Жарнама
Референдум

Жұмыс басталды, учаскелер дайын

Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 6 қазанға бүкілхалықтық республикалық референдумды жариялаған болатын. Осы аптаның басында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау облысына сапары аясында қалалық, аудандық сайлау комиссияларының мүшелері мен құқық қорғау органдары өкілдері және жергілікті құрылымдар басшыларымен кездесті. Онда алдағы республикалық референдумның маңызына тоқталып, ұйымдастыру барысындағы өзгерістер жөнінде айтты.

– Қай мемлекет үшін де референдумның орны ерекше. Себебі, елдік мәселеге тікелей араласып, дауыс берушілер өз пікірін айтады. Бұл, бір жағынан, демократия көрінісі. Және референдумға шығарылып отырған сұрақ былтырдан бері көтеріліп, айтылып келе жатқан мәселе – Қазақстан территориясында АЭС салу не салынбау жайы. Ол сұраққа жауап беретін Қазақстанның халқы. Бүгінде біздің есебіміз бойынша республикада жалпы сайлаушылар саны 12 миллионнан асып тұр.

Референдум – тәуелсіз Қазақстанның тарихында жиі болмайтын оқиға. 1995 жылы екі рет өтіп, сол жылы қолданысқа «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданған болатын. Содан кейінгі 27 жыл бойы елімізде референдум болған емес. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы президенттік сайлауалды бағдарламасында ең өзекті әрі маңызды сұрақтар бойынша халықпен ақылдасатынын айтқан еді. Сөзінде тұрып, 2022 жылы 5 маусымда өткен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатындағы республикалық референдумға қазақстандық сайлаушылар белсенді қатысып, оң пікірін білдірді. Содан бері де арада екі жыл өтті. Ендігісі – аса маңызды мәселе, отандастарымыздың айрықша қызығушылығын туғызып отыр. Бұл жерде елдің пікірі өте маңызды, — деп атап өтті Нұрлан Мәжитұлы.

Айта кетелік, Атырау облысындағы жеті аудан мен облыстық маңызы бар қалада 708,6 мың адам тұрады. Басқосуда референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімі бойынша жергілікті атқарушы органның атқарып жатқан жұмысы, референдумды ұйымдастыру, ақпараттандыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету барысын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев баяндады. Оның айтуынша, бүгінде БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен сыртқы жарнамаларда референдумды ақпараттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сайлаушылар тізімінде өзін-өзі іздеу және сайлау учаскесін анықтау мақсатында телеграмм жүйесі арқылы тұрғындарға арналған «ТелеграммБот» қолжетімді қызметі іске қосылған.

– Референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақ-тандыру бағытында қала және аудан әкімдіктері Аумақтық референдум комиссияларымен бірлесіп жұмыстарды жүргізуде. Облыстың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, барлық учаскелерді қосалқы генераторлармен қамту жоспарланып отыр, — деді Жасұлан Орақұлы.

Референдум учаскесі орналасқан Жылыой және Мақат аудандарында біреуден, қаладағы 6 ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы уақытылы аяқталмау қаупі болғандықтан олар жақын орналасқан ғимараттарға ауыстырылған. Дауыс беру барысында ерекше қажеттілікті талап ететін 4619 сайлаушының тізімі жасақталыпты. Оның 603-і арбаға таңылған тұрғындар болса, 3063-і көру, 953 адам есту қабілетінен айырылған. Барлық сайлау учаскесі олар үшін арнайы кабиналармен және бұрыштармен жабдықталған. Ал, тозығы жетуіне байланысты қосымша 44 стационарлық, 115 тасымалданатын урнамен учаскелерді қамту жоспарланыпты.

Облыста барлығы 9 аумақтық, 274 учаскелік референдум комиссиясы бар. Саяси науқан барысында қызу қарқынмен жұмыс істейтін 283 комиссияға 2037 адам мүшелікке тартылған. 1 қыркүйекке дейін комиссиялардағы 120 бос орынға жаңа мүшелер тиісті мәслихаттар арқылы сайланды. Қазір комиссияларда бос орындар жоқ. Бұл туралы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды дайындау мен өткізу мәселелері бойынша кеңесте Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Есенжол Жұмағалиев баяндады. Оның айтуынша, облыстағы 274 референдум учаскесінің 134-і немесе 49%-ы Атырау қаласында орналасқан. Ал, азаматтардың уақытша болу нысандарында құрылған 11 жабық учаскенің барлығы да облыс орталығында екен. Биыл облыста 2 сайлау учаскесі жабылып, жаңадан 7 сайлау учаскесі ашылған. 39 учаскенің шекараларына өзгерістер енгізілген. Күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай 8 референдум учаскесінің орналасқан орындары ауысыпты.

– Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 15 қыркүйекте, яғни дауыс беруге 20 күн қалғанда әкімдіктерден акт бойынша азаматтардың тізімдері алынады. Олардың саны 1 шілдедегі мәлімет бойынша – 412757 сайлаушы. Осы күні референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері, саны және дайындалуы тиіс дауыс беру бюллетендерінің саны анықталады. Сайлаушылар тізімдерін референдум комиссиялары қабылдаған күннен бастап, яғни 15 қыркүйек күні учаскелік референдум комиссиялары жұмысын бастайды. Дауыс беруге он бес күн қалғанда, яғни 20 қыркүйектен кешіктірмей, азаматтардың тұрғылықты жеріндегі учаскелер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері оларға танысуға ұсынылады, — дейді Есенжол Таңатарұлы.

Дауыс беру кезінде мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін шаралар қабылданды. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру бойынша облыс әкімінің бекітуімен іс-шаралар жоспары іске асып жатыр. Осы мәселе 4 қыркүйекте өткен облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінде қаралып, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілген.

Барлығы 181 референдум учаскесінде азаматтардың өздерін тұрғылықты жері бойынша іздеуі бойынша сервистік қызметтер және Атырау қаласындағы 5 учаскеде тіркеуде жоқ азаматтарды өтініштері арқылы тіркеу бойынша дауыс беруді жүзеге асыру жоспарланған. ОРК эскизі бойынша қала және аудандарда, елді мекендерде 142 ақпараттық бильборд ілінді. Референдум учаскелері орналасқан ғимараттарға 548 күнтізбелік баннер, 1096 инфографикалық плакат ілінуде.

Комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарлары да басталыпты. Осылайша, референдум комиссияларының 1152 мүшесін арнайы оқытудан өткізу жоспарланса, каскадтық әдіспен оқытуда барлық 2037 комиссия мүшесі қамтылмақшы.

Одан әрі референдум процесіне қатысушылардың тиісті заңнаманы сақтауын қадағалауды жүзеге асыру туралы Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов тарқатты. Ал, референдум науқаны және дауыс беру күні құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жайын Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев айтты. Оның баяндамасынан білгеніміз – облыс аумағындағы қоғамдық-саяси және жедел жағдай тұрақты.

– Референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары белгіленген талаптарға сай жүргізіледі. Осыған сәйкес Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің департаменті жергілікті атқарушы және прокуратура органдарымен бірге ұйымдастыру және практикалық іс-шараларды жүзеге асырады. Бұл шараға арнайы штаб пен жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары жасақталып, бұйрықпен бекітіледі, — деп Нұрхат Кенжебайұлы іс-шара өткізу кезеңінде учаскелік референдум комиссияларына жұмылдырылған полиция қызметкерлерінің жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында іс-қимыл алгоритмі мен жадынама жасақталып, жеке құраммен күнделікті нұсқама ұйымдастырылатынын да жеткізді.

«Қазақстанға атом электр станциясы қажет пе?» деген сауал қазір кім-кімді де алаңдатып отыр. Елдік мәселеге бейжай қарамайтын көзіқарақты бұқараның пікірі екіге жарылады. Отандастарымыздың бір бөлігі мұндай қуат көзінің қажеттілігін айтса, енді бір бөлігі оның экологиялық тұрғыдағы қаупінен сескенеді. Қалай болғанда да, қарама-қарсы пікірлердің қай-қайсысын да түсінуге болады. Сол себепті де Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізуді жоспарлап отыр. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» емес пе?

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button