
Жүргізуші куәліктерін жаппай ауыстыру қажет пе?
Соңғы күндері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде «жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі алдағы үш жылда аяқталады, оны 10 сәуірге дейін міндетті түрде ауыстыруы керек» деген ақпарат кеңінен тарауда. Бұл жайтқа байланысты облыстық полиция департаментінің өкілдері түсінік берді.
Аталған департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Жүргізуші куәліктерін ауыстыру тәртібіне ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.
–Ішкі істер министрлігі азаматтарға куәліктердің жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда оларды жоспарлы түрде, ешқандай қосымша талаптарсыз, қайта емтихан тапсырмай-ақ ауыстыруға болатынын хабарлайды. Ресми дереккөздерден тыс ақпараттарға сенбеу, тек құзырлы органдардың хабарламаларын басшылыққа алу – өз қауіпсіздігіңіз үшін маңызды, — дейді М.Ердәулет.
Айта кету керек, республика Қылмыстық кодексінің тиісті бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпау маңызды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