Жеңгетайға да жаза бар
Тәнін саудаға салатындармен ымырасыз күрес — ұдайы назарда тұрған мәселе. Десек те құқық қорғау органдары тарапынан жұмыс жүргізіліп жатса да, жиіркенішті «кәсіпті» өз нәсібіне айналдырғандар айылын жияр емес.
Атырау облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы адам саудасының алдын алу, жеңгетайлық, адамдарды бас бостандығынан айыру қылмыстарының жолын кесіп келеді.
– Тән саудасын тыю мақсатында департамент қызметкерлері облыс тұрғындарымен алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Аталған мәселенің әлеуметтік қауіптілігін ескерту мақсатында тоқсан сайын «Stop трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Жыл басынан бері жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық бойынша тіркелген қылмыстық істер бар. Сондай-ақ көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну бойынша әкімшілік іс-құжаттары да жинақталып жүргенін жасырмайды, — деді полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Мейірім Ердәулет.
Ұятты іске барудың соңы жақсылыққа соқтырмайтынын айта берудің өзі «ұят». Өйткені бүгінде жыл басынан бері құқық қорғаушылардың құрығына 4 жеңгетай түсіп үлгерген. Бұдан бөлек, жалпы облыс аумағында 317 жезөкше, 7 жеңгетай, 2 ЛГБТ өкілдері есепте тіркеліп тұр. Полиция қызметкерлері анықталған тұлғалармен жеке профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізіп келеді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Сурет: Zakon.kz