«Науқаннан қалуға құқым жоқ»
Атырау қаласы «Нұрсая» шағынуданындағы N90 референдум учаскесіне аяқтай келіп, дауыс берген жанның бірі — Рустам Шамбозов. Көзі көрмейтін мүгедек жан аталған референдум учаскесіне арнайы шақыртылған инватаксимен жетіпті.
-Референдум — халықтың мемлекеттік билікке араласуының бірден бір көрінісі. Ал, саяси науқанға біркісідей қатысып, өз таңдауын жасау, мемлекеттік іске бей-жай қарамау – әр қазақстандықтың парызы. Мейлі ол жас, кәрі, зейнеткер немесе мүгедек жан болса да ел алдындағы борышына жауапкершілікпен қараған дұрыс. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, үйден шықпай дауыс беруге немесе арнайы инватаксимен келуге мүмкіндік берілгені қуантты. Яғни, мүгедек жандар да өздерінің азаматтық борыштарын орындады.
Ауа райы да жайлы болып, өз таңдауымызды жасап, кемел болашағымыз үшін тағы бір шешуші сәтті басымыздан өткізіп, еліміздегі демократияның кеңінен өрістеуіне негіз қаланғанына куә болдым, — дейді І топ мүгедегі Рустам Русланұлы.
Рита Өтеуғали