ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫ ЕЛЕМЕУ ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕ?

Биыл Қазақ хандығының  550 жылдығы  аталып өтуі – кейінгі ұрпақ үшін ерекше тарихи оқиға. Бәзбіреулер Қазақ елінің мемлекеттілігі тым әріде жатқандығына күмән келтіріп, ауыздарына келгенін айтып жүргенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл түрде осы ғасырлар қойнауындағы көне тарихты кең көлемде қайта жаңғыртуға шешім қабылдағаны ұлттық рухымызды ерекше көтеретін тағылымды бастама болды. Шыны керек, бұл тарихшы-зерттеушілерімізге де соны серпін, тың жігер берді. Бұған бұқаралық ақпарат беттерінде жарық көріп жатқан танымдық мақалаларды оқи отырып, айқын көз жеткізудеміз. Осы тұрғыда өзім де өлке тарихына көптен қалам тербеп жүргендіктен, көпке беймәлім тың деректермен бөліссем деймін. Мен тарихымызда өзінің нақты орны мен бағасын ала алмай келе жатқан Әбілқайыр хан хақында ой толғамақпын.

Бізге белгілі тарих беттеріне үңілсек, Әбілқайырды 1710 жылы Қазақ елінің батыс аймағындағы  барлық тайпалар мен рулар билеушілері қатысқан құрылтайда  жастығына  қарамай хан сайлаған екен. Мұрагерлік немесе хан болу құқығына ие болмаса да, халқын қорғаудағы ерен ерлігі мен табандылығына, досқа  мейірімді, дұшпанға қаһарлы  қайрат көрсететін батырлығына ел дән риза болған.

…Мұздай қаруланған жоңғарлықтар зеңбірегін сүйретіп Қазақ жеріне басып кірді. Ұлы және Орта жүз жоңғар әскерлерінің аяғы астында тапталды. Халық қырғынға ұшырады, тірі қалғандарын  құлға айналдырды. Мүмкіндік алғандар  батысқа үдере көшті. Жалпы, Қазақ елі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған зұлмат заманға ұшырады. Міне, осы тұста елін, жерін азат ету шайқасына  шыққан Қазақ  елінің үш жүзінің билері, батырлары 1726 жылы баршасы жиылып, қарулы қолды басқаратын бас қолбасшылыққа бірауыздан Әбілқайырды  сайлады. Ел басына күн туып, «ат ауыздығымен су ішіп, ер  етігімен  қан кешкенде» бүкіл қазақ халқы жиылып елді құтқарар Әбілқайыр деп сенді. Тағдырларын қолына  тапсырды, туының астына жиналды. Ол ел сенімін ақтады. Бұл – ешкім аттап кете алмайтын тарихи шындық.

Әскер бас қолбасшыға шексіз сенді. Жігерлері жалындаған қазақ сарбаздары Әбілқайырдың қол басшылығымен 1726 жылы (кейбір деректерде 1728 жылы делінеді – Ө.Қ.) Торғай даласындағы Сарысудың орта ағысы алқабында, Бұланты және Білеуті өзендері аралығындағы Қарасиыр деп аталған кең жазықта қазақ жасағы жоңғарлардың әскерлерін  майдан даласында жойқын шабуылмен күйретті. Қалмақ қолдары тас-талқан болған бұл жер кейіннен «Қалмақ қырылған» деген атаумен тарихта қалды.

1730 жылы (кей деректерде 1729 жыл) Балқаштың  оңтүстік шығысында Итішпеc елді мекенінің маңында тарихта  «Аңырақай» шайқасы деп  таңбаланған  үлкен  майданда  қазақ қолдары ұлы жеңіске жетті. Жоңғарлардың  басты  да, негізгі күші тас-талқан болды. Кейіннен әскери қуатын қалпына келтіріп,  Қазақ жеріне талай жорықтар жасаған жоңғарлықтардың қайтадан еңсесі көтеріліп кете алмады. Көрнекті қонтайшысы  өмірден кеткен тұста билікке таласқан, өзара қақтығысқан елде берекет бола ма?  Олардың алауыздықтарын пайдаланып, бір-біріне айдап салып, күшін әлсіреткен қытайлықтар жайлап мысықтабандап жүріп ел ретінде құртты, мемлекеттігін жойды. Осылайша, жоңғарлар күйреуінің бастауында Әбілқайыр басқарған қазақ жасақтарының жойқын жорықтары тұрды.

Әбілқайыр  ханға «қазақ халқының  мүддесін  сатып,  орыстың қоластына кірді» деген айып та тағылады. Шындыққа жүгінер болсақ,  бүгінде көп мәселенің басы ашылды. Елінің болашағын ойлаған, халқының тыныштықта бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етіп, жерін сақтауға тырысқан, алдағы сан ғасырларды болжаған көреген  хандарымыз Әбілқайырға  дейін де, кейін де болған. 140 жыл бұрын  Тәуекел хан орыс патшасы Федор Иванович Блаженныйге жазған  хатында  орыс патшалығымен  қазақтар  «одақтас  болайық» деп  ұсыныс жасаған. Кейіннен Тәуке хан 1722 жылы (ресей дерегімен) орыс  патшасы І Петрге одақтас болуға  шақырып хат  жолдаса, 1740 жылы Орта  жүздің 120 сұлтанын бастап барған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен бас қолбасшы Абылай  Ресейге  бодан  болатындығы  жөнінде  келісімге қол қойған. Көсем хандарымыздың  алдын болжаған біліктілігімен  дұрыс шешім алғандығын кейінгі өмір дәлелдеді.

Ресей билеушілері қазақ халқы үшін қызмет жасап, әскери күш-қуатын жұмсап қорғайын деген бір жақты пиғылдан ада екені белгілі. Олардың алдарына қойған көкейкесті мақсаттары Қазақтың жері арқылы Орта  Азияны билеп, Үндіге шығу жымысқы саясаты болғаны айқайлап айтпаса да, өз іштерінде талқыланып, алысты көздеген сол жоспарларын жүзеге асыруға ұмтылды.

Қай заманда да Үнді еліне қызығушылар көп болды. Біздің эрамызға дейін Македониялық Александр (Ескендір Зұлхарнайын) да сол елге деген ынтазарлық ниеттен шыға алмады. Барды, қансырап кері қайтты.

Ол – біздің бабаларымыздың да табан тіреген жері. Атақты  Бабыр орталарында ойып билік  жүргізсе, оның  ұлы Жаһан Шах  әлемге әйгілі Тәжі-Махалды тұрғызды. Мұхамбет  Хайдар Дулати  бабамыз Кашмирде билік жүргізді. Сүйегі де сонда қалды. Ондай мысалдарды көптеп кездестіруге  болады. Міне, біздер өз мүддемізді, орыстар  өз мақсатын көздеп бірде табысып, бірде ренжісіп, осы кезге дейін қатар өмір сүріп келеміз. Ресей билікшілерінің  саясатынан  зәбір  көрсек те,  қарапайым орыс халқынан зиян шеккен жоқпыз. Пайымдап қарасақ, ұтқанымыз да   баршылық. Ең бастысы сол, елдігіміз сақталды. Мемлекеттігімізден айырылмадық.

Әбілқайыр ханның 1730 жылы Ресейге әскери одақтастық туралы  ұсынысы өтпей, 1731 жылы бодан болуға келісіп, шартқа қол қойса да, ел еркіндігін берген жоқ. Басқару жүйесіне не өзінің саясатына орыс билігін кіргізбеді. Соның нәтижесінде патша жандайшаптарымен арада келіспеушілік жиі болып тұрған. Оны «Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, орыс бодандығын өз еркіммен қабылдадым. Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қайтара алмайды» деген сөзінен анық  байқауға болады.

Әбілқайыр  ханның  орысқа  қосылуында үлкен сыр жатыр, оған өзінің берген жауабын келтірсек түсінікті болар. «Жылдар бойы қоңтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үстіне Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұқара және Хиуамен соғыс бастадық. Төрт жағымызда бірдей жау қоршауында қалдық» деген жауабы көп мәселеге түсінік береді (С.Мәшімбаевтың зерттеуінен).

