
Жол жүгенсіздікті кешірмейді
Президенттің 8 қыркүйектегі Жолдауында жол қауіпсіздігіне қатысты айтылған сөздері қоғам үшін маңызды әрі өзекті мәселені көтеріп отыр. Қазіргі таңда елімізде жол-көлік оқиғаларының саны әлі де азаймай келеді. Мысалы, 2025 жылғы 15 сәуірде облыста болған жол-көлік оқиғасы осы мәселенің тағы бір қайғылы дәлелі болды. Бір күнде жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам көз жұмды. Әрине, полиция қызметкерлері тәулік бойы жол қозғалысын қадағалап, жүргізушілерге қауіпсіздікті сақтауды түсіндіріп келеді. Дегенмен, жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы азаймай отыр.
Мәселен, таңғы сағат 05:45 шамасында «Toyota Camry» маркалы көлігі аударылып, 3 адам қаза тапты. Тағы бір жолаушы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Сол күні сағат 15:30 шамасында Сағыз ауылында жасөспірім мотокөлікпен бағанаға соғылып, ауыр жарақат алды. Ол ауруханада көз жұмды. Ал сағат 16:40 шамасында Доссор-Құлсары тас жолының 93-шақырымында жүк және «ВАЗ-2115» көліктері соқтығысып, 1 адам оқиға орнында қайтыс болғаны ақпарат құралдарында белгілі болды.
Атырау облысында статистика бойынша, жыл басынан бері 145 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза тапты. Бұл оқиғалардың басты себептері: Жылдамдықты шамадан тыс асыру; Қарсы жолаққа шығу; Жаяу жүргіншіні өткізбей қағып кету; Маневр жасау ережесін өрескел бұзу.
Бұл деректер Атырау облысындағы жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Ал Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес, мұндай заң бұзушылықтың ең ауыр жазасы – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру болып табылады. Бұл ауыр жазалар жол ережесін бұзу салдарынан болатын апаттардың алдын алуға бағытталған шаралар ретінде қабылданады.
«Мәдениетті адам» деген кім?
Жол қауіпсіздігі мәселесі тек заңнамалық түзетулер мен жазалау шараларымен ғана шешілмейді. Оған алдымен қоғамның көлік жүргізу мәдениеті әсер етеді. Өйткені, «Мәдениетті адам жолда ғана емес, өмірдің әр саласында мәдениетті» деп айтқан екен орыстың ұлы ойшылы Лев Толстой. Көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілік пен сауаттылықты арттыру, жол ережелеріне деген құрметті сезіну – бұл біздің қоғамға қажет құндылықтар.
Атырау қаласында орын алған оқиғалар көрсеткендей, біздің қоғамда жол қауіпсіздігі мәселесіне көзқарас әлі де қалыптаспаған. Көлік жүргізушілерінің асығыстыққа, бейқамдыққа бой алдыруы және жол ережелерін елемеуі көлік апаттарының жиі болуына себеп болып отыр.
Сондай-ақ Президент жол қауіпсіздігі туралы айтқан сөздерінде электросамокаттарға ерекше көңіл бөлген. Бұл жаңашыл көлік түрі қоғамда кеңінен таралды, алайда оның қауіпсіздігі туралы әлі де көп талқылау бар. Электросамокаттарды пайдаланушылар көбіне жол ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолымен жүреді, осылайша жаяу жүргіншілерге қауіп төндіреді. Бұған қатысты заңнамалық түзетулер енгізу қажеттілігі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе.
«Адамның өмірі – ең қымбат қазына»
Жол қауіпсіздігі тек мемлекеттік органның ғана емес, әр адамның ортақ жауапкершілігі. «Адамның өмірі – ең қымбат қазына» деген мақал осы мәселеге дәл келеді. Әрбір адам өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігі үшін жауапты екенін сезінуі тиіс.
Меніңше, Президенттің сөзі тек ескерту емес, үлкен бір қоғамдық қозғалыстың бастауы. Біз бәріміз өзімізді, отбасымызды және қоғамды қорғау үшін жол ережесін сақтап, көлік жүргізу мәдениетімізді арттыруға тырысуымыз қажет. Қоғамда жауапкершілікті арттыру үшін осы мәселеге байланысты кең көлемді ақпараттық кампаниялар өткізу керек. Әр адам өз ісінің қоғамға қандай әсер ететінін түсінгенде ғана, қауіпсіз Қазақстанды құруға бағытталған нақты қадамдар жасалады.
Жол қауіпсіздігі мәселесі, әсіресе қазіргі заманғы тез дамып жатқан технологиялық өзгерістермен бірге аса маңызды болып отыр. Бұған қатысты қоғамдық сананы ояту, заңнаманы реттеу және көлік жүргізушілерінің мәдениетін арттыру ортақ міндет болып отыр.
Есенгелді МЕРХАНОВ,
Ішкі істер органдары ардагерлері Құрманғазы аудандық ұйымының төрағасы