Референдум

Референдум әділ өтуі керек

Қай кезеңде болмасын кез-келген сайлау науқаны ел азаматтары үшін аса маңызды және оның шынайы өтуі – басты мақсат. Ал биылғы 6 қазанда өтетін референдумның жөні бөлек, ел тарихындағы айтулы оқиға. Әділ өтуінің кепілі – жаңадан құрылған референдум комиссиялары. Оның мүшелері білімді де білікті, референдум өткізудің заңдылығы мен тәртібін терең білуі қажет. Бүгінде Жылыой ауданында бұл мақсатта қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Соның бірі – референдум комиссияларына арналған семинармен басталды.

Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Республикалық референдум: құқықтық негіздер, референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында референдум комиссиялары мүшелеріне арналған біліктілікті арттыру семинары өтті. Оған 103 адам қатысып, өзінің заңдылық аясындағы білімдерін жетілдірді.

Семинарды Атыраудан арнайы келген облыстық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Есенжол Таңатарұлы бастаған арнайы мамандар тобы өткізді. Оның ішінде комиссия хатшысы М.Аманжолова мен комиссия мүшесі Т.Меңдібаевтар да бар. Семинар барысында қатысушылар төрт топқа бөлініп, біліктілікті арттыру мақсатындай түрлі ойындар ұйымдастырды. Ситуациялық сұрақтар қойылып, референдум кезінде туындауы мүмкін келеңсіз жайттарға алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізді.

Одан бөлек барлық семинарға қатысушы комиссия мүшелері жазбаша түрде тест тапсырып, өз білімін сарапқа салды. №93 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Айнаш Байғабылова өткізілген семинар хақында өз ойымен бөліскен еді.

–Біліктілікті арттыруға бағытталған бұл шара оң жемісін береді деген үміттемін. Атыраудан арнайы келген спикерлерден көп ақпарат ала білдік. Осыған дейін және семинардан жинаған тәжірибеміз бен білімімізді референдум кезінде көрсетіп, еліміз үшін өте маңызды науқанның әділ өтуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, — деді ол өз сөзінде.

– Иә, әлем көз тігіп, елдің болашағы таразыға түскен сын сағатта барлық азаматтарды референдумның әділ өтуіне, әрі мемлекет үшін оң шешім қабылдауына атсалысуға шақырамыз. Бүгінгі қабылданған дұрыс шешім жарқын болашақтың кепілі болмақ, — дейді облыстық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Есенжол Таңатарұлы.

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button