Елдік іс-шарадан ешкім де шет қалмауы тиіс
Атырау қаласындағы N9 орта мектеп ғимаратында орналасқан N38 референдум учаскесіне дауыс беруге келгендердің ішінен ерекше бір жанды жолықтырдық.
Шаһардың СМП-136 шағынауданында тұратын Маржан Сұлтанова — бірінші топ мүгедегі. Оның арбаға таңылғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Бұрын бір мекемеде тазалықшы қызмет атқарған. Тағдыр теперішімен осындай жағдайға тап болыпты. Әйтсе де оған мойымаған ол өзін ешқашан мүмкіндігі шектеулі жан ретінде сезінбейді екен. Екі қолы сау болғандықтан біраз шаруаны өзі тындыра беретін көрінеді.
-Ел өмірінде болып жататын осындай қоғамдық-саяси маңызды шарадан қалыс қалып көргенім жоқ. Өйткені, бәрі де мемлекеттің жарқын болашағы, кемел келешегі үшін жасалатыны айқын. Сол себепті осы жолы да көппен бірге бекітілген учаскеме келіп, таңдауымды жасағанды жөн көрдім. Балаларымның сүйемелдеуімен, көмегімен осыннан табылып, таңдауымды жасап отырған жайым бар. Ел өміріндегі маңызды шарадан ешкім шет қалмауы тиіс деп санаймын, — дейді Маржан Мұратқызы.
Дәулетқали АРУЕВ