Жарнама
Құқық

Жаңғырған Конституция: әділетті қоғам кепілі

Қазақстан тарихында Конституциялық реформа – тегіннен тегін енгізіле салған дүние емес. Бұл өзгерістер бүгінде әлемде геосаяси жағдай құбылып тұрған шақта және саяси-экономикалық тұрақсыздық кезеңінде бүкіл ел тағдырына бейжай қарамай, Қазақстан тарихына деген жауапкершілікті биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін аса қажет.

Бұл – жай ғана құжат емес, республиканың барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын шынайы түрде қорғайтын демократиялы мемлекеттің айшықты темірқазығы. Осындай мақсат-мүддеден туындаған Конституциялық реформаның басқа да ерекшеліктерін сипаттау үшін Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Есенжол Жұмағалиевке үш сауал қойған едік.

esenzhol

1. – Конституция – құқықтық жүйенің негізі. Біздің елдегі конституциялық реформа тек Қазақстан Конституциясының өзгеруін ғана емес, сайлау заңнамасындағы ерекшеліктерді де қамтиды. Ендеше, сайлау заңдылығына енгізілген өзгерістер туралы толығырақ айтып берсеңіз…

2. – Саяси науқан кезінде сайлау заңнамасы бұзылған жағдайда азаматтар кімге шағымдана алады және бұған дейінгі додаларда осындай оқиғалар орын алды ма? Орын алған жайттардан мысал келтіріп, мәселенің қалай шешімін тапқанын айтып өтсеңіз…

3. – «Әр дәуірдің заңы басқа» демекші, әр кезеңнің өз Конституциясы болуы заңдылық. Қазіргі қолданыстағы конституциялық өзгерістер жаңарған Қазақстан құруға бағытталғаны ақиқат. Ата Заңға тағы өзгеріс енгізу қажет болған жағдайда Сіздің ұсынысыңыз қандай болар еді?

– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті. Ел Конституциясын жаңарту жөніндегі жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындыларын іс жүзінде іске асырудың жалғасы ретінде 2022 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы болды. Сондай-ақ Президент ұсынған сайлау науқандарының кестесіне сәйкес былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі жаңа сайлау қағидалары мен нормалары енгізіліп, биылдан бастап аралас сайлау жүйесіне көшті.

Барлық деңгейдегі өкілді органдарға аралас сайлау жүйесі мен бір мандатты округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына айналды. Сонымен қатар, Парламент Сенатындағы Президенттік квотаны 10 депутатқа дейін азайту, Мәжіліс депутаттарын 98-ге дейін қысқарту, төменгі палатаны пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайлау, депутатты кері қайтару жүйесін енгізумен ерекшеленеді.

Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өтті. Атап айтсақ, бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша – 69 депутат, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды.

Облыстық мәслихаттарға депутаттық корпустың тең жартысы мажоритарлық жүйе бойынша, 50%-ы партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалалық және аудандық депутаттар корпусына үміткерлер толығымен мажоритарлық дауыс беру жүйесі бойынша өтті.

Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына және мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы келесідей:

1) партиялық тізімдер бойынша сайланатындар;

2) бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатындар – саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары, өкілдіктері), егер тиісті өкілеттік жарғыда көзделген жағдайда және азаматтардың өзін-өзі ұсыну тәртібімен.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға қойылатын бірыңғай талаптар – мемлекет аумағында соңғы 10 жылда тұратын, 25 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс.

Мәслихат депутаттығына кандидаттарға қойылатын бірыңғай талаптар – 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихатының депутаттығына заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сыбайлас жемқорлық қылмысы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сот мойындаған адам кандидат бола алмайды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларына сәйкес саяси жүйені жетілдіруге бағытталған реформалар жалғасып, биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтпекші. Бұған Атырау облысында пилоттық режимде 5 қарашаға тағайындалған Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімдерін сайлау науқаны басталғанын атап өткім келеді.

– Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде азаматтардың өтініштерін тіркеу журналдары болады. Сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы өтініштерді тіркеуге арналған журналын тиісті қалалық немесе аудандық сайлау комиссиясына тексеру үшін жолдайды. Сонымен қатар, сайлау учаскесінің үй-жайында жалпыға бірдей танысу үшін жоғары тұрған сайлау комиссияларының, соттар мен прокуратура органдарының телефондары мен мекен-жайларының тізімдері ілінеді.

Сайлаушылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, байқаушылар сайлау барысында сайлау заңнамасының бұзылуы анықталса, оны жою үшін учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына жүгінуге құқылы. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы заң бұзу фактісін жоймаса, сайлаушы, кандидаттың сенім білдірілген адамы, байқаушы жоғары тұрған сайлау комиссиясына жүгіне алады. Сайлау комиссиялары сайлау заңнамасын бұзу туралы өтініштер келіп түскен кезде жоғары тұрған сайлау комиссиялары көрсетілген фактілерді тексеру туралы шешім қабылдайды.

Сайлау барысында жоғары тұрған сайлау комиссиясына келіп түскен өтініштер бойынша шешімдер комиссияға өтініш келіп түскен сәттен бастап үш күн мерзімде, ал сайлау күні дереу қабылданады.

Егер өтініштердегі фактілер қосымша тексеруді талап еткен жағдайда, шешім өтініш келіп түскен күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей қабылданады.

Жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтініштің мәні бойынша дербес шешім қабылдауға, қажет болған жағдайда төмен тұрған комиссияның шешімінің күшін жоюға немесе тоқтата тұруға құқылы.

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше шағымдану мерзімдері белгіленбесе, сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күн ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына, сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін сайлау комиссиясының шешіміне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтініш қарауға жатпайды.

Сайлау комиссиясында және сотта өтініштерді бір мезгілде қарау кезінде сайлау комиссиясы сот шешімі күшіне енгенге дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Сот келіп түскен өтініш және оны қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің заңды күшіне енгені туралы сайлау комиссиясына хабарлайды.

Дауыс беру күні сайлау учаскесінде орын алған заң бұзушылық бойынша бір мысал келтірейін. Бұған дейін бір сайлау учаскесінде дауыс берудi бастайтын уақыттан бұрын дауыс берушілерді қабылдап, сайлау жәшігінде сайлау бюллетеньдерінің барын байқаған байқаушылардың бірі сайлау заңнамасының бұзылғаны жөнінде өтініш жасаған. Нәтижесінде сайлау заңдылығына сәйкес сайлау учаскесінің жұмысы тоқтатылып, жәшіктегі сайлау бюллетеньдері жарамсыз деп танылды.

– Референдум – тікелей демократияның ең маңызды институты. Демократияның ең жоғары түрі – жалпыхалықтық ашық дауыс беру.

Бірінші референдум 1995 жылы сәуірде республика Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы, ал екінші референдум сол жылдың тамыз айында Қазақстанның жаңа конституциясының жобасы туралы өтті. Елдің Негізгі Заңына 80-нен астам бапта түзетулер Қазақстан Республикасының Парламентінің енгізуімен ғана қабылданды.

2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумда қазақстандықтардың өздері өзгерістер үшін дауыс берді, онда өлім жазасының түпкілікті жойылуы бекітілді, елдің Тұңғыш Президентінің мәртебесі туралы ереже алынып тасталды, Конституциялық сот (қолданыстағы Конституциялық Кеңестің орнына) қайта құрылды, ол азаматтардың өтініштері бойынша республика Конституциясына олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік актілерді сәйкестікке қарайтын болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыруды Конституциялық сотта айқындайды.

Конституцияның жаңа редакциясына енгізілген түзетулермен танысуға ыңғайлы болу үшін олар Конституцияның нақты тармақтары мен баптарын көрсете отырып, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ірі тарауларға бөлінді. Енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар өзара байланысты және бір мақсатқа бағынды. Бұл дегеніміз – суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің ролі мен мәртебесін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту үшін құқықтық база құру.

Осылайша, қабылданған конституциялық реформа азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуы мен саяси процестерді нақты демократияландыруды қамтамасыз етеді деп толық айтуға болады.

Жаңа өзгерістер енгізу үшін жаңадан қабылданған Конституция белгілі бір тәжірибеге ие болу керек. Қай баптарды қалдырып, қайсысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін жан-жақты түсіну керек. Сондықтан, менің ойымша, кез-келген өзгертулер мен толықтырулар енгізуге әлі уақыт жеткіліксіз деп ойлаймын.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button