ЖЕМҚОРЛАР ЖАРИЯ БОЛУДАН ҚОРҚАДЫ
Қатынасушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық шаралар, заңдық негіздермен тереңірек танысып, жас қызметкерлер тарапынан көбіне жіберілетін қателіктер және оларды болдырмаудың жолы туралы кең мағлұмат алды.
Заң ғылымдарының кандидаты Болат Исеев «Кез-келген қоғамда кездесетін өзекті проблеманың бірі – осы жемқорлық. Бұл – ғаламдық мәселе. Оны «адамға қарсы жасалған күрес» деп те бағалайды. Өйткені, ол тұтастай қоғамның «ауруы» дей келе, елімізде жемқорлықпен күрестің жүйелі жүргізіліп отырғандығын атап өтті.
«Заң мен сот алдындағы адамдар теңдігі – жемқорлыққа тосқауылдың бір жолы. Мемлекеттік қызметші өз лауазымы шеңберінде күрес жүргізуге міндетті. Бұл орайда атқарылар жұмыстың ең бастысы – жемқорлық фактілерінің алдын алу». Осылай деген Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасы инспекциясының басшысы Қаһарман Жәрдемов облыс көлемінде жемқорлыққа қатысты оқиғаларды анықтау мақсатында арнайы сыйақы тағайындау шарасының қолға алынып, оның өз жемісін беріп келе жатқандығын атап өтті. «Түскен арыз-шағымдардың барлығы да жіті тексеріліп, тиісінше сотқа жолданып отырады» дейді Қаһарман Сейілханұлы.
Аталған құзырлы органның өткен жыл бойынша жариялаған мәліметіне сай, жалпы анықталған 386 қылмыстың 118-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болыпты. Есепті мерзімде 20 парақорлық, 24 қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану фактісі бойынша іс қозғалған.
Өз кезегінде облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Әсемгүл Абдрахманова жас қызметшілердің көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жол бергендігін білмей қалатын оқиғалар өз тәжірибесінде көп кездесетінін атап өтті. «Нақтырақ айтқанда, жеке және заңды тұлғалардан келген арыздарды қарау тәртібі мен мерзіміне қатысты талап орындалмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуға байланысты кемшіліктер де орын алып жатады» дейді ол. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқали да осы талаптардың орындалмауының әсерінен мемлекеттік қызметшілердің қандай жауапкершілікке тартылатындығына тоқталды.
Кездеу соңында қатынасушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған осындай бірлескен іс-шаралардың қажеттілігін және коррупцияның алдын алуда мемлекеттік билік органдарымен әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, толғандырған сауалдарына нақты жауап алды.
Гүлжан ӘМІРОВА.