Жоғалған миллиондар: кибералаяққа алданбаудың жолы қандай?

atm hack Құқық

Жыл басынан бері интернет-алаяққа алданған 6256 қазақстандық құқық қорғау органдарына шағымданған.

Бір ғана Атырау облысының өзінде биылдыққа кибералаяқтыққа қатысты 377 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Өкініштісі сол, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың 80 пайызы көп жағдайда ашылмай жатады. Себебі, кибералаяқтардың дені қылмысты шет елдерде жүріп жасайды.

Қазір ақпарат көп, халық қаржылай сауатты десек те, интернет алаяқтардың айла-шарғылары күн санап көбейіп барады. «Сіздің атыңызға несие рәсімдеп жатыр, «Картаңыздағы ақшаны ұрлап жатыр» деп байбалам салып телефон соғатын жебеушілерге әп-сәтте алданып, бар жиған – тергенінен айрылып жатқандар жетерлік.

Жақында сондай алаяқтардың бірі маған да телефон соғып, ақшамды үптемек болды.

«Баян Али, бұл сіз бе?» деді орыс тілінде сұхбатқа тартқан телефон артындағы дауыс. «Баян Али» дегеннен ақ, алаяқтар екенін түсіне қойдым да, әңгімемді жалғастыра бердім. Себебі, Али «Фейсбук» парақшасындағы лақап атым еді.

Өзін ​ «Каспий банктің» менеджерімін деп таныстырған жігіт Таразда таныстарымның бар-жоғын сұрады. Мен Таразда танысымның ​ жоқ екенін айттым.

«Жебеушім» «Тараз қаласынан менің атыма «Каспий ред» бойынша 100 мың теңге несие рәсімдеуге өтінім түскенін айтты. «Бұл жағдай бізге күдікті болып көрінгендіктен де, сізге хабарласып отырмыз. Сәлден соң ​ оператор хабарласады. Ол шотыңызды алаяқтардан қорғау операциясын түсіндіреді. Шұғыл түрде есеп-шотыңызды сақтандыру керек» дегенді де қосып қойды.

Арада жарты минут өтер-өтпестен әлгі белгісіз номерден «менеджер» хабарласты.

«Сізге қайтадан шот ашамыз. Операциялардың барлығы онлайн форматта жасалады. Картаңыздағы қаражатты біз сізге жаңадан ашатын шотқа аударасыз. Осылайша, алаяқтардан ақшаңызды сақтай аласыз», деді «менеджер».

Шешінген судан тайынған ба? Соңына дейін барғым келген мен түсінбеген сыңай​ танытып, әлгіден ақпаратты толықтай қазақ тілінде айтып беруін сұрадым. Әңгімеміз осы жерден тоқтады. Кідіріп қалған «менеджерім» қазақ тілін талап еткен сәттен кейін диалогты шорт үзіп, ​ тұтқаны лақтыра салды.

Осы жағдайдан кейін әрине, мен «Каспий банкке» хабарластым. Ондағылар банк, компаниялардың атын жамылып, құйтұрқы операциялар жасап жатқан алаяқтар әрекетінің көбейгенін растады.

Банк істері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, алаяқтардың қылмыстық схемасы қазір күн санап дамып барады. Әдетте өздерін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар адамды шұғыл түрде шотын сақтандыруға асықтырады.

​ «Тез қимылдамасаңыз, миллиондап қарызға кіресіз» дейтін олар, өздері жіберген сілтеме арқылы банктің «қосымшасын» жүктеуді ұсынады. Алаяқтар ұсынатын жалған қосымшалар адамның барлық жеке мәліметтеріне жол ашып береді. Осылайша, талай азаматтар өзінің атына бірнеше миллион теңгеге дейін несие рәсімделгенін біліп, сан соғып қалып жатыр» дейді​ сарапшы.

Ресми деректер әр бесінші интернет алаяқтық азаматтардың жеке деректеріне иелік еткеннің салдарынан жасалатынын айтады. «Лаборатория касперского» халықаралық компаниясының мәліметінше, интернет кеңістіктің қазақстандық сегментінде алаяқтар жасап шығарған 5 мыңнан астам ресурс анықталған. Кибералаяқтық жағдайлардың 43 пайызында қылмыскерлер СМС код, карта туралы деректерді иемденуге тырысқан. Осы дерекке қарап ақ, көп жағдайда азаматтар қарапайым мобильді қосымшаларды телефонға жүктеп, жеке деректерін енгізу арқылы алаяқтардың торына түсіп жатқанын бағамдауға болады.

Сондықтан да, мамандар интернет алаяқтан сақтанудың басты жолы – жеке шот, құпия сөз, картаның нөмірі, CVV/CVC-кодтары, операцияны растау үшін SMS арқылы келетін код сынды деректерді телефон арқылы айтпауға шақырып отыр.

Сән индустриясында жүрген атыраулық кәсіпкер Роза Әлдешова осыдан біраз бұрын интернет алаяқтарға 900 мың теңгесін аударып, алданып қалғанын инстаграм желісіндегі парақшасында хабарлаған болатын. «Олар сондай мәдениетті сөйлеседі. Таң аласымен телефон соғып, әлдебіреулер каспий картамнан ақша аударып алып жатыр» дегенді естігенде, ұйқылы – ояу тұрған мен сасқалақтап, әлгілер аштық деген «жаңа шотыма» ақшаны өз қолыммен аударып жіберген едім. Таңнан кешке дейін аяғымнан тік тұрып жұмыс істеп, жинап жүрген ақшамнан бір сәтте айрылып қалу маған ауыр тиді» деген еді сән саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкер. Кейінірек білгеніміздей, істі полиция жауып тастады. Себебі, қылмыскерлерді анықтау мүмкін болмады. Бұл сөзімізге ресми деректер де дәлел бола алады.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, интернет-алаяқтыққа қатысты өткен жылы 23​ 351 іс қаралған. Бірақ, 3504 іс қана сотқа жеткен. 17 мың жағдайда іс сотқа жетпей тоқтатылған. Себебі, киберқылмысқа байланысты кінәлілерді анықтау мүмкін болмаған. Ал, жыл басынан бері интернет-алаяқтардан алданған 6256 қазақстандық құқық қорғау органдарына шағымданып отыр.

Баян Жанұзақова

Кибералаяққа алданбаудың ​ 5 жолы:

AnyDesk, Teamviewer телефон қосымшаларын бөгде адамның нұсқауымен жүктемеңіз!

Жеке басыңызға қатысты, бантік есеп-шот, құпия сөз, CVV/CVC-кодтар туралы ақпарат бермеңіз!

Күдікті қоңырау түскен жағдайда, банктің call орталығына хабарласыңыз!

Банктік картаңыз жоғалған жағдайда, дереу бұғаттаңыз!

Банк қызметкерлерінің жеке деректеріңізді анықтау үшін қоңырау шалмайтынын есте сақтаңыз!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз