ЗИЯДА СМАҚҰЛЫН ЕСКЕ АЛДЫ (+фото)
Ер есімі — ел есінде: Зияда Смақұлын еске алуға арналған жиын өткізілді.
Бүгін ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған милиция полковнигі Смақов Зияда Смақұлын еске алуға арналған жиын өткізілді. Жиынға қатысушылар Зияда Смақұлының Атырау қалалық полиция басқармасының ғимаратындағы ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды. Еңбек жолы өнегеге толы Зияда Смақұлы тірі болғанда бүгін 85 жасқа толар еді. Кездесуге Зияда Смақұлының жұбайы – Мадина Габдусалимова және бірге қызметтес болған Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Құрметті қонақтар Зияда Смаұлы туралы жақсы естеліктерін айтып, Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамына өткеннен өнеге болатын құнды деректермен бөлісті.
Айта кетейік, Зияда Смақұлы 1937 жылдың 15 маусымында Қарағанды облысы, Жаңа–Арқа ауданында дүниеге келген. 1971-1979 жылдар аралығында Қазақ КСР ІІМ-нің аппаратында қызмет атқарған. Зияда Смақұлы өзінің білімінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында қызметтің барлық сатысынан өтіп, 1979 жылы сол кездегі Гурьев облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалған. Бұл игі істің барлығы антына адал болған қызметкердің даңқын дәріптеп,ұрпаққа үлгі етудің бір айғағы.