Жол еркелікті көтермейді…
Жаз басталысымен мопед мінгендер жол сақшыларының«бас ауруына» айналды. Полицейлер үздіксіз рейд ұйымдастырып, балалар мен ата-аналарға мопед жүргізудіңталаптарын түсіндіріп, айтудай-ақ айтқанымен, оның әзірге нәтижесі байқалмайды.
Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, мопед жүргізушілері жыл басынан бері 1200 рет жол ережесін бұзған.
– Жыл басынан бері облыста мопед, скутер көлік құралдарын басқарушылар 1200-ден астам құқықбұзушылық жасаған. Жол бойында 5 адам қаза тапты. Мопед жүргізушілерінің жол ережесін бұзу дерегіне байланысты жасалған талдау олардың қатты жылдамдықпен жүретінін көрсетіп отыр. Алдарындағы көлікті басып озуға ұмтылады. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп кететіндер де бар. Осындай себептермен мопед жүргізушілерінің кінәсінен 106 жол-көлік оқиғасы тіркелді, — дейді басқарма басшысы.
Мұндай көлік түрін тізгіндегендер тізесі мен шынтағына, басына арнайы қорғаныш киімдерін киюі керек. Алайда, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ол аз болса, алды-артына бала мінгізіп алып жөңкіп жүргендер аз емес көрінеді. Ал, жол еркелікті көтермейді…
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА