Редакция құрамы
«Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы
ҚОСШИЕВ Назарбек Төлеуішұлы
1976 жылы 24 тамызда Қарабау селосында туған. Білімі – жоғары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология және экономика факультеттерін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Энгельс атындағы кеңшардың жұмысшысы болып бастаған. 1993-2020 ж.ж. – Атырау облыстық телерадиокомпаниясы, кейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалының бейнемонтаждаушысы, телеоператоры, дикторы, Атырау қалалық телеарнасының жауапты редакторы, телекомментатор, аға редактор, телеарнаның Индер ауданы бойынша штаттан тыс тілшісі, шеф редактор, продюсер, директордың орынбасары-бас редактор.
Әр жылдары облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бөлім редакторы, облыстық «InterYes» жастар газетінің бас редакторы, «Атырау-Ақпарат» КМК мониторинг және сапа менеджменті бөлімінің бастығы, «Атырау TODAY» газетінің бас редакторы (қосымша), Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы; мемлекеттік қызмет саласында – Атырау қаласы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Индер ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру, кадрмен жұмыс және мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы, аудан әкімі аппараты мемлекеттік құқық, төтенше жағдайлар және кадрмен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Индер аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, Атырау облысы әкімі аппаратының бас маманы-баспасөз хатшысы болып жұмыс жасаған.
Атырау телевизиясы тарихында бірнеше ақпаратты-сараптау бағдарламалардың идеялық авторы әрі жүргізушісі, көптеген телехабарлар, телеочерктер мен циклдардың, «Хазардан – Қазаққа дейін…» тарихи-мәдени телеэкспедициялық жобасы, бірнеше тарихи-танымдық бейнефильмдердің авторы. Оннан астам тарихи-танымдық кiтаптардың авторы, бірнеше энциклопедиялық жинақтардың құрастырушысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжілісінің Алғысхаттарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», басқа да мерекелік және ведомстволық медальдармен, Атырау облысының және Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамоталарымен, көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Халықаралық «Шабыт-2004» фестивалiнiң дипломанты, профессор Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының лауреаты, түрлі шығармашылық байқаулардың жүлдегері.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі. Ақпарат саласының үздігі. Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.
«Атырау» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары
БАЗАРБАЕВ Азамат Сансызбайұлы
Индер ауданында 1973 жылы 13 тамызда дүниеге келген.
Еңбек жолын Индер аудандық «Дендер» газетінде корректор болып бастаған. Одан соң шекара әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітірген. 1998-2006 ж.ж. – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, бөлім редакторы. 2006 жылы – республикалық «Алтын Орда» апталық газеті бас редакторының орынбасары. Бұған дейін – «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі.
Республикалық С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. Атырау облысы әкімі Алғыс хатының, облыстық прокуратура, сот, ішкі істер департаменті басшылығы арнайы сыйлықтарының иегері. «Теңізшевройл» ЖШС ұйымдастырған журналистер арасындағы конкурстардың бірнеше мәрте жүлдегері.
«Атырау» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы
МҰХАМБЕТАЛИЕВ Дәурен Қуанышұлы
1987 жылы 6 маусымда Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген.
Еңбек жолын 2006 жылы Мақат ауданындағы «Мұнайшы» газетінде көркемдеуші-дизайнер қызметінен бастаған. 2007 жылдан облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы дизайнерлер цехының басшысы, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылдың наурыз айынан – «Атырау» газетінің жауапты хатшысы.
Үлгілі қызметі үшін Атырау облысы және қаласы әкімдерінің, салалық құрылымдардың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болған. 2017 жылы «Үздік жауапты хатшы» номинациясының иегері атанса, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған. 2023 жылы «Атырау» газетінің 100 жылдық медалін алды. Сондай-ақ 2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Алғыс хатымен марапатталды.
Хатшы-референт
ТАЙТЕКОВА Тамара Маратқызы
1971 жылы 11 қыркүйекте Гурьев қаласында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «физика-информатика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген (2000).
Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде 1995 жылдан бері еңбек етеді. Редакция курьері, теруші, хатшы-референт болып жұмыс жасаған. Қазір – «Атырау» газеті редакциясының хатшы-референті.
“Atr.kz” сайтының редакторы
ҚҰРМАШЕВА Алтыншаш Нәсіпқалиқызы
1989 жылы 2 қаңтарда Атырау облысы Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1995-2006 жылдар аралығында Ақтоғай орта мектебінде білім алды. 2006-2010 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша оқып, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған. 2011 жылы тамыз айында «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің қоғамдық-саяси бөліміне тілші болып қызметке орналасты. Әр жылдары редакцияның бөлімдерінде аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі болды. 2024 жылдың наурыз айынан бері аталған газетте atr.kz cайтының редакторы қызметін атқаруда.
Аталған еңбек жолдарында «Талбесік», «Жандауа», «Bilim like» газет қосымшаларын шығарып, жұмысын жүйелі ұйымдастыра білді. 2018 жылы «Жыл журналисі» номинациясына ие болды. Сондай-ақ әр жылдары жергілікті атқарушы орган басшыларының, қалалық Мәслихат хатшысының, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталған.
Арнаулы тілші
ҚАЛИЖАН Еркеназ Еркінқызы
1998 жылы 4 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Мақаш ауылында дүниеге келді. 2004-2016 жж. Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінде білім алды. 2016-2020 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша оқып, білім ордасын қызыл дипломмен тәмамдады.
2020-2024 жж. Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінде II санатты тілші болып жұмыс жасады. 2024 жылдың қараша айынан бастап облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінде арнаулы тілші қызметін атқаруда.
Облыстық, республикалық мүшәйралардың, байқаулардың жүлдегері. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі. «Жарқыл», «Тарту» жыр жинақтарының авторы.
Экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелер бөлімінің шолушысы
САБЫРОВА Айбөпе Мұратқызы
1987 жылы 19 маусымда Атырау қаласында дүниеге келген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын облыстық жастар Қауымдастығында баспасөз хатшысы болып бастаған. Әр жылдары тәуелсіз «Мұнайлы астана» апталығы, Атырау облыстық телеарнасында тілші, «Атырау Innovations» мекемесінде баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бастап облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, шолушы болып жұмыс істеп келеді.
Журналистер арасында өткен республикалық байқаулардан «Үздік қазақ тіліндегі публикация» («Даму» қоры, 2003 жыл), «Еркін сөз-2019»-ден жүлделі ІІ орынды жеңіп алған. Облыстық деңгейдегі Т. Жауырұлы атындағы конкурста ІІІ орын, сыбайлас жемқорлық тақырыбын жазып жүрген тілшілер арасындағы байқауда І орын иеленген.
Экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі аға тілші
АРУЕВ Дәулетқали Латифұлы
1963 жылы 25 маусымда Махамбет селосында дүние келген. 1980 жылы Махамбет орта мектебін бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың түлегі.
Журналистика саласындағы еңбек жолын 1986 жылдың ақпан айында Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті редакциясында әдеби қызметкер болып бастаған. Осында жергілікті радиохабарларын ұйымдастырушы-тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бұрынғы Балықшы аудандық «Каспий таңы» газеті редакциясында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Исатай аудандық «Нарын таңы» және Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеттерінің бас редакторы ретінде шығармашылық ұжымдарға байыпты басшылық жасап, өңірлік басылымдардың бағыт-бағдарын уақыт талабына сай оң арнаға өзгертіп, таралымын көбейтуге, жұртшылықпен байланысын жақсартуға өзіндік үлесін қосты. Ол өз өмірінің отыз жылға жуығын облыстық газет редакциясында өткізіп, осында бөлім редакторы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының міндетін атқарушы, шолушы қызметтерін атқарып, сондай-ақ кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан көріне білді. Осылайша, ғасырлық тарихы бар өлке баспасөзінің заман ағымына сай түрленуіне, тұтастай Атырау, қалаберді Қазақ журналистикасының шығармашылық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне арнап, осы жолда талмай ізденіспен еңбек етіп келе жатқан, кейінгі толқынға өнеге-үлгі танылған, біліктілік деңгейі биік, орындаушылық жауапкершілігі жоғары, майталман маман.
Дәулетқали Латифұлының жұмыстағы кәсіби шеберлігі арқылы «Атырау» газетіне жарияланатын мақалалар уақытында дайындалып, газеттің мазмұны мен сапасы айтарлықтай артты. Сондай-ақ газет имиджін көтеру мақсатында әлеуметтік желілердегі контентін арттыруға да қомақты үлесін қосып келеді. Адамдармен тез тіл табысатын ол ұжымдастары арасындағы абырой-беделімен сый-құрметке ие, жас журналистердің тәлімгер-ұстазы, әріптестерінің ақылшы ағасы болып табылады. Ол – қазақ журналистикасының ғылыми негізін салушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.С.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының, «Еңбек ардагері» медалінің, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Экология және құқықтық мәселелер жөніндегі аға тілші
ОРАЗҒАЛИЕВА Майра Сейітқалиқызы
Атырау қаласының тумасы, 1996 жылдан бері «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінде қызмет атқарып келеді. 1998 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Тарих және құқтану» бөлімін тәмамдаған.
Баспасөз саласындағы еңбек жолын хат тасушы, теруші, телетайпист, корректор, жоғары санатты дизайнер және тілші ретінде бастап, 2009 жылдан бері газетінің құқық бөлімінде аға тілші болып қызмет етуде. Оның «Атырау» газетінің компьютерге көшу кезеңіндегі ерен еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Майра Оразғалиева кәсіби жетістіктерімен танымал. Ол Атырау облысы бойынша кірістер департаментінің «Үздік тілші» номинациясы бойынша мадақтама, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» байқауында «Жас қалам» номинациясы бойынша I дәрежелі диплом, ҚР Судьялар Одағының Атырау облыстық филиалының Құрмет грамотасы, ҚР Ұлттық Ұланның «Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» төсбелгісі, сондай-ақ «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Майра Сейітқалиқызы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын мақалалар жазып, ақпарат айдынында танымал журналистердің бірі. Оның білімі мен кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында Түркі тілдес журналистер қорының «Әлеуметтік журналистика» және «Жасанды интеллект және іскерлік журналистика» курстарын, «Заманауи» қоғамдық қорының «Жаңа медиа: контент жасаудан – монетизацияға дейін» семинар-тренингін, Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен «Журналистерге арналған ағылшын тілі» білім беру бағдарламасын, және Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен өткен «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасын оқыған.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры ұйымдастырған «Антикоррупционная экспертиза проектов нормативных правовых актов» семинарында қатысып, эксперт сертификатына ие болған.
Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі шолушы
ӨТЕУҒАЛИ Рита Жайғалиқызы
1985 жылдың 8 желтоқсанында Қызылқоға ауданы Миялы селосында дүниеге келген. Аталған ауданның Қоныстану ауылындағы Жаңашаруа орта мектебінде білім алған. 2003-2007 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын үздік дипломмен аяқтаған. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде де білім алып, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 2008 жылы облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінде корректор болып бастаған. 2010-2024 жылдары аға тілші болып еңбек етті. Қазір редакцияда шолушы қызметін атқаруда.
Экология және құқықтық мәселелер жөніндегі шолушы
ҚАБДОЛОВ Алмас Бауыржанұлы
1990 жылы 21 сәуірде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында (Жамбыл ауылдық округі) дүниеге келген. Ауылдағы Қаракөл орта мектебінде оқып, кейін Мақат ауданы, Доссор кентіндегі Б.Ү.Қанатбаев (бұрынғы В.Г.Белинский) атындағы орта мектепті тамамдаған.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген.
Еңбек жолын университет қабырғасында жүріп, Мақат аудандық «Мақат тынысы» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып бастаған. Бұдан кейін «АтамекенЭлектроСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, Махамбет аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс істеді.
Үлгілі қызметі үшін Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты, «Amanat» партиясы Атқарушы хатшысының Алғыс хаты, «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының Алғыс хаты, Мақат ауданы әкімінің Алғыс хаты, өзге де облыстық әкімдікке қарасты басқармалар мен салалық құрылымдардың Алғыс хаттарымен марапатталған.
Экология және құқықтық мәселелер жөніндегі тілші
ЕРМЕК Тоғжан Ержанқызы
2002 жылы 11 наурызда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. 2008-2019 жылдар аралығында Қарабау орта мектебінде білім алды. 2019-2023 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Филология» мамандығын тәмамдаған. 2023-2024 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» педагогтік қайта даярлау курсынан өткен. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап «Атырау» газетінде тілші қызметін атқаруда.
Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі тілші
МӘЛІМҚОЖА Жайна Мәлімқожақызы
2001 жылы 2 сәуірде Атырау облысы Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. 2007-2018 жылдар аралығында Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінде білім алды. 2018-2022 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдаған. Еңбек жолын облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің білім бөлімінде тілші болып бастап, Исатай аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінде жалғастырған. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Медиа орталығының жетекшісі, «Университет» газетінде редактор қызметін атқарған. 2024 жылдан бастап облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің қоғамдық-саяси бөлімінде тілшілік қызмет атқаруда.
Аға бет құрушы
РАМАЗАНОВА Сая Сағынғалиқызы
1980 жылы 1 қаңтарда Құрманғазы ауданы, Нұржау селосында дүниеге келген. Атырау агротехникалық колледжін «бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша (1999), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «қаржы және несие» факультетін (2007) бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы Атырау облыстық мектеп-интернатының есепшісі болып бастаған. 2002-2006 ж.ж. — «Газета «Туран» ЖШС-нің дизайнер-бет құрушысы, 2006 жылдан – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің дизайнер-бет құрушысы.
Бет құрушы
ЖОЛДЫБАЕВА Айнагүл Николайқызы
1974 жылы 26 каңтарда Атырау қаласында дүниеге келген. №15 Абай атындағы орта мектепті бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің корректоры болып бастаған. Кейін редакцияның терушісі, бірінші санатты бет құрушы-дизайнері қызметтерін атқарған.
Үлгілі қызметі үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен, Атырау облысы және қаласы әкімдерінің, салалық құрылымдардың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Фототілші
АЛТЫБАЕВ Ерлан Сәкенбайұлы
1972 жылы 13 желтоқсанда Махамбет ауданы, Таңдай селосында дүниеге келген. А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институты «бейнелеу өнері» факультетінде оқыған. 2000 жылдан – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің беттеуші-дизайнері, фототілшісі.
Теруші
ЕЛЕУСІНОВА Клара Сейітжанқызы
1968 жылы 6 желтоқсанда Гурьев қаласында дүниеге келген. Н.К.Крупская атындағы орта мектепті бітірген.
Еңбек жолын 1987 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінің редакциясында машинистка болып бастаған. 1997 жылдан – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті компьютер цехының терушісі, хатшы-референт.
Корректор
ӘБІЛХАЙЫРОВА Эльмира Жолдасқызы
1976 жылы 5 қарашада Балықшы поселкесінде дүниеге келген. Ә.Жангелдин атындағы орта мектепті, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау педагогикалық университетін «ұлттық мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша (1998) бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінің тілшісі болып бастаған. 2002 жылдан – «Атырау-Ақпарат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының (кейін – жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) қызметкері, облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің корректоры.
Корректор
ШОМАЖАНОВА Алтын Қайырлықызы
1974 жылы 13 шілдеде Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1997-2005 ж.ж. – Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының мұғалімі. 2006 жылдан – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің корректоры.