ЖАЛҒАН ҚҰЖАТПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН
Былтыр күзде ОІІД миграциялық полиция басқармасының инспекторы болып жасаған Жомарт Көшалиев пен «Эллис Регион» ЖШС маркетологі Асылбек Сайфуллинді құрықтап, оларға үш жыл ішінде экс-банкирге жеті төлқұжат дайындап берді деген айып тағылған. Бұл құжаттар дайындалып жатқан уақытта олардың «иелері» елде болмаған да көрінеді. Қалалық сотта осы айыптау ісіне байланысты басқа да азаматтардың аты аталып, үкім оқылды. Сөйтіп, барлығы жеті адамға ҚР Қылмыстық Кодексінің пара алу, парақорлыққа ықпал ету, қызметтік жалғандық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылып, сот төрайымы Зәуре Қазақбай шығарылған үкімді жария етті.
Ол бойынша, Ж.Көшалиев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, оның полиция лейтенанты атағы да күшін жоятын болады. ІІМ миграциялық саясат комитетінің аға инспекторы Д.Күзембаева бірнеше рет пара алды деген айыппен 7 жыл екі ай мерзімге кесіліп, сот залында қолына кісен салынды. Бұдан басқа, ІІД миграциялық полиция басқармасының аға инспекторы Ж.Ысқақоваға, осы мекеменің аға инспекторы Г.Аязбаеваға, облыстық әділет департаментінің бөлім бастығы Қ.Қуановаға екі мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, соңғы екеуі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға ілігіп, жазадан босатылды. «Эллис Регион» ЖШС маркетологі А.Сайфуллин екі жылға, кафе администраторы Д.Исеева шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Құралай ОРАЗ.