Жарнама
Референдум

Нұрлан Әбдіров жылыойлық жастармен жүздесті

Бүгін республикалық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Жылыой аудандық орталық кітапханасында өңір жастарымен кездесті. Онда еліміздің болашағы үшін маңызды оқиға – 6 қазанда өтетін референдумды ұйымдастыру, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған өзге де мәселелер қозғалып, жиынға қатысушылар өз пікірін білдірді. Елімізде өзекті мәселеге айналған атом электр станциясын салу ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес жалпыұлттық референдум арқылы анықталатын болады.

Қазір осыған байланысты республика көлемінде қалың көпшіліктің ой-пікірін білу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жиынды ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлының өткізіп, мәселеге жан-жақты тоқталды:

–Еліміз үшін өте маңызды республикалық референдумның дайындығы аясында орталық сайлау комиссияларының мүшелері еліміздегі барлық өңірді аралап бастады. Дайындық деңгейімен танысуға, сонымен қатар, әзірлік аясында комиссия мүшелерінің әрбірінің тиісті оқудан өтуін, қадағалау тәжірибесін, білімін анықтауын, сайлау учаскелерінің материалдық жағынан қамтылуын өз көзімізбен көріп кету – мен үшін маңызды мәселе. Біздің референдумға байланысты конституциялық заң 17 шілдеде өз күшіне енді. Онда көптеген нормалар пайда болып, соған сәйкес комиссия мүшелерін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Құлсары қаласына келудегі бірден бір себебім, биыл республикада қаншама өңірлер, қалалар, ауылдық мекендер суға кетті. Оның ішінде Құлсары халқы қатты қиналды, сол үшін іссапарымды осы қаладан бастадым. Бүгін 17 учаскенің 14-і нақты учаскелер болып табылса, 3-і зардап шекті. Десек те, 2-еуі қайта жөндеуден өтіп, толық өз жұмысын атқаруға дайын. Ал, қалған бір учаскедегі күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін созылуына байланысты аумақтық сайлау комиссиясы ол учаскені басқа орынға ауыстыруға шешім қабылдады. Ол жерді өз көзімізбен барып көрдік, учаске орны өте қолайлы, тиісті жабдықтармен қамтылған. Жалпыхалықтық референдум — халықпен байланыс орнататын ерекше әдіс, — деді Н.Әбдіров.

Сондай-ақ төраға өз сөзінде референдумның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткен “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына дәлме-дәл келетін саяси маңызы бар жоба екенін атап айтты.

–Бүгінде осы жоба аясында 10 мыңнан астам сайлау комиссиясы құрылып, онда 70 мыңның үстінде адам жұмыс істеуде. Оның ішінде дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, сондай-ақ жұмыссыздар мен зейнеткерлер де бар. Сайлауға 18 жастан жоғары барлық қазақстандық қатыса алады. Ата заңымыз бойынша азаматтық құқық болып саналатын дауыс беруде әр адамның орны ерекше. Себебі еліміздің келешегі үшін әр тұрғынның жеке пікірі сарапқа салынса, соған байланысты мәселенің де шешімі оңай табылатыны анық, — деді Н.Әбдіров.

Жиын барысында ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасына қатысушылар арасынан сұрақтар қойылып, оған сәйкес толыққанды жауаптар алынды. Сонымен қатар, төраға көмекшілерінің алда өтетін референдумға байланысты электронды түрде дайындап әкелген сауалнамасына жастар QR код арқылы кіріп, жасырын түрде өз дауыстарын берді. Ол жерде сайлаулар мен референдумдарда сот әрекетке қабілетсіз, бас бостандығынан айырылған азаматтардың дауыс беру құқығы, президенттікке кандидатқа қойылатын талаптар, әйелдердің сайлау құқығының шектеулілігі жөнінде бірнеше сұрақтар топтастырылған. Бұған дейін референдумға дейінгі өңірлерді аралау жұмыстарында бұл сауалнамада 1047 жастар дауыс берсе, бүгінгі жиын барысында 36 дауыс қосылды.

Соңынан ұйымдастырушылар түсінік жұмыстарын пысықтады.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button