«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастап жатыр. Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Науқандық шара жөнінде бірлестіктің Атырау облысы бойынша басшысы Мақсот Құсановтан білген едік.
– Мақсот Әміреұлы, алдымен бірлестік туралы айтып өтіңізші? Бұрын-соңды облыс көлемінде аты аталып жүрмеген секілді…
– Айтуыңыз орынды. «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылдың 18 қарашасында құрылды. Біздің облыста биылғы жылдың мамыр айынан бастап жұмысын бастады. Ашылғанына аз уақыт өтсе де бірлестік сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы күресте жақсы нәтиже көрсете алды.
Айталық, бірлестік биылдың өзінде 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1000-ға жуық бағаны көтеру фактілері мен 20 млрд теңге соманы құрайтын заң бұзушылықтарды анықтады. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшылары мен басқа да тұлғаларға жалпы сомасы 67 миллион теңге айыппұл салынып, 21 қылмыстық іс қозғалды.
Олардың тең жартысы мемлекеттік қызметкерлер немесе оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
– Аталған шараның мақсаты қандай, бірлестіктің алға қойған жоспары туралы бөліссеңіз?
Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталған іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.
Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.
– Автожол саласындағы жемқорлық көрсеткішінің жоғары екендігі айтылып келеді, мұны алдын-алудың, жоюдың қандай алғышарттары алынып жатыр?
– Рас, жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екендігі мәлім. Елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеру жұмыстарының қолға алынуы да осының айғағы. Тіпті еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағанын ел Президенті де ашық айтып келеді. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Жол сапасының нашарлығына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажеттігін әркез назарда ұстау керектігі айтылып жүр.
– Сапасыз жолдардың себебінен түрлі жол апаттары да орын алып жататындығы белгілі…
– Иә, Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – жол-көлік апаттарында талай адамдардың қаза болып, жарақат алуларының себебіне айналды. 2021 жылы автожол саласына 500 млрд.тг. шамасында қаржы бөлінген. Сонымен қатар, осы жылы 14 мың жол-көлік апаты тіркеліп, онда 2 мыңнан аса адам қаза болып, 18 мың адам жарақат алған. Бұл дегеніміз – 20 мың бұзылған тағдырлар. Жол сапасының бұл жағдайы осы олқылықтың салдары екендігі даусыз.
Сапасыз жолдар – адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің негізгі инфрақұрылымы. Бүкіл әлемдік форумның Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес, жол сапасы жөнінен еліміз 138 елдің ішінен 108-ші орындамыз.
– Бұл көрсеткішті жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр, бірлестік тарапынан нендей жұмыстар атқарылмақ?
– Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыра отыра, бұл келеңсіздікке төтеп бере аламыз.
Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 колл орталықбойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.
Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға нәтижелі ұсыныстар ұсынылатын болады.
Науқанның қорытындысы, сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.
Бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, еліміздің толыққанды дамуына жол бермей жатқан жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытуға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рақмет! Бірлестік жұмысы үдеден шығуына тілектеспін!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