«АЛМАС КЕЗДІК ҚАП ТҮБІНДЕ ЖАТПАЙДЫ»

Қобызшы Раушан Нұрпейісованың естелігінен үзінді

Өңірдегі алғаш кәсіби қобыз мектебінің негізін қалаушы Раушан Нұрпейісованы бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл оның еңбегінің еленбеуінен емес, насихатының кемдігінен болса керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ҚР Мәдениет қайраткері Раушан Түсіпбекқызы Алматы қаласында тұрады. Талай жыл Атыраудың ауасын жұтып, ыстығына күйіп, суығына төзіп, өңір өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Өзі ғана емес, жұбайы, белгілі сазгер Сейілхан Құсайынов екеуі атыраулық талай дарынның қанатын қатайтты. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, Раушан апай көңіл мұңын, жүрек сырын қойын дәптеріне қаттап жүреді екен. Қаламызға келген бір сапарында бізге сол дәптерді беріп тұрып: «Бұл дәптерде Сейілхан ағаң екеуміздің Атырауға сіңірген азды-кем еңбегіміздің естеліктері бар, соны жарияласаңдар», - деп өтініш білдіргендей болды. Біз сол аманатты орындап, оқырмандарға қойын дәптердегі жазбадан үзінді беруді жөн көрдік.

 

– 1950 жылы сол кездегі Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша, ұстазымыз Ахмет Жұбановпен ақылдаса отырып, өңірлердегі өнерлі жастарға қолдау көрсетіп, таныту үшін Гурьев, Маңғыстау облысына аттандық. 1956 жылдың маусымында бір жастағы Еділ атты ұлымызбен қазіргі Атырауға көшіп келдік. Сондағы мақсатымыз Құрманғазы оркестріндей белгілі батыс өлкесінен тағы бір өнер ұжымын құру болатын. Сол кезде обкомның бірінші хатшысы болған Нұртас Оңдасынов біздің барлық жағдайымызды жасап, жеке баспанаға да тез арада қол жеткіздік. Үйіміз Ленин көшесінің бойында орналасты. Сейілхан Халық шығармашылығы орталығына әдіскер болып, Құрманғазы атындағы музыкалық мектебінде домбыра сыныбын ашып, ұстаздық етті. Ал, мен осы мектепте қобыз сыныбын ашып, ұстаз болдым. Алғашқы шәкірттерім – Амантай Ыдырысов, Мұса Әділов, Рысты Жұмағалиева. Кейінгі екеуі музыкалық училище, консерваторияны бітірді.

* * *

– Мен алғаш келгенде бұл өңірде қобызды көрмек түгіл, халық мүлде естімеген екен. Не керек, қызу жұмысқа кірістік. Бұрынғы «Мұнайшылар» мәдениет сарайы алдында таңнан кешке дейін қобызымның үнін күңірентіп, тарта бердім. Қызығушылық білдіргендер жаныма жинала бастады. Сөйтіп, жастарды қобызға баулыдым. Ал, Сейілхан болса, шалғайда жатқан аудан, колхоз, совхоздарға жолдың қиындығына қарамастан барып, мықты үш-төрт домбырашымен кездесіп, Ғ.Масалимов, Ш.Шарипов, О.Құлсариев, Қ.Қожантаев, т.б талантты жастарға «Құрманғазы» оркестрінің жобасымен күйлерді сараптап үйретіп, олардың айналасындағы өнерлі достарының да басын қосып, кішігірім ансамбльдер құра бастады. Осының нәтижесінде 1957 жылдың жазында Гурьев стадионында жергілікті және Маңғыстаудан келген барлығы бес жүзден аса өнерпаздан құралған оркестр ұжымы өнер көрсетті. Оркестр дайындығына Нұрғиса Тілендиевтің өзі арнайы қатысып жүрді.
Оркестрге мінбеде дирижерлік еткен Сейілханға төменде тыңдап отырған Нұрағаң риза болған еді. Онда «Алатау», «Балбырауын», «Адай», «Той бастар», «Би», «Қос алқа» күйлері орындалды. Бұл республика жұртын таңдандырған құбылыс болғандай. Осындай шабытты шақта Сейілханның «Мереке» атты күйі дүниеге келді. Бірер жылдан соң Тоқсанбай Құлтумиевтің «Комсомол» күйі шықты. Бес жүз адамдық оркестр құрылғаннан кейін, батыс өңірінде талантты домбырашылардың, күйшілердің қатары көбейді. Оркестр ұжымы аймақтағы ұлттық өнердің дамуына тыңнан түрен салғандай болды. Алайда, бес жүз өнерпаздың арасында жалғыз қобызшы өзім болдым. Менен басқа екі скрипкашы, бір балалайкада ойнайтын өнерпаз және үш-төрт баянист болды. Осы бес жүз өнерпаздың арасынан жүз талантты жасты таңдап алып, оларға нота әліппесін үйретіп, кәсіби білім беруді қолға алдық. Алты ай оқу курсынан маманданған елу музыкантты 1958 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өтетін өнер-әдебиет онкүндігіне дайындадық. Домбыра, тенор, домбыра прима, домбыра бас, домбыра контр бас аспаптары бойынша үйретушілер Сейілхан Боздақ (сол жылы консерваторияны алтын медальмен бітіріп келген), Михаил Шим, Қобыз I, II альт, ал, бас қобыздардан өзім үйретсем, баян, дауылпаздан Абдолла, Тельман, Жакуля, Қуантай болды.
Текей Қарамұрзаев деген геолог жігіт, примач перне, ішек, дыбыстың анық шығуын математикадағы «ішек формуласымен» есептеп беріп, аспаптарды жергілікті шебер Бейсенғали Мырзағалиев кәсіби мамандардың нұсқауы бойынша жасады. Бұған ұстазымыз А.Жұбанов дән риза болды. Сөйтіп, Мәскеудегі онкүндікке қатысып келген соң, «халық оркестрі» атағын иелендік. Бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрінген өнер ұжымына кейін Дина Нұрпейісова атағы берілді.

