ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМНЫҢ МІНДЕТІ
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Оның қарсаңында Атыраудағы Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникация орталығында осы тақырыпқа арналған облыстық форум өтті. Форумға қатысушыларды өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков құттықтады.
-Сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қауымдастыққа қауіп төндіріп отырған өзекті мәселе.Біздің республикамызда бұған қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің назарында ұсталып келеді. Қазіргі таңда қоғамымызға орасан зор кесел келтіретін осынау әлеуметтік құбылыстың алдын алып, жемқорлықтың жолына қатаң тосқауыл қою бағытындағы іс-шараларды жетілдіріп, пәрменділігін арттыру – аса маңызды да кезек күттірмейтін міндет. Тұтастай алғанда, қоғамды іштен ірітіп, жегідей жеген жемқорлықтың жолын тиюдың оңтайлы тетіктерін іздестіру , соған белсенді атсалысу – баршамыздың азаматтық борышымыз, — деді Серік Кенғанұлы.
Форумға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаев, осы республикалық ведомоствоның жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшелері Мұрат Әбенов, Талғат Нәрікбаев, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсым Ізбасов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, өңірлік мониторнигтік тобының жетекшісі Амангелді Абдолов, Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адиева, барлық мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Шарада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңа тәсілдер. Жобалық басқару», «ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеудегі азаматтық қоғамның рөлі», т.б. тақырыптарда келелі әңгімеге кезек берілді. Соңынан белсенділер марапатталды.