды, кейіннен бұл жерлерде бақылау ұңғымалары бұрғыланып, аталған үш тұзды массивтегі айқындалған барлық учаскелерде өнім бар екендігі расталды.

Бірнеше лауазымды қызметтерді атқара жүріп, ғалым Каспий ойпаттарындағы борлы аймақтарды және бор-калий тұздарын барлау және іздеумен айналысып, минералды тұздарды барлау тәсілдерін өңдеді. Диаров – Дендер күмбезі өңіріндегі ірі  элювийлі борат кендерін, аса ірі Сәтимола борат кенін ашушылардың бірі. Оның зерттеулері негізінде Орталық Каспий калийлі-борлы аймағы жіктелді.

Табиғат жанашыры

Қазыналы Индер ауданынан бастап, Гималай тауы, Ресей, Украина, АҚШ, Мексика, Англия, Иран мен Тегеранда болды. Осыншама ірі географиялық аумақта өмірлік тәжірибесін жинақтап, толықтыра түскен академик, туған жері Атыраудың ахуалына әркез алаңдаулы

– Тәуелсіздік таңы атқалы мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан ТМД елдері ішінде көшбасшылық жолды бастады. Жыл сайын ұлттық экономи­каның әр саласы қарқынды даму бағытынан жаңылған жоқ. Елімізде бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер молынан өндірілуде. Ауылдарда, қалаларда өндіріс орындары көптеп салынуда.

Мұнай-газ секілді табиғи шикізаттарымызды өндіру ұлғайған сайын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көбірек мән беруді қолға алуымыздың қажеттігі туындайды. Өйткені, тал бесікке балайтын табиғатымызды бір бүлдіріп алар болсақ, оны орнына келтіру машақаты да, шығыны да молая түседі. Табиғат алдымен адамзатқа қажет. Әр адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Әр адамға таза ауа, таза су қандай қажет болса, табиғатқа да адамның шынайы жанашырлығы қажет. Табиғат – адамның ең бірінші қорегі, ең басты емшісі. Қоршаған орта – ауа, су, жер құрамы бүлінсе, адам ағзасына зиянды химиялық зат өте көп мөлшерде түсіп, денсаулығы бұзылады. Қоршаған ортаны қорғаудың басты тәсілі – ел заңдылығын сақтау, табиғи шикізатты өндіретін кәсіпорындарды соған үйрету. Елбасының өзі Солтүстік Каспий жобасын игеруші оператор-компанияларға Каспийдің биологиялық тепе-теңдігін сақтау қажеттігі жөнінде арнайы тапсырма бергені бар. Өйткені, әлемде Каспий теңізі секілді биологиялық алуан түрлілігі ерекше тұнық су айдыны кездеспейді. Мұнда құстың сан алуан түрі бар, бекіре тұқымдас балықтар өзге су қоймаларында кездеспейтіндігімен ерекшеленеді, – деп, ғалым бір сөзінде өңіріміздің табиғатына қатты алаңдаушылығын білдірген болатын.

Мұфтах Диарұлы ұзақ жылдар бойына Каспий өңіріндегі ірі мұнай компанияларының қоршаған ортаға келтіріп жатқан зиянын дәлелдеп келе жатқан бірбеткей ғалым ретінде танымал. Қазіргі кезде Каспий қайраңының Қазақстанға тиесілі бөлігінде елдің мұнай өнеркәсібі саласында бұрын-соңды болмаған аса үлкен мұнай-газ кеніштері игеріліп жатыр. Ғылыми деректер бойынша, қазіргі уақытта жер қыртысында бір-бірімен тығыз байланыстағы табиғи және техногендік процестер ерекше қарқын алып барады. Ғаламдық тектоникалық қабаттардың қозғалысы, яғни, тұтас құрлықтар орнынан жылжуы, аймақтық жер қыртысының күйреуі, әртүрлі магнитудалық жер сілкіністері, цунами, торнадо және ауа райының басқа да аномальды құбылыстары жиілеп кетті.

