
Жол апаты: кінә кімнен?
Соңғы аптада облыста орын алған жол-көлік оқиғалары қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Алты адамның өмірін жалмаған бұл апаттар – жай ғана статистика емес, ел жадында жатталар ауыр қайғы. Жол – көлік қозғалысының алаңы ғана емес, ол – адам өмірі, тағдырлар, арман мен үміт тоғысқан кеңістік. Өкінішке қарай, сол кеңістікте кейде өмірлер үзіліп, жүректер тоқтап жатыр… Қоғамда жиі қойылатын сұрақ та қайта көтерілді: жол апатына тек жүргізуші жауапты ма, әлде сапасыз жолдар да кінәлі ме?
Кездейсоқтық па, жүйелі мәселе ме?
20-ы мен 26 мамыр аралығында облыс көлемінде болған төрт ірі апаттың салдарынан алты адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың арасында нәресте, ана, жаяу жүргінші мен жолаушылар бар. Бұл апаттарда көлік құралдарының соқтығысуы, басқаруды игере алмау, жаяу жүргіншіні қағу сынды жағдайлар тіркелді. Мәселен, 21 мамыр күні Мақат ауданы аумағында Toyota Hilux көлігі аударылып, екі адам көз жұмды. Ал 26 мамырда Геолог шағынауданында Wall Wingle5 пен КамАЗ соқтығысып, тағы бір адам қаза тапты. Бұл апаттар неліктен жиілеп кетті? Бұл – кездейсоқтық па, жоқ әлде жүйелі мәселе ме?
Иә, жол ережесін сақтау – әр жүргізушінің міндеті. Аса жоғары жылдамдық, алаңғасарлық, мас күйінде көлік жүргізу, рөлде отырып телефон шұқылау – мұның бәрі адам өмірін қатерге тігетін әрекеттер.
Өзін Ерлан деп таныстырған такси жүргізушісі 15 жылдан бері көлік тізгінінде келеді екен.
– Қала ішінде де, трасса бойында да жүреміз. Апаттың қай кезде, қай жерде болатынын болжау қиын. Көбіне кінәні тек жүргізушіге арта саламыз, бірақ мен сізге ашығын айтайын, кей жағдайда жол апатын болдырмау мүмкін болмай қалады. Себебі – жолдың жағдайы өте нашар. Ой-шұңқыр, белгісіз бұрылыстар, жарықтандырылмаған аумақтар көп. Кейбір жолдарда көлікке жанымыз ашып жүрміз, ал енді адамдардың өміріне қауіп төндіріп жүргенімізді ойласақ, шошисың. Мысалы, Атырау – Орал, Атырау – Құлсары тасжолының кей тұстары мүлде тозған. Ол жерде жылдамдықты азайтсаң – арттағы көлік қағып кетуі мүмкін, ал арттырсаң – көлігің аударылып кетеді. Бұл қалай қауіпсіз жол болады?!
Жүргізуші – күнде рөлде, күнде қауіптің ортасында. Бірақ біз де адамбыз, шаршаймыз, алаңдаймыз. Ережені бәрі бірдей сақтамайды. Ал жол – бәрімізге ортақ. Сондықтан жолдың сапасы мен жүргізушінің санасы қатар жақсармайынша, апат азаймайды деп ойлаймын, — дейді ол.
Ал үнемі жаяу жүретін қала тұрғыны Гүлдана Мамықжанқызы қала ішінде болсын, ауыл арасында болсын, жаяу жүргіншінің өміріне жиі қауіп төнетінін айтады.
– Кейбір жүргізушілер жаяу жүргінші өтетін белгі тұрған жердің өзінде тоқтамай өте шығады. Тіпті, кей жерде арнайы өткел де жоқ. Жолдан өту – өзіңе сынақ сияқты, жан-жағыңа он рет қарап, көліктердің жылдамдығын есептеп, бағыңды сынап өтесің. Бұл дұрыс па? Қарапайым адам өз елінің жолынан қорқып өтуі керек пе?
Жақында көз алдымда бір егде жастағы кісіні көлік қағып кете жаздады. Себебі – жолда жаяу жүргіншілерге арналған белгі болмаған. Сонда кім кінәлі? Қарт адам ба, әлде сол жолды жобалағандар ма? Жүргізуші ме, әлде жаяу жүргінші ме? Меніңше, бәріміз де жауаптымыз. Бірақ жаяу жүргіншінің өміріне жағдай жасау – бірінші кезекте мемлекет пен жүргізушінің міндеті. Бізді көлікпен жарысуға емес, қауіпсіз өмірге лайық ету керек, — деді ол.
Қос тараптың да пікірі орынды-ақ. Дегенмен кейбір апаттарға тікелей жүргізушілердің өзі себепкер болатыны жасырын емес. Алайда кінәні тек солардың мойнына арта салу да әділетсіздік.
Сапасыз жол сан соқтырып тұр
Біздің облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар трассалар мен ауданаралық тасжолдардың жағдайы сын көтермейді. Ойлы-қырлы, шұрық-тесік, белгілер мен жарықтандыруы жоқ жолдар көлік жүргізушілерін қатерге итермелеп отыр. Әсіресе, түнгі уақытта қараңғы жерлерде апаттың қаупі бірнеше есеге артады.
Кей аудандарда жол төсемі мүлде тозған, кейбірі құрылыс жұмыстары басталғанымен аяқталмай, сиырқұйымшақтанып тұрғаны тағы бар. Мұндай жағдайда көлік тізгінінде отырған адамға бәріне үлгеру – мүмкін емес. Бұл – жүргізушіге қойылған «тұзақ» іспеттес.
Кім жауап береді?
Жол-көлік оқиғаларынан кейін кінә көбіне жүргізушінің мойнына артылады. Ал жолдың сапасы, оны күтіп ұстауға жауапты мекемелер, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлер мен қадағалаушы органдар қайда? Тексеру, тергеу жүргізілген күннің өзінде жолдың жағдайына байланысты нақты шешімдер қабылданғаны сирек.
– Жол апаттарының санын азайтудың бірден-бір жолы – кешенді әрі жүйелі жұмыс. Ол үшін жол сапасын жақсарту – басымдыққа айналуы, техникалық талапқа сай жол белгілері мен жарықтандыру орнатылуы қажет. Сонымен қатар, жүргізушілерге арналған ағарту, түсіндіру шаралары күшейтілуі тиіс және жол құрылысына жұмсалған қаржының жұмсалуын бақылау – қоғамдық деңгейге шығарылуы керек, — дейді біз пікірін білмек болған қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Әжіғалиев.
Жол – жауапкершілік пен әділеттің айнасы. Жол апаты – тек бір адамның емес, бүкіл жүйенің айнадағы көрінісі. Егер біз шынымен де қауіпсіз қоғам құрамыз десек, жауапкершілікті тек жүргізушінің емес, жол сапасын қамтамасыз етуші құрылымдардың да мойнына артуды үйренуіміз керек. Жол – тағдыр жолы. Сол жолда тағы бір тағдыр үзілмесін десек, бәріміз бірлесе әрекет етуге тиіспіз.
Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысы артқан сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі бұқараның бас ауруына айналды. Алаңдауға негіз бар. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе, жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін? Десе де көлік оқиғасы азаймай тұр.
«Шумахерлер» тежелетін уақыт жетті…
Жол бойында үзіліп жатқан адам ғұмырлары туралы ақпараттар енді үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Бұл қалыпты ма? Әлде үнсіздікпен көмкерілген қасірет пе?
–Қайғылы оқиғалардың жаңғырығы басылмай жатып, құм тиеген Камаз жүк көлігін тізгіндеген 1976 жылғы жүргізуші екінші деңгейлі жолдан бастысына шыққанда 1990 жылғы адамның басқаруындағы Wall Wingle5 соқтығысып, соның салдарынан жеңіл көліктегі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі – адам факторына тікелей байланысты. Жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты асыруы, рульде ұялы телефон қолдануы, маневр жасау ережелерін елемеуі, балаларды арнайы ұстау құрылғысынсыз алып жүруі секілді жол қозғалысы ережелерінің жиі бұзылуы – апаттың басты себептері, — дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Заңсыз такси қызметі де жағдайды ушықтырып отыр. Қала мен аудан орталықтарында тіркелмеген такси қызметін көрсететін жүргізушілер тарапынан да жол қауіпсіздігі жиі ескерілмей жатады. Осы мәселенің алдын алу үшін ауданаралық тұрақты автобус бағыттары ашылып, автобустар белгіленген кесте бойынша қатынауда. Десе де… Жол қауіпсіздігін сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы екенін естен шығарып аламыз.
Иә, алаңдауға негіз бар. Қайсыбірін кінәлаймыз: сапасыз жолды ма, әлде жауапкершіліктен жұрдай жүргізушілерді ме? Жол апаттары азаймай тұрғаны – ащы ақиқат. Бір анығы – рөлге отырған әрбір адам өзінің ғана емес, өзгелердің де тағдырына жауапты екенін естен шығармауы тиіс.
Тірі адамның бағасы жол ережесіне бағынумен өлшенетін заман болып тұр. «Шумахерлер» тежелетін уақыт жетті…
Әлеуметтік сауалнама не дейді?
Соңғы уақытта жиілеген жол-көлік оқиғалары қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Редакциямыз жол апаттарының басты себебі ретінде кімді немесе нені кінәлі деп санайтынын білу мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізіп көрді. Сауалнамаға қала мен аудан тұрғындарынан 100-ге жуық адам қатысып, өз пікірін білдірді.
Сауалнама нәтижесі:
Сұрақ: Сіз жол апаттарының жиілеуіне кім немесе не кінәлі деп ойлайсыз?
52% – Жүргізушілердің жауапсыздығы мен ереже бұзуы;
34% – Жол сапасының нашарлығы;
9% – Жол полициясы мен бақылаудың әлсіздігі;
5% – Жаяу жүргіншілердің сақтық танытпауы.
Тұрғындардың пікірі:
* Сандуғаш Е.:
«Қазір адамдар тым асығыс. Жүргізуші болсын, жаяу жүргінші болсын – ешкім сабыр сақтамайды. Бірақ жол апатының көпшілігі жылдамдықты асырған, ережені елемеген жүргізушілердің кінәсінен болады».
* Мейрамбек Ж.:
«Біз қала шетіндегі Ақсай селосынан күнде қалаға келеміз. Тасжолдың беті жарылып кеткен, кей жерінде шұңқыр терең. Мұндай жолда қандай шебер жүргізуші болса да, қауіптен құтыла алмайды».
* Аяулым Т.:
«Кешке автобус күткенде де, жаяу жүргенде де қорқасың. Көшелерде жарық жоқ. Қараңғыда жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай қалуы мүмкін. Бұл да жол апатына себеп».
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, тұрғындар жол апатының себебін тек бір тараптан емес, бірнеше фактордың жиынтығынан іздейді. Жүргізушілердің жауапкершілігі – басты мәселе болса, сапасыз жолдар мен бақылаудың әлсіздігі де іске кедергі.
Мәселенің түйіні
Жол қауіпсіздігін арттыру үшін, алдымен, жүргізуші мәдениетін көтеру, жол сапасын жақсарту, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет. Әсіресе, жол қозғалысын бақылаушы органдардың жұмысын күшейту – бірдей маңызды.
Жол – бәрімізге ортақ. Ал апатты азайту – әрқайсымыздың қолымызда.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА