Жарнама
Құқық

«Жас сақшы» – болашақ ел қорғаны

Атырау облысының бас полицейі кадет сыныбы оқушыларымен жүздесті. Республикалық «Жасөспірім» және «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев «Жас сақшы» кадет сыныбының оқушыларымен жүздесіп, қауіпсіздік тақырыбында тағылымды дәріс өткізді.

Кездесуде генерал-майор оқушылармен ашық әрі мазмұнды әңгіме жүргізіп, қоғамдағы құқықтық тәртіп, жол қозғалысы ережелері, заң алдындағы жауапкершілік секілді өзекті тақырыптарға тоқталды. Жасөспірімдерге тәртіп сақшыларының қызметі туралы кеңінен баяндаған ол балалардың бойына құқықтық сауат пен отансүйгіштік сезімін сіңіруге назар аударды.

– Қауіпсіздік – әрқайсымызға ортақ маңызды ұғым. Қазіргі таңда сендердің бейбіт, тыныш балалық шақтарың үшін тәртіп сақшылары күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүр. Болашақта елдің тұтқасын ұстайтын, туын көкке көтеретін тұлғалар дәл сендердің араларыңнан шығады. «Жас сақшы» болу – тек мәртебе емес, үлкен сенім мен жауапкершілік, — деді облыстың бас полицейі.

Мұндай кездесу тек дәріс емес, ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін дарытудың нақты көрінісі іспетті. Ал әр адам үшін тәртіп пен заңды сақтаудың маңызды міндет екенін ұғындыру – бүгінгі полицияның басты миссиясы.
Кездесу аясында кадет сыныбының оқушылары Жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты. Балаларға заманауи технологиялар арқылы қоғамдық тәртіпті қалай сақтауға болатыны, құқықбұзушылықтарды анықтау жолдары кеңінен көрсетілді.

– Облыста қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтің құрметіне «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылған болатын. Бұл кездесу оқушылар үшін маңызды әрі тәрбиелік мәні зор болды. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің бойына жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерін сіңіреді, — дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев.

Бұл шара оқушыларға жолда жүру ережелері, құқықтық сауаттылық, жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен заң бұзушылықтың алдын алу, полиция қызметінің ерекшеліктері бойынша түсінуге мүмкіндік берді. Болашақ ел қорғаушыларымен ашық әңгімелескен полицейлер олардың бойындағы патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін оятуға баса мән берді.
Кадет сыныбының оқушысы Дария Сағын шарадан алған әсерімен бөлісті.

– Бүгін біз үшін маңызды әрі қызықты күн болды. Қауіпсіздік тақырыбында көп пайдалы ақпарат алдық. Камералар арқылы бақылау қалай жүргізілетінін, оның қоғам тәртібін сақтаудағы маңызын көрдік. Жолда жүру ережелерін сақтау, өз-өзіңді дұрыс ұстау – осының бәрі мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек деп есептеймін. «Жас сақшылар» ретінде біз өзгелерге үлгі болуымыз керек, — дейді ол.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button