Каспий теңізіндегі экологиялық жағдай жайлы ғылыми түйін айтты. Дүние жүзіне әйгілі мұнайшы ғалым Каспийдегі болуы ықтимал мұнай-газ апаттарының нақты себептеріне терең талдау жасады. Академиктің құнды ғылыми еңбегі – «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутегі қорының тұз асты қабаттарын игеру барысындағы болуы мүмкін қатерлі апаттар» деп аталатын зерттеуінде Каспий өңірін Мексикада болған апаттан да жойқын зұлматтың күтіп тұрғаны жөнінде терең ғылыми сараптама жасаған. Ол ерте ме, кеш пе Каспий теңізі айлағының қазақстандық бөлігінде апатты мұнай-газ тастандыларының таралатыны анық дейді. Сонда көгілдір теңіз қоршаған ортаның оңалмастай болып бұзылған алып стационарлық бөлігіне айналатынын ескертті.

Мұфтах Диарұлы 24 монографияның, 8 өнертабыстың және 2 патенттің, барлығы 350 ғылыми еңбектің жарық көруіне арқау болған ғалым-эколог. Қоршаған орта жанашыры тек атыраулықтар емес, әлем кітапханаларында көпшілік қызығып оқитын біраз ғылыми еңбекті жарыққа шығарды.

Өмір мектебі

Мұфтах ағамыз бүгінде жасы сексен бестің сеңгіріне шықса да, болдым-толдым, ендігі жол жастардың жолы деп қол қусырмай-ақ, әлі күнге елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырған, халықтың жағдайын, деніміздің саулығын ойлап, жақсы өмір сүруімізге таудай таусылмас талабымен үлес қосып жүр. Қанша уақыт өтсе де өз қағидаларынан таймай, табиғаттың тамыршысы ретінде танылған ғалым қазіргі кезге дейін түрлі баспасөз беттерінде өзекті мәселелерді көтеріп келді.  Атап айтсақ, ол Индердегі тұзды көлдің емдік қасиетін ғылыми дәлелдеп, оның құрамында Менделеев кестесіндегі 16 элементтің болуы, әсіресе сирек кездесетін бордың ағзаға зор пайдасы бар екендігін дәлелдеген. Сонымен бірге тұзды көлдің 25 ауруға ем болатындығын дәлелдеп, алдағы уақытта шипажай салынуына өзіндік себепкер бола білді. Бұның өзі ғалымның елге деген, жерге деген шын жанашырлығын білдіртсе керек.

Геология ғылымының тұңғиық иірімдерін терең меңгерген ғалым 1980 жылдан бастап күні бүгінге дейін Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, және студенттерге геология пәндерінен дәріс береді. Сонымен бірге университеттегі Аймақтық экологиялық мәселелер ғылыми орталығын басқарады. Талапшыл әрі тыңғылықты ғалым АтМГУ ұжымы үшін зор мақтаныш, ал жас ғалымдар үшін нағыз өмір мектебі болып саналады.  Білімдінің салар ізі, болашақ ұрпаққа қалдырар өнегелі істері әрқашан айқын да анық болатыны тәрізді, ғалымның есімі біз үшін – яғни, оқу ордамызға сыйлы, барлығымыз үшін аса қадірлі. Атырау мұнай және газ университетінде дара тұлғаларды кейінгі ұрпақ жадында сақтап қалуы үшін, тек атын ғана емес, оның еңбек, ғылым, өмір жолын үйреніп-білуі үшін арнайы аудиторияларға есімдері берілген болатын. Мұфтах Диарұлының 70 жылдық мерейтойы тұсында 2003 жылдың қазан айында   университеттің Үлкен Экологиялық аудиториясына аға есімінің берілуі болашақ мұнай-газ саласының жас  мамандарына үлкен сенім артылғаны.

Мұфтах Диарұлының ғылыми еңбектерін, зерттеулерін ұрпаққа үлгі ету мақсатында оқу орнымызда «Экология және мұнай-газ кешені» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Соның тағы бір көрінісі, 10 қазан күні ғалымның 85 жасқа толу мерейтойына арналған дәстүрлі  кезекті халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  өтеді.

Әли ӘБІШЕВ,

Атырау мұнай және  газ университетінің  ректоры,  профессор.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған