Жарнама
Құқық

ЖАҢА ЗАҢ: ТАЛАП ҚАТАЙЫП, ТӘРТІП КҮШЕЙТІЛДІ

Кодекстердің негізгі мақсатымен таныстырған облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Сауғабаев  қылмыстық заңнаманы жаңғырту қазіргі заманға сай қылмыспен күресті күшейту, азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғау деңгейін арттырудың басым бағыты екенін атап айтты. 

Қылмыс пен жаза

Белгілі болғанындай, негізгі концептуалды өзгерістер қылмыстық кодекске енгізіліп, қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып қылмыстық жазаның екі түрі айқындалды. Қылмыстық кодексте барлығы 156 қылмыстық теріс қылықтың құрамы қаралған, оның ішінде 47 әкімшілік құқық бұзушылық санатынан ауысқан. Сыбайлас жемқорлық, пара алу қылмыстарын жасағаны үшін жауаптылық күшейтіліп және осы қылмыстарды жасап сотталған тұлғаларға белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

Сондай-ақ, экстремизм, терроризм әрекеттері және радикалдық идеологияны таратқаны үшін жауаптылық күшейтілді. Бұл ретте жаңа қылмыстық кодексте үштен жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын 172-бап («Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу») көзделген. «Осы бап бойынша жыл басынан бері Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік қызметі қазіргі уақытта шетелде жүрген облыстың сегіз тұрғынына қатысты сегіз қылмыстық іс қозғады. Бізде олардың Сирияда және басқа мемлекеттерде қарулы қақтығыстарға қатысып жүргендігі туралы айқын дәлеліміз бар. Тағы бір факт – Атырау облысының тұрғыны Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысқан. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол қазір Атырауда, қамауға алынған» — деді Б. Сауғабаев.

Брифингке қатысқан сотқа дейінгі сатыдағы қылмыстық процестің заңдылықтарын қадағалау басқармасының басшысы Балнұр Есенгелдиновтің айтуынша, кодексте 2020 жыл­ға дейінгі құқықтық саясат­тың тұ­жырымдамасында негізгі жұмыс­тардың бағыттары белгіленген. Соған сәйкес, сотқа дейінгі сатыда және сот инстанцияларында істерді қарауды жеделдету және жеңілдету жұмыстары әрі қарай жалғастырылады. Мәселен, жаңа нұсқадағы кодексте қылмыстық істі қозғау сатысы жойылған. Сонымен қатар, жаңа қылмыстық процесте сотқа дейінгі өндіріс қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздың түсуінен немесе тергеу амалынан басталады. Ал, барлық арыздар мен хабарламаларды сотқа дейін бірыңғай электрондық тергеу қызметі тіркейді. Сонымен қатар, «Айғақтарды сақтауға қою» және «Қашықтықтан жауап алу» институттары енгізілді. Кодексте іске қатысушы жаңа тұлғалар – процесс прокуроры және тергеу судьясы енгізілді. Облыста қылмыстық істер бойынша 11 процесс прокуроры тағайындалды. 

«Миранда ережесі» – жаңа жүйеде

Қылмыстық кодекстегі басты өзгерістердің бірі — «Миранда ережесінің» енгізілуі. Мұнда ережеге сай полиция қызметкерлері азаматтарды ұстау кезінде олардың құқықтары мен бостандықтарын оқуға міндетті.

«Шетел киноларынан көріп жүргендей полицейлер  азаматтарға кісен салу кезінде «Сіз үнсіздік сақтауға құқылысыз және сіздің айтқан сөздеріңіз сізге қарсы қолданылуы мүмкін» деген сөздер айтылады, осындай тәртіп бізде де көрініс тауып отыр» деп түсіндірді Б.Сауғабаев. 

Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, заңдардың сақталуына бақылау мен қадағалау жүктелген тергеу судьясы және процесс прокурорыинституты енгізілді.

Кінәні мойындау және ынтымақтастық туралы процессуалдық келісім жаңа институт болып танылады.  

Aдам құқығына  – айрықша назар

Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жаза өтеуші тұлғалардың құқығының сақталуын қадағалау басқармасының басшысы Кемел Иманғалиевтың айтуынша, жаңа қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың құқықтары мен міндеттері бөліп көрсетіліп, оларға  шара алу және көтермелеу қолданудың нақты механизмдері айтылған. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау тетігі прогрессивті жүйеде дамуда, яғни сотталғанның құқықтық жағдайы оның мінез-құлқындағы өзгерістеріне байланысты.

Ағымдағы жылдың ақпан айының 10 күніне қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің әкімшіліктерімен заңның кері күшінің әсерінен қайта қаралуға жататын 235 сотталғанға қатысты құжат сотқа жолданды, оның ішінде жаза мерзімін қысқартубойынша – 13, рецидивті алып тастау бойынша 75 құжат бар.

Жыл басынан бері жаңа критериялармен соттарға 147 сотталғанның шартты түрде босату және жазасын жеңіл түрге ауыстыру  туралы өтініштері жолданып,  соттармен шартты түрде босату туралы 30 өтініш қаралып, оның 16-сы қанағаттандырылды. Жеңіл жазаға ауыстыру туралы 69 өтініш қаралып, оның 34-і қанағаттандырылды.

Ал, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де істерді қарау процедуралары елеулі түрде жаңғыртылды. Тәжірибеге әкімшілік істі қысқартылған тәртіппен қарау өндірісі және айыппұлдарды төлеудің ынталандыру механизмі енгізіліп, тәртіп бұзған азаматтарға өз еркімен жеті күнге дейін айыппұл сомасының 50 пайызын төлеу мүмкіндігі берілді.

Әкімшілік заңнама ізгілендіріліп, жеке тұлғалар мен кіші бизнес субъектілері үшін айыппұл мөлшері 50 пайызға төмендеп, ескерту түріндегі әкімшілік жаза жеті пайызға өскен.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button