ЖАЗА БАСҚАННЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУ
Заң кеңесшісіне ең қажеттісі – оларды өзіңмен тең дәрежеде, бейне бір досыңмен сөйлесіп отырғандай қабылдау. Мен жас маман болғандықтан кейбір қиыншылықтар болып жатқанын жасырмаймын. Бірақ, қазір біраз тәжірибе жинақтап қалдым.
Алдағы өміріне үлкен үміт артатын олар көбінесе мүлік бөлу, мұрагерлік, пәтерді заңдастыру сияқты мәселелермен келіп жатады. Олардың қай-қайсысы да осы жерден шыққаннан кейін жаңа өмір бастайтынына сенімді. Заң кеңесшісі ретінде оларға моральдық қолдау көрсетуге тырысамын. Жігерлендіріп, «сіздер бір-бір үйдің тірегісіңдер, онда сендерді отбасыларың асыға күтіп отыр, сол күнге асығыңдар» деймін. Қай әйелдің де өмірінің мәні – балалары. Олардың үйде қалған балаларын қатты уайымдайтынын көріп жүрмін. Көбіне сұрайтындары да – аналық құқығын сақтау үшін қандай әрекеттер, қандай құжаттар керек деген жайлар.
Осы жағдайды ескере келгенде, айтарым: заң кеңесшісіне тек кәсіби білім жеткілікті болып саналмайды. Оның парасатты да, ізгі қасиетке ие болғаны абзал.
А.ҚАБДОЛОВА,
УГ-157-11 мекемесінің заң тобының кеңесші заңгері.