* * *

– 1959 жылы Астрахан облысы, Қызылжар ауданында Гурьев облысының мәдениет басқармасы қолдап, Құрманғазы бабамыздың басына күмбез қойылатын болып, Алматыдан А.Жұбанов, ақын Хамит Ерғалиев те келді. Дүркіреп той өтті. Сол кездегі мына бір естелік есімнен кетпейді. «….Катердің үстінде біраз ән шырқадым. Хамит ағай Құрманғазы поэмасын аңыратты. Хамаң ұлымыз Еділді алдына алып отырып, мына шумақтарды лезде шығарып айтқан еді.
«Баласы Сейілханның ер Едіге,
Жүреді әкесіне ереді де.
Қиғаштан ертең алыс кеткеніңде
Одағы бір тамаша жер еді де», – деп гүрілдеп қоя берді. Кейін Ахаң бұл сапарды өзінің «Өскен өнер» кітабында жақсы жазған. Суреттері де бар. Сөйтіп, 1958 жылы қазан айында Гурьевте музыкалық училище ашылды. Директоры – Сейілхан Құсайынов. Сейілхан 1969 жылы консерваторияға композиция факультетіне оқуға түсті. Ғазиза Жұбанованың сыныбында 1971 жылға дейін оқып, аяқ астынан ауырып, әрі қарай жалғастыра алмай оқуын тастап кетеді (Сейілханның ауруы – 1966 жылы Жайықтың мұзы жарылып, сағат жарымдай мұздың астында қалғаннан пайда болған дерт).

* * *

– Өзіміз іргетасын қалаған оқу орнының алғашқы түлектері білімін жетілдіріп келіп, өздері дәріс алған алтын ұяларына қайта келіп еңбек жолдарын бастады. Олардың қатарында, Т.Бәділов, Ғ.Әдепқалиев, Ә.Камалиденов, Б.Мұхтарова, Р.Жүндібаева, У.Дәулетярова, Қ.Сакитанов, М.Гайсина, Ғ.Шопанова, С.Мырзағалиева, О.Қарашева бар. Сол училищенің түлектерінен тәлім-тәрбие алғандар, ұрпақтары, қазіргі колледжінің негізін құраушылар. Бұл – Сейілхан екеуміздің мақтанышымыз. Оқу орнының 55 жылдық бүгінгі мерейлі тойы біздің немесе сол ұжымның емес, бүкіл төл өнер жанашырларының мерекесі болмақ.

* * *

… «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы болар. Ұлымыз Еділ – композитор, этнограф, ұлттық көне аспаптарды насихаттаушы, орындаушы. Қызымыз Роза пианист, педагог болды. Ертіс атты ұлымыз ғана өзге салада қызмет етеді.

Дайындаған Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз