Жұмыскерде белсенділік жоғары
Атырау қаласының тұрғыны Саламат Қаршегенов сайлау учаскесіне жұмысқа асығып бара жатса да, елдің болашағы үшін маңызды шешім қабылдау қажет екенін жақсы түсінеді.
– Бұл әр азаматтың борышы, мен де, жерлестерім де осыны түсінеміз, – деп Саламат Қаршегенов азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын айтты.
Ол дауыс берген №18 референдум учаскесі Атырау қаласының Жұмыскер ықшам ауданында орналасқан.
Исатай Тайманұлы атындағы жалпы білім беретін мектептегі учаскеде барлығы 2488 сайлаушы тіркелген. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Рауасия Масалимова алғашқы сағаттардан-ақ сайлаушылардың белсенділігі байқалғанын атап өтті. Оның айтуынша, таңғы уақыттың өзінде 50-ден астам адам дауыс беріп үлгерген.
– Жерлестеріміздің жауапкершілігі жоғары. Мүгедектігі бар дауыс берушілердің де белсенділігі қуантады: 8 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірсе, 4-і учаскеге өздері келіп, таңдау жасайды, – деді Р.Масалимова.
Оның айтуынша, тұрғындардың жұмысына асығып бара жатқанына қарамастан, сайлауға қатысуы – елдің болашағына деген сенімнің белгісі.
Жайна МӘЛІМҚОЖА