Халқымыз үшін жауапты күн
7 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып дауыс беруге Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің және Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев келіп, пікірімен бөлісті.
-Бүгін еліміз, халқымыз үшін жауапты күн. Президентіміз биылғы Жолдауында әділетті Қазақстанды құру жөнінде бастамаларды көтерді. Оның ішінде заң мен тәртіп, экономикалық өсім және қоғамдық оптимизм деген үш маңызды мәселені алдымызға қойды. Соның бірі — экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөнінде биыл рефрендум жариялап, соған дауыс беруге келіп жатырмыз. Бұл тарихымыз үшін есте қалатын маңызды оқиға деп білемін. Себебі, еліміздің экономикасын көтеріп, қорғаныс қабілетін нығайту үшін энергия көздері қажет. Айталық, Қазақстанның орталығында энергия көзіне тапшылық қазірдің өзінде анық сезілуде. Экологиялық мәселерді шешу үшін де бізге жаңа энергия көзі керек. Демек, үлкен мәселелердің бірі — энергия қуатын күшейту. Сондықтан, бізде де атом электр станциясын салу жайы бұрын да көтерілген болатын. Ал, биыл осыған халықтың пікірін біліп, келісімін алу мақсатында референдум өткізілуде. Бұл болашақта еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өте қажетті мәселе деп есептеймін. Референдумға дауыс беруге отбасыммен бірге келдім. Тәуелсіз мемлекетімізде тек тыныштық пен бірлік болсын,-дейді Кеңес Темірұлы.
Айбөпе САБЫРОВА
Суретті түсірген автор