Қазақ елінің батыс шегін Әбілқайырдың өзі, оның ұрпақтары көздерінің қарашығындай қорғап сақтады. Орыс географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі Алексей Ираклиевич Левшиннің 1851 жылы «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ далаларының сипаттамасы» кітабына жалғанған картасында қазақ хандығының батыс шегін Жайық өзенінің бойымен көрсеткені тарихи шындық болатын. Иван Грозный 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астрахан қаласын басып алды. Ыдырап тұрған Ноғай Ордасын қақ бөліп, кейіннен айдап салу саясаты мен қудалау арқылы Ноғай хандығын күйретті. Еділ-Жайық арасын басыбайлы Орыс империясына қосып алды. Жайық қаласына казактар қоныстанып, Жайық өзені екі жақ кемерімен казак әскерлеріне бекітіліп берілген.

Міне, басыбайлы өздеріне қаратып алған жерді Әбілқайырдың немересі Бөкей сұлтан кейіннен хан ақылымен, әдіс-тәсілімен атажұртқа 1801 жылы Жайық өтіп қоныстанды. Жан-жағын қаптаған ресейліктердің ортасында «қазақ аралындай»  өмір  сүрді.  Оның  ісін жалғастырған ұлы Жәңгір хан ұлтының орыстанып кетуіне жол бермес үшін  біліктікпен  жұмыстанды. Ұлтты сақтаудың алғы шарты дін мен дәстүрді қорғады. Аздаған жылдардың ауқымында көптеген мешіт салдырып, өз жарлығымен әрбір ауылға шамасы 130-ға тарта молла тағайындады. Нарын өңірінде «Указ молла» деген сол кездегі атау әлі кездеседі. Христиан дінін түрлі сылтаулармен тежеді. Ислам дінінің   үстемдігін арттырды. Бұл саясаты патшалық Ресейге ұнамады. Ол жөнінде 1842 жылы Орынбор генерал-губернаторы Василий Алексеевич Перовский мемлекеттік мүлік министрі П.Д.Кеклевке: «Политика Жангир хана по руководству внутренней Ордой и распространению мусульманской религий принесет только вред  для Россий…» деп жазған хатынан жағдай анық көрініс береді. Ханымыз сол жолда өзі де құрбан болды.

Сол тұстағы Қазақ хандықтарының арақатынасына әдейі тоқтар болсақ, Әбілқайыр мен Абылайдың  араларында  бірін-бірі  қадірлейтін сыйластық, орныққан туыстық болғанын байқаймыз. 1726-30 жылдары жоңғарлармен қиян-кескі шайқаста жауға «Абылайлап» шапқан жас Әбілмансұр  бас қолбасшының назарына іліккен. Абылай атасының аруағына сыйынып, оның есімін ұран етіп дұшпанына арыстандай айбатпен бас салып тиіскен жас өреннің болашағына үлкен үміт артып, сенім білдірген. Өсу жолына қамқорлық жасаған, өзінің Қарашаш есімді қызын тұрмысқа берген. Ол жұбайы Абылайға сенімді серік болған, қиналған сәтте орынды ақыл қосып, азаматының сау-саламатта қалуына септігі тиген қадірлі ханшайымы екендігі тарихшы Гүлнара Мұханованың еңбектерінде көрініс тапқан.

1740 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің тұтқынына түскен Абылайды босату жолында көп еңбек сіңірген де – осы Әбілқайыр хан. Ол орыс билігімен арадағы жақсы қарым-қатынасын пайдаланып, Ресей үкіметінің тарапынан Абылайды тұтқынынан босатуды Қалдан Сереннен сұрап, Карл Миллерді  елшілікке  жіберуге ықпал жасады. Екінші жағынан күш көрсетіп, қысым жасау жолын  да  қарастырған.

Абылай сұлтанды жоңғарлар тұтқынынан босату жөнінде Әбілқайыр хан белсенді жұмыс жасағанын тарихшылар М.Итегулов, М.Абдировтардың ғылыми негізде жазған еңбектерінде көрсетілген. Әсіресе, бізді қызықтырғаны – жоңғардың қонтайшысы Қалдан Сереннің Әбілқайыр ханға зілді талабын қойып жазған хатын елшілерінен жіберген тұсы. Онда Абылайды босату  үшін Әбілқайырдың өзі және басқа да қазақ хандары аманатқа балаларын беруін талап етеді. Көп сыйлық беруін, үнемі алым-салық сыбаға беріп тұруларын  көрсеткен. Бұл тұста да Әбілқайыр хан көрегенділік таныта білді. Алдын-ала Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевпен кездесіп, оны жоңғарлардың елшілерін қабылдауға және орыс әскерлерінің күш-қуатын  көрсететін  әскерлер  ойынын көрсетуге көндіреді.

Негізгі мақсаты – орыс қаруы мен жауынгерлерінің күш-қуаты арқылы елшілердің көңіліне үрей туғызу. Ол ойын сөз арасында «мынандай әскери күші бар елмен келіспесе, керісіп өмір сүру қиын болар» деп жеткізеді. Қорқытумен қатар, құрмет көрсетіп ризалайды. Алымды саясаткер екені әрбір қылығынан байқалады. Қонтайшының талабын орындайтын ниетін білдіріп, өзіндегі тұтқын ойраттарды және қазақ даласында қашып, бой тасалап жүргендерді ұстап, Абылайды және қасындағы жолдастарын құтқару үшін айырбасқа керекті санын тауып беретінін айтып, көңілдерін орнықтырады.

Ресей патшалығының тапсырмасымен баратын елші майор Карл Мюллерге жол басшылық жасауға ұлы Ерәліні және оларға қызмет жасап күзету үшін қазақ жасағын жібереді. Келіссөздерде берілген уәделер орындалады. 1743 жылы Абылай бостандыққа шығады. Әбілқайырдың тапқырлығы терең, ақыл мен зерделі ойдың адамы екені осы тұста бір қырынан көрінеді. 

Абылай да  өз кезегінде қайын атасын сыйлап құрметтейді. Оның бір көрінісі мынадай: Әбілқайыр ханның шақыруымен келіп, оның үлкен  ұлы, өзінің кұрдасы Нұралының қолымен бірге түркімендерді  шапқандары және ұрпақтарына қамқорлық жасағаны жөнінде ғалым Б.Насенов зерттеу деректерінде  келтірген.

Әбілқайыр ханды қапылыста өлтірген Барақ сұлтанның қарақалпақтардың елінде әкесінің тапсырмасымен жүрген Ерәліні де жазым етуге ниетін білген Абылай ол ойын жүзеге асыртпаған. 1849 жылы үлкен  қазаға ұшыраған әулетке көңіл айтуға барып, ханның кегін алу ниетіндегі балаларына қарсылық жасамай қылмыскердің тығылып жүрген бағытын айтқан. Орта жүздің Керей тайпасына Абылайдың ықпалымен Ерәлі билікшілікке сайланады. Ол тайпа  Шыңғыс хан атағын алуға жетпеген жас Темужиннің аяғынан тік тұрып кетуіне көмектескен әкесінің досы Тогорил хан (Ван хан) басқарған тайпаның орта жүзде сақталған ру бірлестігі болатын.

Әбілқайыр қазасына бүкіл қазақ даласы күңірене қайғырған. Ол жөнінде А.И.Тевкелев «…народ его крайне любили почитали, и ныне многих видеть слушился  о нем рыдают, неутешно плачут» десе, көзі тірісінде пікірлері келіспеген губернатор И.И.Неплюев Петерборға «уже и ныне он, Абулхайр хан, акиб  за святого у них признавается, и разные чудеса над его могилою разглашают» деп хабар салса, қазақтармен, оның басшысы Әбілқайырмен үнемі жауласып өткен  жоңғарлардың  қонтайшысы Севан Дорж Барақ сұлтанның зұлымдық ісін қолдамаған. «Оның сіздерге жорыққа шығатынын қолдамай өлтірдім, мені өз қарамағыңызға алып қорғаңыз» деген екі хатына жауап қайтармай, өзін жазалауды тапсырған.

Әбілқайыр хан қазасы тұсында жымысқы жәйттер көп. Өмірінің мұраты қазақ халқына қызмет жасау деп есептеп жастайынан елін сақтап, жерін қорғау үшін атқа қонып, дұшпандарымен жанын пида етіп қан майданда жүрген кісі. Ел мүддесі үшін патшалық Ресейдің қол астына сөз жүзінде кірдім десе де, іс жүзінде дербестігін сақтады. Орыс әкімшілігін хандықты билеу саласына кірістірмеді. Жерін сақтап, еркін қоныстануға мүмкіндік жасады. Ел тыныштығын қамтамасыз етті. Осындай іс тындырып, пікірінен қайтпаған  ханмен орыс империясын сақтауды басты мүддем деген генерал-губернатор Неплюевтің арасы өте салқын болуы – заңды құбылыс.

Кездескенде жалған биязылық танытып, сырттай сыпайы сөйлессе де  іштегі  салқындық  мұз  болып  қатып жататын. Орыс патшалығына  еркіндік сүйетін кісінің орнына  өздерінің  дегенінен шықпайтын, айдағанына жүріп, айтқанына көнетін кісі іздемеді деуге сену қиын. Біздің болжауымызша, ондай кісі тауып қолтығына су бүркіп, биліктен үміттендіріп, ханның көзін жоюға итермелеп жұмсады ма деген күмәніміз  қалың.

Оған  күмәндануға негіз де жоқ емес. Ресей империясының сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясаты мұрағатынан алған Болатбек  Насенов мырзаның деректерінде «…Император канцеляриясы  Тевкелевке егер Әбілқайыр хан  өзінің Неплюевке  ашу-ызасын, Ресейге  қастандығын  тоқтатпаса, онда  оны  хандық  тақтан тайдыру  құқығын  да береді. Оның орнына  хан  етіп  Ресейді  жақтайтын  старшындардың  бірін сайлауды тапсырған. Әбілқайыр ханды өз жағына тарту үшін бірнеше сыйлықтарды Тевкелев арқылы жібереді» деген жолдар бар.

Әрине, бұл – біздің болжамымыз. Оның шындығын анықтау тарихшы-ғалымдарымыздың міндеті деп  бұл тақырыпты тәмамдаймыз.

Тарихи тұлға Әбілқайыр ханды мақтаушылар да,  даттаушылар да баршылық. Біз көптеген зерттеуші ғалымдардың деректеріне сүйендік. Кейбір деректерге көңіл аударсақ, патша үкіметі мен Әбілқайыр ханның арасындағы келіссөзді жүргізуші полковник, кейіннен генерал-майор М.Тевкелевтің жазбасында былай делінген: «Онымен өте  жақсы  әңгімелестім. Әбілқайыр Ресей императорының  қол астына бару үшін басқа хандармен және сұлтандармен ақылдаспай бір өзі сұрапты. Мен оған неге олай жасадың?» деп сұрадым. Оған Әбілқайыр хан былайша жауап берді: «Саған шынымды  айтайын, мен ешкіммен  ақылдаспай, бір өзім Ресейдің қол астына баруды шештім. Біріншіден, ерте заманнан бері менің ата-бабаларым Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларының маңайындағы ауылдардың иесі болды. Қазақтар мен қалмақтар көп жылдар соғысуда. Менің оларға шамам келмеді. Сол қалаларды тастап, көшпелі халықтарға қосылуға тура келді. Одан кейін де көп жылдар қонтайшылармен соғыстық. Еділ қалмақтары, Оралдың башқұрттары, Бұхара және  хиуалықтар қазақтарға шабуыл жасауда. Төрт жағынан жауласу кезінде қалалар мен ауылдарды қорғау мүмкін болмады. Бүгінгі күні Бұхарамен, қалмақтармен татуластық, ал Хиуада әкемнің інісі Әдбасхан хан болып тағайындалды. Енді Еділ қалмақтары бейбіт елдерге шабуыл жасайды. Ал, башқұрттар императордың жарлығынсыз бейбіт өмірге көнбейді» (Ресей Империясының Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат мұрағатында (122-қор, 1-тізім, 6-сі) (1746 жылы маусым, 17-қазан).

Әбілқайыр ханға замандастары берген бағаға назар аударсақ: Орыс тарихшысы А.И.Добромысовтың «…Самым сильным предпричивым и энергичным из ханов Киргизских Орд был ближний наш сосед хан малый орды Абулхайыр» десе, Орынбор экспедициясының тұңғыш басшысы Н.К.Кирилов «Часто упомянутый Абулхайыр хан из всех Киргиз-Кайсахских ханов знатный и умный человек» деген. Өзінің атқарған ісі мен өмірінің мәні жөнінде қазаға ұшырамастан бір айдай бұрын  1748 жылғы 8 шілдедегі соңғы тілегі мұрағаттық құжатқа сай Болатбек Насеновтің келтірілген дерегінде: «Бұл өмір бәрімізге де мәңгілік емес, мен де бұл дүниеден кетемін, тілегім – тек қана қазақ балаларыма бір із қалдырғым  келді. Кейінгі ұрпақтарым,  тілектестерім мені жақсы жағынан еске алса, ал жауларым оларды дұрыс жолдан тайдыруға ұмтылады.  Олар мені  «ұлын қызыл теріге, кармазинді матаға ауыстырды» деп  мазақ қылуда. Мен оларға былай деймін, ең алдымен, Жайықтың бойында қамалдар болған жоқ еді, ұлыстар көшіп-қонған емес еді. Сондай-ақ, қазақтармен сауда қатынасы да болған жоқ еді. Құдайға шүкір, бүгінде қамалдар  салынуда, қырғыздар  сауданың іргетасын қалады. Адал қызмет ету жүрегімізге ешқандай шек келтіре алмайды. Жайықтың екі жағындағы көк шалғын, айдын су – біздікі» деп жазғанындай, алдына қойған мақсаты айқындалды. Өзінің «Жайық өзені қашан сарқылып, арнасы  кеуіп қалғанша қазақтар одан кетпейді»  деген сертін орындау үстінде дүниеден өтті.

Әбілқайыр хан жөніндегі зерттеулер, ол кісіге арналған шығармалар да жеткілікті. Қазақ елі үшін баға жетпес маңызы  бар «Үркер», «Елең-алаң»  сынды  романдар  арқылы  ел тарихының көріністерін суреттеген қазіргі қазақ  әдебиетінің  көш бастаушысы Қазақстан  Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев  шындықты шынайы кескіндеп, өткенімізді  еш  боямасыз бейнелегеніне мың сан разымыз.

Әр кезеңнің өз ерекшеліктері  болады. Әбілқайыр хан өмір сүріп, ел билеген  кезеңде  Қазақ елінің тағдыры алмас қылыштың жүзінде тұрғаны қазір анық көрініп тұр. Жалпы, «ел басқарған, көреген Тәуекелден бастап, Тәуке, Әбілқайыр, Абылайлар сынды хандарымыз батыл да, дұрыс  шешім алмаса, сол кезде үш жүзге бөлініп ыдырап  тұрған Қазақ елі сақталып қалуы неғайбыл»  деген ой туады. Қуаты қарыштап артып келе жатқан Орыс және Қытай империясының  ортасындағы дарқан даладағы елді ту-талапайға түсіру мүмкіндігі жоқ емес еді. Ондай жағдайларды тарих біледі. Біз сөйтіп сақталдық, ұлт-азаттық көтерілісті бастан кешірдік, міне, дүние жүзінің  қоғамдастығының бір елі болып әлем кеңістігінде өз орнымызды алдық.

Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында өткенімізді анық білмейтіндер, «ел ағымы – су ағыны» дегендей, Әбілқайыр ханды айналып өтіп жүргендері көңілге қаяу түсіріп, жүректі ауыртады. Әбілқайыр хан бар өмірлік болмысы мен ұстанымын 1747 жылы Кіші жүз бен Орта жүз сұлтандарымен ру билеушілерінің алдында анық айтты. Оның «…мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға барамын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын» деген сөзі – бүгінгі күні де Тәуелсіз Қазақ елінің әр азаматына айтатындай даналық тұжырым.

«Жоқты бар етем, елімді ел етем» деп халқының болашағы үшін ат үстінен түспей жүріп мерт болған Әбілқайыр хан еңбегін ұмытпау – өскелең ұрпақ парызы.

 

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,    өлкетанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Қазақстан  Жазушылар Одағының мүшесі.       

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз