«Дауыс беру – азаматтық парызым»
Атырау сервис колледжінде орналасқан №12 референдум учаскесінде 2377 дауыс беруші тіркелген. Қазірдің өзінде (сағат 08:45-те) отыздан астам атыраулық өз таңдауларын жасап үлгеріпті.
№12 учаскелік референдум комиссия төрағасы Галина Буревскаяның айтуынша, ертемен келген дауыс берушілердің басым бөлігі – ауысыммен жұмыс істейтін ер-азаматтар. Олар таңғы 7.00-ден бастап өз таңдауларын жасаған. Учаскеде 9 мүше, 5 байқаушы жұмыс істеп жатыр. Ертемен келіп дауыс бергендердің бірі – Атырау қаласының тұрғыны Санжар Ахметов. Ол жұмысқа барар алдында өз таңдауын жасағанды жөн көріпті. Сондықтан ол ең алғашқылардың бірі болып дауыс берді. «Мен үшін елімнің болашағы маңызды. Сондықтан, өз таңдауымды жасауға келдім. Жалпыхалықтық референдумға қатысу – азаматтық парызым» дейді ол.
Жалпы, референдум учаскесі бойынша ең қарт дауыс беруші 93 жаста екен. Ол денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беруге өтінім білдіріпті.
– Негізі, учаске бойынша үйден дауыс беретін 23 тұрғын бар. Көзі көрмейтін, есту қабілетінде ақаулығы бар дауыс берушілеріміз бар. Комиссия мүшелері оларға түстен кейін сағат 14.00-де барады,-деді учаске комиссиясының төрайымы Галина Буревская.
Айбөпе САБЫРОВА
Cуреттерді түсірген автор