М.Әшімбаев жетісулық тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырды
«Халық қалай шешеді, солай болады». Атомдық электр станциясының құрылысын қолдау жөніндегі республикалық халықтық штабты Жетісу облысына бастап барған Мәулен Әшімбаев осылай деді.
Сенат төрағасы тұрғындармен кездесіп, халықты референдумға белсенді қатысуға шақырды. Және көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік осал топтағы азаматтар жұмыс істейтін тігін фабрикасының ұжымымен кездесті. Қала құрылысымен айналысатын кәсіпорын қызметкерлерімен де жүздесті. Кездесулер барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселелері, заңнамалық нормалар мен референдумның маңызы кеңінен талқыланды. Іс-шара кезінде еңбек ұжымдары өз пікірін білдіріп, атом электр стансысының пайдасы мен тәуекелдерге қатысты сауалдарына тұшымды жауап алды. Өндіріске қажетті жаңа тәсілдерді зерделеудің және инновациялық технологияларды енгізудің игілігі де сөз болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
–Осы референдум бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымының нақты жүзеге асырылуы деп қабылдау керек. Себебі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағына қатысты мәселелерге келген кезде, жалпы бүкіл ұлтқа бір әсерін тигізетін қадамдарға баратын кезде біз оны кабинетте отырып өзіміз қабылдамай, халықтың ішіне барып, пікірін естіп, сөйтіп қана шешім қабылдауымыз керек деп айтқанын білесіздер. Сол себепті осыны халыққа айтуымыз керек. Халық қалай шешеді, солай болады.